Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Астана. «Егемен Қазақстан». 1998 жыл, 10 маусым

1679 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлы оқиғаның табалдырығында тұрған Қазақстан халқы сол күні Астананың тұсаукесер рәсімін атап өтті

Астана. «Егемен Қазақстан». 1998 жыл, 10 маусым

Ардагер журналист, Қазақстан полициясының зейнет демалысындағы полковнигі Сәтімбек Рыспаевтың Алматыдағы бөлімшеге арнайы ат басын бұруы осындағы тілшілер қауымын мәре-сәре етті. Сәтімбек ағамыз қолына осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1998 жылдың маусым айының 10-ны күні Алматыдағы «Дәуір» баспасынан қалың борлы қағазбен шыққан «Егемен Қазақстан» газетінің мерекелік сирек нөмірін қысып ұстап алыпты. Ол кезде қазіргідей емес, арнайы жылтыраған борлы қағаз болмаса, барлық бетті түрлі-түсті суретпен көмкеріп шығару мүмкін емес. Күнделікті басылымға қосымша шығарылған бұл арнайы нөмір 1 мың данамен ғана басылыпты. – Ішкі істер министрлігі Ақпараттық орталығының жетекшісі қызметін атқарған сол жылдары «Егемен Қазақстан» редакциясымен тұрақты байланыста жүрдім. Астананың туған күніне арналған мерекелік нөмірдің шектеулі таралымы осылай сәнделіп басылып шықты, соның бірі менің архивімде сақталыпты, – деген Сәтімбек ағамыз жәдігердей көрінген газет нөмірін Астананың 20 жылдық мерекесіне орай бөлімшеге арнайы алып келгенін айтты. Кәнеки, ендеше, ақсақал алып келген айшықты мерекелік нөмірдің арнайы шығарылымын парақтап жіберелік!

Газеттің бірінші беті «Армысың, Алаштың Ақ қаласы, Ғасырдың ғала­мат астанасы!» деген жыр шума­ғы­­мен айдар тағынып ашылыпты. Қазақстан картасына жаңадан енген «Астана» жазуымен айшықталған пано­рамалық суретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың адымдай басып жүріп келе жатқан бейнесі бар, сол тұста «Астананың халқымыздың мақтаныш ететін қала боларына, жиырма бірінші ғасыр архитектурасымен тұрғызылатын жаңа ордамыз боларына күмән жоқ» деген қанатты сөзі жазылған! Президент Ақордасы жай­ласқан бұрынғы облыстық партия комитетінің ғимараты мен Парламент Үйіне айналған бұрынғы облыстық ке­ңес­тер үйінің мүмкіндігінше әрлен­ген сұлба-суретін қазіргі өлшем-тара­зы­сымен салмақтап көру де қызықты әсерде қалдырады. Қалай дегенде де Қазақстанның жаңа астанасының бола­шақ жөн-жобасы мен бағыт бағ­дар­ламасы осы ғимараттардың ішін­де қолдау тауып, жүзеге асқаны ақиқат-ты. Халық жазушысы Шерхан Мұр­тазаның (ол тұста Шерағаң «Еге­мен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижанның кеңесшісі қызметін атқарады) «Дәуір дауысы немесе Ақмоладан Астанаға дейін» деп аталатын пубицистикалық толғауы 2-ші бет пен 4-ші бетті еңсеріп алыпты. Сөз зергері ел астанасының кешегісі мен бүгінгісін қара сөзбен жырлай кеп, оның көкжиек кеңістігіне, батыл болашағына салмақты барлау жасаған. Толғауды тебіренбей оқу да мүмкін емес. Бір кездегі КСРО басшысы Хрущевтің Целиноградқа кел­ген сәтінде жағымпаз партия функ­ционерлерінің мемлекет басшы­сын қала маңындағы фермадағы Хрущев деген шошқа бағушымен жүздес­тір­генін мысқылмен түйреп, қызықты етіп жазған Шерхан Мұртазаның кейін­гі жылдар кезеңінде Ресей тағына отырған Ельциннен халықаралық пресс-конференция үстінде алған сұх­баты да жан дүниеңді дүр сілкінтеді. 

«Ол кезде «Егемен Қазақстанның» бас редакторы едім. Ельцинге сұрақ қойдым. 

– Аса құрметті Борис Николаевич! Ресейдің Сіздің алдыңыздағы Прези­денті Қазақстанның солтүстіктегі 5 облысын Ресей Федерациясына қосу туралы әрекет керек екенін айтып кетті. Сіз осы пікірді қолдайсыз ба, жоқ па?

– Ешқашанда қолдамаймын! – деп Ельцин қатты айқайлап жіберді. – Ресейдің Қазақстанға ешқандай тер­ри­ториялық талабы, дауы жоқ!» деп естелік жазған қаламгер аға одан әрі қоғамның көз алдында қазір өтіп жатқан Ұлы өзгерістерге былай баға береді. «Таяуда Астанаға барып қайттым. Қаланың қақ ортасындағы Парламенттің он алты қабат биік үйі­нің төбесіне лифтімен көтеріліп, жан-жағыма көз салдым. Айнала қым-қуыт қызған жұмыс. Астана жа­­ңадан салынып жатыр, ескі­лері жаңа­рып жатыр. Егер бүкіл Қазақстан дәл осындай қарқынмен жұ­мыс істе­се, шіркін, республика тез-ақ өркен­деп кетер еді-ау деген ой келді. Астана­ның қазағы да көбейе бас­тап­ты. Тәубе дедім. Хрущевтар, Горбачевтар енді әкіреңдеп тепсіне алмас дедім. Солтүстіктен шаншудай қадалатын суық ызғар да жұмсарған сияқты. Бұрынғыдай бүгежектеу жоқ. Адамдардың кеудесі керік, бастары тік. Қайда қарасаң да Көк Ту биіктен-биіктен желбірейді. Әрине тырнақ астынан кір іздеген адамға олпы-солпы әр жерден-ақ табылады. Бірақ оның бәрі ретке келетін болғандықтан ұсақтап, қазбалап жату қажетсіз. 

Бүгін – Тұсаукесер тойы. Аршындай бер, адымдай бер, Астана!»

Ұшқыр уақыттың жылдамдығында шек жоқ. Шерағаңдар бүгіндері «Бәй­теректің» биігінен айналаға көз салса, талай сыр ашып, талай шер тарқатар еді, шіркін!.. Мереке­лік нөмірдің «Пікір пайымы» айдарының авторлары мен айтқан пікірлерінің өзі жатқан бір тарих парақтары дерсің. Еліміздің та­рихы, «Егемен Қазақстанның» тари­хы! Парламент Мәжілісінің депутаты Өмірбек Жолдасбеков, Сенат депутаты Биғали Қаюпов, Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев, Жо­ғарғы Сот төрағасы Мақсұт Нәрікба­ев, Қазақстанның Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Дүкенбай Дос­жан­ның мерекелік тілектері халық мүд­десі үшін болашақты меңзеген дербес шешімді келер ұрпақ құрметпен еске алып, баға берері анық деген тұжы­рым жасайды. Ел рәміздерін Астанаға алып келу міндетін атқарған Қазақ­станның Республикалық Ұланының қолбасшысы генерал-лейтенант Сәт Тоқпақбаевтың «Елбасының бұйрығын мүлтіксіз орындап, қасиетті Көк бай­ра­ғымызды әкеліп, Қазақстанның дәл ортасындағы жаңа астананың төрі­не тіккен кездегі тарихи сәтті ешқа­шан ұмытпаймыз» деуінің өзі де сол кездегі жауапты күндердің жауапты сәттерін айғақтап тұрғандай.

«Тарих: Төрттаған» айдарымен басылған Халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың 1926 жылғы Қазақ авто­но­миялық республикасының астанасы Орынбордан Ақмешітке көшіп келу тарихы туралы қалам тербеген «Сыр сәукелесі» атты мақаласы, Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің газет тілшісіне берген «Ғасыр айрығындағы Астана» атты сұхбаты, Кәкімбек Салықовтың жыр-шашуы мен өзге де «Өмір-өзен», «Ақ бата», «Үш ұрпақ үндесуі», «Астана-дерек» және басқа да айдарлар бойынша да оқитын қызықты материалдар молшылығы оқырманын жалықтырмайды.
Жас тілші Ғабит Мүсірептің «Бас қаланың айнасы – қаланың әуе, темір жол, автомобиль қақпалары – бекеттері» атты суреттерімен салынған мақаласына зер сала отырып, шарықтай жылжыған заман көшіне шаттана куә боласыз. Әсем Астананың қонақтарын қабылдайтын жолаушы бекеттері күні кеше осындай ғимараттар болды дегенге дәл бүгін сенгің де келмейтін сияқты! 

Айтпақшы осы жолдар авто­ры­ның – газет тілшісінің, 7-ші бет­тегі «Астанаға ғарыштан сәлем жолдай­мын!» атты ғарышкер Талғат Мұса­ба­ев­-
тан алған сұхбатының қызықты бір сы­рын бүгін жариялаудың орайы келіп тұр­ғанын қараңызшы! Ол – интернет­те­гі электронды пошта дегеніңіздің жаппай қолданыста жоқ кезі еді. Ға­рыш­та самғап жүрген «Мир» стан­са­сы­ндағы 25-ші халықаралық (құра­мында америкалықтарды қосқанда 9 ғарышкер бар) экспедицияның ко­ман­­дирі Талғат Мұсабаевқа сауал жол­дағанбыз. Қазақстанның ұлттық аэро­ғарыш агенттігінен, электронды пош­та арқылы! Мерекелік нөмір дайын болуға екі күн қалғанда берілген сауалдарға ғарыштан e-mail арқылы жауап келді... Қызық! Ол кезде соның өзі БАҚ әле­мін­де айрықша бір жаңалықтай көрін­ген! Нөмір шыққан күні – Астана тұ­сау­кесерін тойлап жатқан сол күні халықаралық экипаждың командирі Тал­ғат Мұсабаев Қазақстанның үсті­нен ұшып бара жатып тойға шашу ре­тінде Президентпен сұхбаттасты, әйгілі әнші Нұрлан Өнербаевпен қосы­лып «Ауылым» әнін шырқады.

Сөз соңында Астананың 1998 жыл­ғы 10 маусымдағы тұсаукесеріне ар­нал­­ған «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Уәлихан Қалижанның бас­шы­лығымен сол бір мерекелік нө­мі­рін дайындағандардың тізімін кел­тіргенді де жөн санадық. Олар – Ержұман Смайыл, Шерхан Мұртаза, Мамадияр Жақып, Мейрамбек Төлепберген, Серік Жұмабекұлы, Талғат Сүйінбай, Рүстем Жұмекен, Қонысбай Шежімбай, Нұршагүл Әшімбаева, Жамалдин Ахметов, Адай Әбділда, Шахан Сәбек, Геннадий Морозов болатын...

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