Әдебиет • 25 Маусым, 2018

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық тойы ақынның туған жерінен басталды

1705 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстаннан, еліміз­дің әр қиырынан жиналған арнайы делегациялар мен құрметті мейман­дар шоқ-шоқ қайыңдар баурайында жағалай тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен этноауылға тамсана көз тастап, Мағжан рухын сезінгендей болды. Осындағы салтанатты рәсімді облыс әкімі Құмар Ақсақалов кіріспе сөз­бен ашып, Мемлекет басшысының мерейтойға арналған құттықтау ха­тын оқып берді.

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық тойы ақынның туған жерінен басталды

Поэзия әлемінде мәңгі сөнбес жұлдыз

«Мағжан – тек Қазақстанға ғана емес, барша түркі жұртына кең танымал ақын.Оның терең философиялық, асқақ азаматтық, нәзік лирикалық сарында жазылған бірегей туындылары бүгінгі буынға үнемі рухани нәр беріп келеді.

Мағжан Жұмабаев – халқының бостандығы үшін күрескен тұғырлы тұлға. Ол «Шолпан», «Сана» журнал­да­рындағы, «Бостандық туы», «Ақжол» газеттеріндегі белсенді қыз­меті арқылы ағарту ісіне де зор үлес қосты. Небәрі 44 жыл ғана ғұмыр кешіп, репрессия құрбанына айналған ақынды зұлмат заманның саясаты елдің есінен шығара алған жоқ.

Тәуелсіздіктің арқасында халқы­мен қайта табысқан арыстармен бірге Мағжан мұрасы ортамызға оралды.Туған өңірдегі ауданға есімі беріліп, шығармалары отандық әдебиеттің алтын қорына қосылды.

2018 жыл ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жарияланды. Ақын мерейтойының ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде атап өтілуі-оның ұлттың ауқымынан әлдеқашан шығып, әлемдік деңгейде ұлықталуының айқын көрінісі.

Рухани жаңғыру арқылы тарихын түгелдеп жатқан Қазақстан халқы Мағжан сынды біртуар перзентінің есімін мәңгі есте сақтайтын болады»  – делінген Елбасы құттықтауында.

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйы­мы­ның Бас хатшысы Дүйсен Қасейі­нов түркі әлеміне ортақ тұлға туралы те­бі­рене толғанды. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, айту­лы шаралар атқарылғанын, оның ішін­де көрнекті тұлғалардың, айтулы ғалымдардың, зерттеушілердің қаты­­суымен Анкара мен Кастамону қалаларында атап өтілуін ерекше оқиғаға балады. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары жүздеген мың түрік шейіт болған «Чанаккале» қа­сі­ре­тіне ортақтасып, «Алыстағы бауырыма» деген атақты өлең жазып, қаражат жи­нау ісіне белсене ара­ласқан қай­рет­керлігі еш ұмы­тыл­майды, деді.

Халықаралық Түркі академия­сы­ның президенті Дархан Қыдырәлі өз сөзінде Елбасының жарлығымен Түркістанның облыс орталығына айналып, облыс атауын иеленуі қасиетті Түркістанды ең көп жыр­лаған Мағжанға тұрғызылған ең үлкен ескерткіш болғанын атап көр­сетті. Ғұннан туған, күннен ту­ған ақиық ақын шы­ғармаларына түркі жұрты ерен қызығушылық та­нытып отырғанын, отты өлең-жыр­ларын еркіндіктің, азат­тық­тың символы ретінде қабыл­дай­­тынын, бұл орайда академия көптеген шараларға мұрындық болып жүргенін әңгімеледі. Париж төрінде, ЮНЕСКО-да Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған бас­қосу Елбасы белгілеп берген ру­хани жаңғыруымыздың халық­ара­­лық деңгейдегі айтулы шарасы болды. Онда ұлттық, рухани құн­ды­лықтарымыз әлемдік деңгейде та­ны­лып, Мағжанның бірнеше тіл­дер­ге ауда­рылған өлеңдері мен поэ­ма­лары­ның тұсаукесері үлкен әсер қал­­ды­р­ды. Д.Қыдырәлі әлемнің бір­неше тіл­деріне аударылған осы кі­тап­тарды ай­мақ басшысына тарту етті.

