Қазақстан • 24 Маусым, 2018

Мағжанның 125 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде кеңінен атап өтілді

1085 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

125 жылдық мерейтой қарсаңында түркітілдес мемлекеттер бойынша «Мағжан Жұмабаев жылы» жарияланды. Алдымен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бастамашылдығымен  айтулы іс-шара Түркияда бастау алып, зор құрмет көрсетілді. Одан кейін халықаралық Түркі академиясының тікелей атсалысуымен Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: түркі тілі–өткеннен келешеккке»  атты танымдық форум ұйымдастырылып,  Еуропа төрінде  ұлықталды.

Мағжанның 125 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде кеңінен атап өтілді

Рухани саладағы тың бастамалар түркішіл, тұраншыл, азат ойлы ақынның туған жерінде де жалғасып, өңірлік бағдарлама шеңберінде мәдени іс-шаралар жан-жақты жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Мерейтой шымылдығы ақын бір кездері еңбек еткен білім ордасында түріліп, жұртшылық белгілі кәсіпкер Біржан Шаймерденовтың демеушілігімен орнатылған мүсіннің ашылу рәсіміне ортақтасты. Осында өткен «Мағжан Жұмабаев және заманауи білім» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қасиетті Семей жерінен келген белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов,  халықаралық» Алаш» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, ғалымдар Шағангүл  Жанаева, Сабыр Сеңкібаев, Жанар Таласпаева, тағы басқалары сөйлеп, ақын шығармалары арқылы жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, педагогикалық мұраларын қазіргі білім беру жүйесіне қолдану,  идеяларын енгізу, «Мағжантану» зерттеу орталығын құру мәселелері төңірегінде ой-пікірлер алмасты.

Академик М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы скверде поэзия әлемінің жарық жұлдызына арналған еңселі қола ескерткіш тұғырына қойылып, ашылу рәсімінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, марқұмның туысы Ләйлә Жаңабаева  жылы лебіздерін арнады. Құмар Іргебайұлы өз сөзінде  бабалар есімі өшпейтінін, аманатына адалдық жалғаса беретінін атап өтті.  Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» көрмесі,  театрларда «Шолпанның күнәсі» және «Мағжанның  соты» спектакльдері тамашаланды.

Жергілікті архив қызметкерлері Мағжанның өз қолымен жазылған құжаттарды тауып, ауқымды зерттеулер негізінде екі томдық жинақ құрастырды. Бүгінде ақынның туған жері– Сарытомар ауылында  мәдениет үйі, мешіт, мұражай, фельдшерлік-амбулаториялық пункт, «Туған жер» қазақ ұлттық-мәдени орталығы   жұмыс істейді. Тұрғындардың 90 пайызы тұрақты жұмысқа  тартылған. Мерейтой алдында Молодежный  ауылдық округіне ұлы ақынның  есімі берілді. Молодежный елді мекені Жастар болып өзгертілді.  Аудан бойынша 92 көшенің атауы қазақшаланып,  Абылайхан, Төле би, Батыр Баян, Ахмет Байтұрсынов,  Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы,  Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов секілді біртуар тұлғалардың есімдерін иеленді.  Осыдан үш жыл бұрын жергілікті жолдардың 52 пайызы қанағаттанғысыз күйде болатын. Соңғы үш жылда  қалпына келтіру жұмыстарына 4 мииллиард, оның ішінде биыл  1,9 миллиард теңге бағытталды. Аудан орталығындағы бір мектепке Мағжанның атын беру, ескерткішін қою мәселесі жуырда шешіледі. Оның жанынан жұртшылық дем алатын аллея мен спорт ғимараты  салынып, кешенді орталық бой түзейтін болады.

Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Монғолия, Қырғызстаннан, еліміздің әр қиырынан жиналған  арнайы делегациялар мен құрметті меймандар шоқ-шоқ қайыңдар баурайында  жағалай тігілген  ақ шаңқан киіз үйлер мен этноауылға  тамсана көз тастап, Мағжан рухын сезінгендей болды. 

Осындағы салтанатты рәсімді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы кіріспе сөзбен ашып, Мемлекет басшысының  мерейтойға арналған Құттықтау хатын оқып берді.

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі әлеміне ортақ тұлға туралы тебірене толғанды. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, айтулы шаралар атқарылғанын, оның ішінде  көрнекті тұлғалардың, айтулы ғалымдардың,зерттеушілердің қатысуымен Анкара мен Кастамону қалаларында атап өтілуін ерекше оқиғаға балады.  Өткен ғасырдың 20-шы жылдары жүздеген мың түрік шейіт болған «Чанаккале» қасыретіне ортақтасып, «Алыстағы бауырыма» деген атақты өлең  жазып, қаражат жинау ісіне белсене араласқан қайреткерлігі еш ұмытылмайды, деді.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ғұннан туған, күннен туған ақиық ақынның шығармаларына  түркі жұрты ерен қызығушылық танытып отырғанын, отты өлең-жырларын  еркіндіктің, азаттықтың символы ретінде қабылдайтынын, бұл орайда академия көптеген шараларға мұрындық болып жүргенін әңгімеледі. Париж төрінде  ұйымдастырылған айтулы басқосу  Елбасы белгілеп берген рухани жаңғыруымыздың халықаралық деңгейдегі айтулы шарасы болды. Онда ұлттық, рухани құндылықтарымыз әлемдік деңгейде танылып,  Мағжанның бірнеше тілдерге аударылған өлеңдер мен поэмалардың  тұсаукесері үлкен  әсер қалдырды. Бірінші рет ағылшын тіліне тәржімаланды. Д. Қыдырәлі әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған кітаптарды аймақ басшысына тарту етті.

Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Смағұлов министр Арыстан Мұхамадиұлының құттықтау лебізін  жеткізді. «Ресей федералдық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» жалпыресейлік қоғамдық ұйымының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев, Баку мемлекеттік университетінің професоры  Аскер Рамиз өздерінің жүрекжарды сезімдерімен бөлісті.

Жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы қазақ эстрадасының жұлдыздары  Алтынай Жорабаева мен Досымжан Таңатаровтың әуелеген әндеріне ұласты.

Бәйге мен балуандар бәсекесі той мерейін аша түсті. Аламанға тігілген жеңіл көлік М. Жұмабаев ауданының желмен жарысқан  жүйрігі «Василектің» қанжығасына байланды. Екінші жеңіл көлікті  түйе балуан бәсекесінде қарсылас шыдатпаған Мұхит Тұрсынов иеленді.

Ақынның мерейтойы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де өтетін «Мағжан Жұмабаевтың мұрасы және руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен және «Мағжан көктемі» бесінші республикалық өнер фестивалі жалғасады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»