Аймақтар • 25 Маусым, 2018

Мәулен Әшім­баев ІТ-орталық жұмысымен танысты

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшім­баев Алматы облысы­на жұмыс са­парымен келіп, аймақта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқа­ры­лып жатқан жұмыс барысымен таныс­ты.

Мәулен Әшім­баев ІТ-орталық жұмысымен танысты

Nurotan.kz

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жолында қолға алынған шаралардың көш басынан табылатын «Нұр Отан» партиясы аймақтарда ІТ-сынып пен ІТ-орта­лық ашып, жастарды цифрлы ортаға бейім­деу мен оқыту жұмыстарын бастады.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Талдықорған қаласында ашылған осындай арнаулы орындардың жұмысымен танысты. Сапар барысында ол облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге бірқатар әлеуметтік нысандарда да болып, партияның облыстық активімен кездесті. Бұған дейін Талдықорған қаласындағы Агротехникалық және Политехникалық колледждердің базасында екі ІТ-орталық ашылып, онда ынталы жастар тегін білім алуды бастап кеткен еді. Ал жақында тағы бір орталық Оқушылар сарайында ашылды. Бұл орталықта жыл соңына дейін 1000-ға жуық мектеп оқушысы STEM оқыту жүйесі бойынша заманауи бағ­дар­ламалау тілдерін үйреніп, тегін білім алады.

STEM оқыту бағдарламасын «Болашақ» бағдарламасының түлектері, бір топ өнер­тапқыштар ойлап тапқан. Бұл бағдарлама бойынша балалар командалық жұмыс бойынша тәжірибелерін шыңдап, ғылыми-техникалық білімді шынайы өмірде қолданудың қыр-сырын меңгереді. Бүгінде бұл бағдарламаға бірқатар шет мем­лекеттер де қызығушылық танытып отыр. Тіпті жобаның үлгілерін сатып алуға АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Аустралия, Қытай, Оңтүстік Корея және Израиль елдерінен ұсыныс түсіп жатыр. Жалпы Жетісу жерінде балаларға арналған оқу орталығының саны көбейіп, алдағы үш жылда 62 осындай сынып пен робот техникасына арналған 19 кабинет ашылмақшы.

– Қазіргі кезде технологияның қарқынды дамуына байланысты кейбір мамандықтар өзінің маңыздылығын жоғалтып, тіпті бірқатары мүлдем жойылуда. Ал керісінше ІТ саласының білгірлеріне деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Сондықтан біз жастарымызға болашағы бар мамандықтарды оқытуды қолға алдық. Мұндай жобалар арқылы партия «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыратын білікті мамандар даярлап, оның тиімді орындалуына да өз үлесін қоспақ, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев Оқушылар са­райында ашылған орталықтың жұмысымен таныса келе.

Партия Төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, алдағы үш жылда елімізде тегін білім беретін 1000 ІТ-сынып ашу жоспарда тұр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жоба бойынша жылына 150 мың бала оқытылады. Ал арнаулы білім беретін оқу орындарында білім алып жатқан жастардың ІТ-мамандықты терең игеруіне жан-жақты қолдау жалғаса береді. Сондай-ақ еліміздегі жұмыссыз жастардың да жаңа мамандыққа бейімделуі тегін жүзеге аспақшы. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы қолдау көр­сетеді. Бұл жөнінде партия мен палата арасында екіжақты келісім бар екен.

Талдықорғандағы сапары барысында Мәулен Әшімбаев өңірдің кәсіпкерлерімен кездесіп, партия тарапынан кәсіпкерлік саланы қолдау мәселесін сөз етті. Өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлер партияның шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қолға алған Бірыңғай геоақпараттық онлайн сервис порталын құру бастамасы туралы пікірлерін білдіріп, бұл жоба коммер­циялық жер телімдеріне қатысты сыбайлас жемқорлықтың айтарлықтай азаюына және аталған жұмыстардың ашық әрі әділ жүргізілуіне үлкен септігін тигізетініне сенім білдірді.

– Кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі шағын және орта бизнес екені белгілі. Мемлекетке түсетін салық пен жұмыс орындарының саны жағынан да бұл саланың маңызы зор. Осы бағытта Алматы облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырмыз. «Нұр Отан» партиясы да Елбасының тікелей тапсырмасымен бірқатар нақты жобаларды қолға алды. Соның аясында коммерциялық мақсаттағы жер телімдері бойынша кәсіпкерлерге қажетті барлық ақпараттар қолжетімді болатын бірыңғай портал құрылады, – деді Мәулен Әшімбаев кәсіпкерлермен кездесуде.

Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасының облыстық жобалық кең­се­сінде бо­лып, оның жұмысымен танысты.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы