Футбол • 26 Маусым, 2018

Әлем чемпионаты-2018. Шешуші сәт жақындады

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем чемпионатында көптеген командаларға нағыз сыналар тұс – топтық кезең. Жалпы, көптеген турнирлерде топтан шыға алмай қалып, аяқ астынан сәтсіздікке ұшырайтын фавориттер болады. Биыл ондайлардың да қатары көп. Сонымен, плей-офф кезеңдеріне кімдер өтуі мүмкін? 

Әлем чемпионаты-2018. Шешуші сәт жақындады

Топтық кезеңнің алғашқы қызығы 1-турда басталып еді. Германия жеңіліп, Бразилия сүрініп, Аргентина қиындықтарға тап болды. Леонель Месси бас­таған жігіттер тіпті 2-турда да сәт­сіздіктен арыла алмады. Хор­ватиядан 0:3 есебімен жеңілді. Қал­ған екі фаворит – Испания мен Пор­тугалия бір-бірімен тең түсіп, екінші ойындарында 3 ұпайдан иемденді. Ал плей-оффқа ерте бастан шыққан Ресей мен Уругвайдың жағдайы жақсы. Кейіннен оларға Хорватия мен Франция қосылды. Енді бұл тізімге тағы кімдер қосылады?

«С» тобында Франциядан кейінгі орыннан Данияның дәмесі зор. Оған бәсекелестік танытып тұрған Аустралия ғана. Себебі Перу екі ойында жеңіліп, келесі кезеңге шығу мақсатынан айырылып қалған. Бірақ перуандықтар соңғы матч­ты жанкүйерлер үшін, ел үшін ойнаймыз десе Аустралияның апшысын қуырары анық. Ойын мәнері мен жылдам шабуылы көрерменді тәнті етті. Тек өздері Данияға қарсы ойында пенальти соға алмай, сорлап қалды. Енді соның зардабын тартып, Отанға оралғалы отыр. Болжам бойынша Перу Аустралиядан жеңілмейді. Дания Франциямен тең түссе, екінші орынды иемденіп, жарысты одан әрі жалғастыра береді. Бұл – топтағы 3 команданы да қанағаттандыратын нұсқа. Демек, көпшілік осылай қаласа, оған Аустралия қайратсыз ойынымен қарсылық білдіре алмас. 

Аргентинаның келесі айна­лымға өтуі тек өзіне ғана байланысты емес. Ең ауыры осы болып тұр. Алайда егер шабуыл шебіндегі жігіттер топырлатып көп гол соқса, онда «албиселес­те» командасы келесі айналымға өтеді. Аргентинаны құртып тұрған доп айырмасы. Демек, Исландия Хорватияны 1:0 есе­бімен жеңсе, Аргентина Ни­герияны 2:0 есебімен ұтуы тиіс. Бірақ одан кейін көр­сеткіштер бірдей болып қалып жатса, сары қағаздар саны есептеледі. Дибала, Месси, Игуаин, Агуэро секілді жігіттерге мүм­кіндік болса гол соға бергені дұрыс. Оның үстіне 3-турдың ойынд­ары паралель, бір уақытта өтіп жатады. 

«Е» тобындағы шиеленістің де шырмауы қатты. Өткен жолғы біріншілікте атой салған Коста-Рика ешқандай шарасыз қалды. Екі ойында жеңіліп, енді үшінші матчқа күш салмақ. Егер соңғы турда Коста-Рика Швейцарияны жеңіп кетсе, онда келесі кезеңге Бразилия мен Сербия өтіп кетеді. Егер Сербия Бразилияны ұтып, Швейцария тең түссе, онда Ней­мар бастаған сайыпқырандар да опық жеп қалады. Сондықтан да бұл топтағы екі ойында сұрапыл, жан алысып, жан беріс­кен кездесу болары хақ. 

Көп жағдайда 6 ұпай алған командалар келесі кезеңге өтіп жатады. Бірақ «F» тобында олай емес. Екі ойында жеңген Мексика топтан шықпай қалуы мүмкін. Ол үшін Германия Оңтүстік Кореяны ұтып, Швеция Мексиканы жеңуі тиіс.  Әлем чемпио­нын жеңіп, одан кейін екінші мачта да же­ңімпаз атанып, топтан шыға алмай қалу – Мексика футболшыларына ауыр тиері анық. Сондықтан да Карлос Осарио командасына кем дегенде тең түсу керек. 

Тартысы таусылып, қызығар түгі қалмаған «G» тобында Англия мен Бельгия арасындағы матч біраз жанкүйерге қызықты болуы мүмкін. Бұл екі коман­даның сапында ағылшын премьер-лигасында өнер көрсететін футболшылар өте көп. Жолдас­тық ойын деп айтылса да, қай жеңгені топтағы бірінші орынды иемденеді. 

Ал соңғы топтағы жалғыз Еуро­палық ұжым – Польша еш мүмкіндіксіз қалды. Енді олар соңғы ойында Жапонияның бар мақсат-мүддесінің күл талқанын шығарып кетуі мүмкін. Себебі Сенегал мен Колумбияның да келесі кезеңге өтетін мүмкіндігі зор.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»