Аймақтар • 26 Маусым, 2018

Алматыда «Інжу-маржан» атты кеш өтті

468 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Астананың 20 жылдығына арналған «Інжу-маржан» атты дәстүрлі музыка кеші өтті. Қала әкімдігі ұйымдастырған концерт «Сазген сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің орындауында Жалдыбайдың «Қаражорға» күйімен ашылды.

Алматыда «Інжу-маржан» атты кеш өтті

Ұлт тұтастығының белгісі – рух тұтастығы. Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызын аша түскен дәстүрлі музыка кеші байырғы музыкалық мұраны байыптау, саралау, көпшілік қауымға кеңінен таныту, дәстүрлі өнер өкілдерін ынталандыру, құрмет көрсету аясында көрермендердің көңіл төрінен орын алды. Әсіресе, күміс көмей әнші Еркін Шүкіман орындаған Біржан салдың әні «Айтбай», халық әні «Ахау-керімді» құйқылжытқан Айгүл Қосан, жезтаңдай әнші Тілеулес Құрманғалиевтің Сәдіқожаның әні «Сары бидайды» орындауы көпке дейін ұмытылмайтын ғажап ән әлемінің жауһарлары деуге болады.

Елорда күні қарсаңындағы қазақтың қоңыр әуенін, асқақ әні мен толғаулы күйін тыңдауға келген жұртшылық сонымен бірге Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Ұлжан Байбосынова, Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейісов, Ерболат Шалдыбеков, Дәуренбек Әркенов, Шолпан Дәржанова, Нұркен Әшіров, Оспан Құлсымақ, Сәулежан Тағзия және басқа да белгілі дәстүрлі ән мен күй шеберлерінің өнеріне тәнті болды.