Театр • 26 Маусым, 2018

«Тұрандот» – қазақ сахнасында

808 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сахна төрінде – сайын сахара. Көк жүзінде жөңкіле көшкен қара бұлт қайғының хабарын айтқандай. Солғын түсті нөпір халықтың жүрегінде мұң, көкірегінде дерт, жүзінде үрей.  

«Тұрандот» – қазақ сахнасында

Бүкіл Қытай халқын үрей құ­шағында ұстаған Тұрандот хан­шайымның жарлығы болатын. Айтқаны екі болмаған ерке, осы еркелігі тәкаппарлыққа ұласқан ханшайым үш жұмбақты талқыға тас­тап, жауабын таппағандарды ас­қан қаты­гездікпен жазалап өлім жаза­сына кесумен елді дүр­лік­тірді. Аруға аңсары ауып, үміт құшағында келген небір мар­ғасқалар, өндір­дей жастар – талай ханның ерке­лері, бай­лардың бетіне жел, маң­дайына күн тигізбей мәпелей өсір­ген жалғызы, батырдың бағ­ланы, бидің берені, қараның қол­ғанаты – ел асып, жер асып келген алуан ұлт пен ұлыстың ұлан­дары тау-тау болып өлім құшты. Қан сасыған дала құшағындағы қыруар халық – «Аспан әміршісі» атанған ел билеуші император әкесі мен ел-жұрты тәкаппар қызға тоқтам бере алмады. 

Жалпы жұртты бұл тығы­рықтан шынайы ғашық, тәуе­келшіл ұл Калаф алып шықты. Ханшайымның үш жұмбағының да жауабын тапқан ханзада қыз­дың қатыгез жүрегін жібітті, кө­ңілдегі тәкаппарлықтың мұзын ерітті, сүюдің, жақсы көрудің, ма­хаб­баттың не екендігін ұғын­дырып, өмірін де, көңілін де өзгертті. 

...Астананың 20 жылдық мере­кесіне орай «Астана Опера» және Қытай опера театрларының бірлескен «Тұрандот» опера­сының тұсауы кесілді. Қазақ опера және балет өнерін дамытуға жол ашсын деген ниетпен елордадан бой көтерген зәулім опера және балет театры аталмыш өнер жанрын жаңа бір туындымен толықтырды. 

Сайын сахара қай жақ? Тұран­дот кім? Бәлкім, қазақ актер­лері­нің Дж.Пуччинидің аталмыш шығар­масына қызығушылық таны­туының себебі де бар шығар, бірақ мұны зерттеу-зерделеу тарихшы ғалымдардың еншісінде. Ал қазақстандық, аустриялық, болгарлық, қытайлық және ре­сейлік өнер шеберлерінің қа­тысуымен сомдалған туынды, бір жағынан мемлекетіміздің сан ұлттар арасындағы достық ұс­танымын насихаттаса, екін­шіден, өнерде шекара жоқ екендігін, ұлт бөтендігі, аймақ алшақтығының өнерге кедергі бола алмайтындығын көрсетті. Тұрандот есімінен Тұран даласымен байланыс іздеп, Тимур (Темір) сынды кейіпкерлердің есімін де жанына жақын тартқан қазақстандық шығармашылық ұжым қойылымға қазақы реңк беруге тырысқан. Кең дала, ханшайым тұрған құлпытас, кейіп­керлер киімдеріндегі бел­гілер – осының айғағы. 

Қойылымды актерлер шебер ойнап шықты, ал сахнаның декорациясы – өз алдына бөлек әңгі­менің желісі боларлық жүк­ті арқалағандығын айтуға тиіс­піз және оның озық болуы орынды. Өйткені бұл – белгілі маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер Алан Бөрібаев, танымал аустриялық сопрано Мартина Серафин, болгар теноры Камен Чанев, қоюшы режиссер Давиде Ливермор мен оның ассистенттері Сальваторе Никосия, Джанкарло Юдика Кордильяның, «Астана Опера» опера және балет театры ұжымының шығармашылық идея­лары, кәсіби шеберліктерінің ортақ жемісі. 

