Қазақстан • 22 Маусым, 2018

Астраханьда Астананың 20-жылдығына арналған фотокөрме өтті

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астрахань мемлекеттік біріккен тарихи-архитектуралық мұражай-қорығында Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласының 20-жылдығына арналған «Астана – Ұлы Дала жауһары» атты фотокөрмесі өтті.

Астраханьда Астананың 20-жылдығына арналған фотокөрме өтті

Фотокөрме Астрахань қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Қорының күндері аясында өткізілді. Фотокөрменің салтанатты ашылу рәсімі жергілікті мұражайдың ең үлкен залында Астрахань облысының губернаторы Александр Жилкин, ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова мен  Қазақстан Республикасының Астрахань қаласындағы консулы Қанат Шеккалиевтің қатысуымен өтті.

Фотокөрменің қонақтары облыстың танымал мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлері, мәдениет және ғылым өкілдері, сондай-ақ Астрахань облысындағы қазақ диаспорасының өкілдері болды.

 «Астана – Ұлы Дала жауһары» фотокөрмесі алғаш рет үстіміздегі жылдың сәуір айында Ресей мен Испания астаналарында әлемдік қауымға таныстырылды. Мәскеуде фотокөрме сәуір айында өтсе, мамыр айында Санкт-Петербургте өтті. Жақын арада фотокөрме Лондон, Берлин, Париж және Бейжің қалаларында жалғасады.

Фотокөрме қонақтары Астананың әр түрлі ғимараттарының 60-тан астам фотосуреттерін тамашалай алды.  

Картиналар арасынан әлемдік бірегей мәдениет объектілерін көруге болады.  Олардың ішінде ғаламның 90 эпикалық ғимаратына енген Астананың басты бренді - «Бәйтерек», Астананың ЭКСПО-орталығындағы диаметрі 80 метр сфера нысанындағы ерекше ғимарат - «Нұр-Әлем», әлемнің ең әдемі 10 президенттік сарайларының бірі - Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақ Орда» резиденциясы. Сондай-ақ белгілі британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған елорданың бірегей құрылыстары: «Бейбітшілік және келісім сарайы» - Пирамида, Гиннестің рекорд кітабына енгізілген,  шатыр нысанындағы әлемдегі ең үлкен ғимарат - «Ханшатыр» сауда-ойын сауық кешені және «Назарбаев орталығы» бар.

Фотокөрме ұйымдастырушыларының айтуы бойынша, Астана - қазақ халқының мақтанышы, еліміздің жетістіктерінің жарқын мысалы, тәуелсіз мемлекеттің нышаны болып табылады. Биыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елорданы Астанаға көшіру туралы тарихи шешімінің қабылдағанына 20 жыл толады. Астананың дамуы бүкіл Қазақстанды түбегейлі өзгертіп, оны экономикалық тұрғыдан күшті, саяси тұрғыдан тұрақты мемлекет, жауапты және беделді халықаралық серіктеске айналдырды.

ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова: «Бүгін Астана - бейбітшілік пен келісім қаласы. Мұнда «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі,  әлемдік және дәстүрлі діндер Съезі, ЕҚЫҰ, ШЫҰ мен Ислам ынтымақтастық ұйымының Саммиттері, Астана экономикалық форумы, Н. Назарбаев қорының «Астана клубының» халықаралық сарапшылар кездесулері өтуде».  

Фотокөрме ҚР Тұңғыш Президенті Қоры мен Астрахань қаласындағы Қазақстан Республикасының Консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Астананың 20-жылдығына арналған фотокөрме Ресейдің ең көне облыстық мұражайы - Астрахань мұражай-қорығында тағы 2 апта өткізіледі, онда қала қонақтары мен тұрғындары Астананың таңғажайып құрылымдарын көре алады.  

ҚР Тұңғыш Президенті Қоры күндері аясында Қордың атқарушы директорының кеңесшісі  Әлия Қайшарова Астрахан облысы Үкіметі төрағасының орынбасары - Астрахан облысының Мәдениет және туризм министрі Галина Зотеевамен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сонымен бірге Қордың өкілдері «Жолдастық» қазақ мәдениетінің облыстық қоғамымен кездеседі және Астрахань облыстық Н.К. Крупская атындағы ғылыми кітапханасына барды. 

Сонымен бірге астаналық делегация қазақтың ұлы күйші-композиторы, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлына арналған кесене мен мұражай кешеніне барды.

Кездесулер барысында Н.Назарбаев қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын, Астананың 20-жылдығына арнлаған «A day in Astana» атты бірегей фотоальбомын, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне арналған «A day in Burabay» фотоальбомын, балаларға арналған «Тәтті алма» кітабын, Қордың әдеби байқауының жеңімпаздарының шығармалар жинағы «Алтын тобылғы» атты кітабын сыйға тарту етті.