Еңселі ескерткіш ашылды

Поэзия әлемінің жарық жұлды­зы­на арналған еңселі қола ескерткіш академик М.Қозыбаев атындағы Сол­­т­үстік Қазақстан мемлекеттік уни­­­вер­ситеті жанындағы скверде тұ­ғы­­­рына қойылып, ашылу рәсімінде ай­мақ басшысы Құмар Ақсақалов, Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Ұлықбек Есдәулет жылы ле­біздерін арнады. Құмар Ірге­бай­ұлы өз сөзінде бабалар есімі өшпей­ті­нін, ама­натына адалдық жалғаса бере­ті­­нін атап өтті. Облыстық тарихи-өл­ке­тану мұ­ражайында «Ұлтын сүй­­ген ұлы жүрек» көрмесі, теат­р­­лар­да «Шол­панның күнәсі» және «Мағ­жан­ның соты» спектакльдері та­машалан­ды.

«Сыршылдығымен, суретшіл­ді­гі­мен, сөзге еркіндігімен, тапқыш­ты­­ғымен, маржандай тізілген, тор­ғын­­дай үлбіреген нәзік үнді күйі­мен, шер­лі, мұңды зарымен күшті» «ақын­дардың ақыны» дәл биылғыдай төрткүл дүниеге де, атамекеніне де дәл осылай танылмағаны анық.

Биыл түркітілдес мемлекеттер бойынша «Мағжан Жұмабаев жылы» жарияланды. Алдымен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бастамашылдығымен айтулы іс-шара Түркияда бастау алып, зор құрмет көрсетілді. Одан кейін халықаралық Түркі академиясының тікелей ұйыдастыруымен Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: түркі тілі – өткеннен келешеккке» атты танымдық форум ұйымдастырылып, Еуропа төрінде ұлықталды. Рухани саладағы тың бастамалар түркішіл, тұраншыл, азат ойлы ақынның туған жерінде де одан әрі жалғасып, өңірлік бағдарлама шеңберінде 400-ге жуық мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Ширек ғасыр бедерінде Коммунистік даңғылы Мағжан атына ауыстырылғанын, аудан колледж, мектептерге есімі берілгенін, бірнеше ескерткіш пен мүсін тұрғызылғанын, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылғанын, «Мағжан» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналы жарық көретінін, көптеген өлең жинақтары шығарылғанын, мемориалдық-мұражай ашылғанын, «Мағжан көктемі» республикалық фестивалі, оқушылардың шығармашылық сайысы дәстүрге айналғанын, биылдың өзінде «Мағжан» энциклопедиясы, екі ғылыми кітап, бірнеше өлеңдер жинағы жұртшылық қолына тигенін айтсақ, олардың ішінде ең айтулысы, шоқтығы биігі ретінде ақын бір кездері еңбек еткен білім ордасында мүсіннің орнатылуын айтар едік.

Біз мерейтой барысында Мағжанның шығармаларын індете зерттеп, өзге тілдерге тәржімалаумен шұғылданып жүрген шетелдік қонақтармен сұбаттсқан едік.

Акбар РЫСҚҰЛОВ, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Біз халықаралық ««ТҮРКСОЙ» қоғамы және Түркі академиясы шеңберінде қазақстандық ақын-жазушылармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін Мағжанның бірді-екілі өлеңдерін қырғыз ақындары аударып келген. Мен де қал-қадірімше атсалысқанмын. Бірақ жеке жинақ түрінде шықпаған екен. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен 80 шақты өлеңі мен «Батыр Баян» және «Қорқыт» дастандарын қотарып, «Арыстан айбаты» деген кітапқа топтастырдым. Нұрлан Қалыбеков та бір жинақ бастырды. Ол осында жүр. Түркі академиясының қолдауымен Бішкекте арнайы іс-шара өткіздік

 Бұл салада Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлу өте өнімді еңбек етіп жүр. Оның Мағжанды ағылшын тілінде «сөйлеткен» айтулы еңбегі «Мағжан Жұмабаев–азаттық пен махаббат отының ақыны» деп аталады. Биыл Түркі академиясының қолдауымен үш кітап шықты.

 Мұзафар АХМАТ, Өзбекстанның халық шайыры, «Достық» орденінің иегері:

– Мағжан жырларын аударғаным үшін халықаралық Түркі академиясының күміс медалімен марапатталдым. Бұл–мен үшін үлкен мерей. Жинақтың тұсаукесер рәсімін Ташкентте жоғары деңгейде өткіздік. Мағжанның өлеңін алғаш рет осыдан жиырма жыл бұрын тәржімалаппын.

Менің бабам Ахмат сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, атылған. Тағдыры Мағжанмен ұқсас болғандықтан ба, жүрек тебірентерлік лирикасына тереңдей бойлап, тұпнұсқадан ауытқымауға тырыстым. Алдағы мақсатым–толығырақ аудару. Абайдың да өлеңдерін тәржімалап қойдым. Жеке жинақ етіп шығару ойымда бар.

Биыл алтай, әзірбайжан, моңғол, түрік, тағы басқа сегіз тілде әзірленген біріккен жинақ та жарық көрді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы.

 Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.