Медицина • 26 Маусым, 2018

Медицинаға жарты ғасырын арнаған

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақ халатты абзал жан көрсек әлемнің әлсіз дәнекершісі көз алдымызға келетіні рас. Олардың іс-әрекеті адамның жанына араша, тәніне тірек. Сондай жандардың қатарында Қарағанды өңіріне аты мәлім майталман маман – Зейнелқайын Айтбаеваны айтуға болады. 

Медицинаға жарты ғасырын арнаған

Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, балалар дәрігері болып бастаған Зейнелқайын Айтбаева бүгінде жас дәрігерлерге жол басы, өз қатарының ортасы десек артық айтқандық емес. 1971 жылдан Майқұдықта орналасқан № 3 Балалар ауруханасында және № 2 Балалар емханасында балалар дәрігері болып еңбек етіп келе жатқан оның тәжірибесі мен тәлімі талай жандарды ажал аузынан алып қалғаны әмбеге аян.

Жемісті басталған жұмысы Қарағанды облысы бойынша денсаулық сақтау саласында жоғары бағаланып, 1985-1990 жылдары бір ауыздан ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануы Зейнелқайын Күлмағанбетқызының қоғам­дағы іскерлік келбетін айқындай түседі. «Қарағанды қала­сының Октябрь ауданында кеңес депутаты болдым. 2004 жылдан бері зейнет­темін, ел игілігіне төккен тердің жемісін көрудеміз. Бү­гін­ге дейін қолымыз бос отырмай, тәжіри­бемізді жас дә­рігерлерге үйретіп, бала­лар­­дың денсаулығын сақтау үшін Астана қаласында балалар­ дәрігері болып еңбек етіп келе­мін», дейді еңбек ардагері З.Айт­баева. 

Ол ағымдағы жылдың 16-18 мамырында Алматы қаласында өткен Ұлттық медицина қауым­дастығының IX бас ассамблеясы аясында өткен халықаралық конференциясына шақыру құрметіне ие болғанын айтады.

Германия, Франция, Болга­рия, Қытай және Еуразия эко­но­микалық одағына мүше (Ре­сей, Қырғызстан, Беларусь және Армения) мемлекет­тердің ма­ман­дары қатысқан конфе­рен­­цияның басты тақырыбы төтен­­ше жағдайлар кезінде бо­ла­тын ме­ди­циналық-сани­тарлық зардаптарды жою, ме­дициналық көмекті шұғыл ұйым­дастырудың мәселелері төңірегінде өрбіді. Сонымен қатар арнайы так­ти­калық дәріс­тер оқылып, ден­сау­лық сақ­тауға байланысты көр­ме ұйымдастырылды. «Оның бар­лығы Елбасы Жолдау­ларында баса айтылатын, халықтың ден­саулығын сақтау­дағы медицина қызметкерлерінің үл­кен жауапкершілігінен туын­дайды», дейді Зейнелқайын Күл­мағанбетқызы.

Осы конференцияның аясында «Ұлттық медицина» қауымдастығының «Алтын дәрі­гер» наградасына ие болды. 

«Елбасымыздың са­ли­қалы саясатының арқасын­да еліміз­дің денсау­лық сақтау саласы жүйелі түрде дамып келеді. Қазақстанның түкпір-түк­пі­рінде озық технология­лар­мен жабдықталған жаңа меди­ци­налық мекемелер ашы­луда. Бұл жетістіктерге қосқан кіш­кентай да болсын үлесіміз барына шын қуанамыз», дейді ақ халатты абзал жан.

Жұмыста жемісті, отбасын­да табысты болуы заңды. 1969 жылы Төлеген Айтанұлы есімді азаматпен отбасын құрған мейірлі медбике Зейнелқайын Күлмағанбетқызы бақытты ана, адал жар болды. 

Бүгінде қосағымен қоңыр тірлік кешіп келе жатқан жай­саң жандар балаларының қызығын көріп, оларды да адал­дыққа, адамгершілікке, өмір тазалығына, әдептілікке бау­лып келеді. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»