Маусым айын толықтай қызу дайындыққа арнаған ұжым пси­­хологиялық тұрғыдан да, дра­малық жағынан да ауыр шы­ғарманы ойдағыдай алып шы­ғып, Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынды. 

– Калафтың партиясын әлем­нің көптеген сахналарын­да орындап шықтым. Техникалық жа­ғынан күрделі болып табылатын рөлді сәтті алып шығу үшін эмоционалдық жағынан да­йындық керек. Басқа кейіп­кер­лерге қатысты айтар болсам, Лиудің шынайы бейнесін, яғни сазгер Дж.Пуччинимен бей­неленген Лиудің Калафқа деген ерекше махаббаты ойдан шы­­ғарылған жайт емес. Қазақ­стандық әріптестерім – Лиу мен Тұ­рандот партияларын орындау­шы Майра Мұхамедқызы, Жа­нат Бақтай және Жұпар Ғаб­дуллинамен бірге дуэт орындау – мен үшін зор мәртебе. Бұл менің «Астана Операның» тамаша сах­насындағы алғашқы өнер көрсетуім емес, сіздердің көрер­мен­деріңіз ерекше, қонақтарын әрдайым жылы шыраймен құшақ жая қарсы алады. Кез келген солист үшін осы сахнада ән шырқау – мерей, – дейді К.Чанев. 

Үш бөлімді операда Ти­мур­дың жас күңі Лиуді – Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты Майра Мұхамедқызы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Бақтай, Калафты – бол­гариялық Камен Чанев болс­а, Қытай императоры Аль­тоумды Ақылбек Табынбаев пен қытайлық Ли Шуан, тағынан айырылған татар ханы Тимур бейнесін Болат Есімханов пен қытайлық Ю Цзинжэнь сомдады. Кеңесші Пингті Гэн Чже (Қытай) және Александр Красиков, кө­ріпкел Пангты қытайлық Ли Сян мен Ерұлан Кәмел, аспаз Понгты қытайлық Лю Иран мен Бейімбет Таңарықов, парсы ханзадасы рөлін Александр Яковенко, жендет бейнесін Юрий Мякинкин, Мандаринді Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан сах­нала­ды. Ал сахнаны сәндеп, қойы­лым кейіпкерлерін 200-ден астам кос­тюмдермен қамтамасыз еткен София Тасмағанбетова мен Павел Драгуновтың шеберлігі мен қиял ұшқырлығы, талғам те­реңдігі қойылым барысында көзге ұрып тұрды. 

Журналистермен өткен бас­па­сөз мәслихатында «Аста­на Опера» опера және балет теа­трының директоры Ғ.Ах­ме­дьяров қойылым өте сәтті сах­на­ланғандығын айтып, «бұл – достықтың, бірліктің жобасы және елордамыздың 20 жыл­дығына керемет тарту болды. Біз ойлағанымызға жетіп, нәти­жеге қол жеткіздік деп ойлаймыз және қойылым біздің мақ­танышымызға лайық», деді.

– Біз өз әріптестерімізбен бірге режиссер Давид Ливермор коман­дасында «Тұрандотты» сахналап шықтық. Біз Давидпен бірге дүниежүзі бойынша көп көптеген спектакльдер қойған­быз, ол өз ісінің шебері – талантты режиссер ғана емес, кезін­де мықты әнші де болған. «Тұ­рандот» өте жақсы сахналанды, Пуччинидің музыкасын өз деңгейінде көрсете білді, – деген шетелдік ассистент Сальва­тордың сөзін «біз бір ай бойы тығыз жұмыс жүргіздік, бар­лық ынта-ықыласымыз осы қойы­лымның сәтті шығуына ауды. Бұл режиссердің үлкен еңбегі ғана емес, бізге, біраз жас актерлерге нағыз шыңдалу, тәжірибе үй­рену мектебі болды, расында көп нәрсе үйреніп, сабақ алдық» деп жалғастырды италидық Джанкарло. 

Мазмұны мен көркемдігі, сомдалуы тең түскен туынды – өз көрермендеріне жағымды әсер сыйлайтыны анық.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»