Қазақстан • 27 Маусым, 2018

Үкіметте онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарлар таныстырылды

340 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет отырысында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарлар таныстырылып, кәсіпкерлік қыз­метті реттеуді жетіл­ді­ру туралы заңды іске асыру шаралары және Астана агломерациясын іске асыру барысы талқыланды.  

Үкіметте онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарлар таныстырылды

Қатерлі ісікке қарсы күрес күшейтіледі

Әлемде жыл сайын онко­ло­гиялық аурулардан зардап шеккендер саны айтарлықтай артып отыр. Әрбір алтыншы адамның өлімі  қатерлі ісіктердің уақытында емдел­ме­уі салдарынан туындайды. Дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық аурулар бірден анықталмайтын бол­­ғандықтан, емдеу ша­рала­ры ұзаққа созылып, нау­қастардың жағдайы күр­де­лене түседі. Біздің елде де бұл дертке шалдыққандар са­ны соңғы 10 жылда 9,5 пайыз­ға ұлғайған.

Үкімет отырысында Ден­сау­лық сақтау министрі Елжан Біртанов «Қазақстан Рес­публикасының 2018–2020 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қар­сы күрес жөніндегі кешенді жос­парын» таныстырды. Атал­ған жоспар негізінде профилактиканы дамыту және қауіп факторларын басқару, онкологиялық аурулардың жоғары тиімді ерте диагнос-

тикасы, онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, онкологиялық көмекті цифрландыру, кадр­лық әлеует пен ғылымды дамы­ту басшылыққа алын­бақ. Соның негізінде 2020 жылы Астанада Ұлттық онко­­логиялық орталық құру жос­п­арланып отыр. Бұл рет­т­е, Ақтауда 100 орынға арнал­ған диспансер салу мәсе­ле­сі қаралуда, сонымен қа­тар Павлодар облысында уақ­тылы медициналық көмек көр­сету үшін 200 орындық жа­ңа онкологиялық диспансер салыну көзделген.

– Кешенді жоспарды іске асыруға 35,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат негізінен халықтың нысаналы топтарын скринингтер­мен қамтуды ұлғайту ар­қы­лы онкологиялық аурулар­ды ерте анықтауға, диагнос­тика мен ісікке қарсы ем­ді бақылау үшін ПЭТ зерт­теулері қызметтерін жақ­сар­туға, онкологиялық ауру­ла­ры болуы мүмкін адам­дар­дың диагностикалық қыз­меттерге қолжетімділігін арт­­тыруға, қатерлі ісік­тер­ге молекулярлық-ге­не­ти­ка­лық тестілеуді енгі­зу­ге, телепатология арқы­лы диагностиканың күр­де­лі жағдайларына халық­ара­­лық консультациялар жүр­гі­зуге бағытталады, – деді Е.Біртанов. Бұған қоса, министр онкологиялық ұйымдар цитостатистикалық орталықтан сұйылтуға ар­нал­ған жабдықтарды сатып алу­ды жоспарлап отырғанын атап өтті. Бұл антисептикалық дә­рілерді тиімді, қауіпсіз және ұтымды пайдалануды қам­тамасыз етеді. Қазіргі таңда министрлік тарапынан  медицина саласына IBM Watson for Oncology жасанды зердесін енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Онда же­ке емдеу әдісін ұсынып, онко­логиялық сараптауға, шет­елдік медициналық оқу­лық­тарға қол жеткізу көз­дел­ген. 

– Осы мақсатта мем­ле­кеттік-жекеменшік әріп­тес­тіктің тетіктерін пайдалана отырып, 149 бірлік жаб­дық сатып алу жос­пар­ланған. Министрлік он­ко­логиялық қызметтің ин­фра­құрылымын дамыту бойынша ұсыныс­тар­ды қа­растыруға және әріп­тес­тікке дайын. Біз жер­­гілікті атқ­арушы орган­дар­ды жеке сектормен өзара тиімді қарым-қатынас орна­ту­ға шақырамыз, – деді Ден­саулық сақтау министрі.

Кешенді жоспар жобасы және онкологиялық көмекті цифрландыру барысы туралы баяндаған Алматы онкология және радиология ҒЗИ директоры Д.Қайдарова жобаны іске асыру аясында медициналық ұйымдарды заманауи цифрлы технологиялармен (мамолографтар, колоноскоптар және т.б.) жабдықтау бойынша жасалған жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, онкологиялық дертке шалдыққандар елімізде жоғары технологиялардың жоқтығынан шетел асуға мәжбүр болып отыр. Сонымен қатар кешенді жоспар аясында әлемдегі озық емханалармен өзара келісім жасалып, онда қазақстандықтар өз елімізде шетелдік маман­дар­дың кеңесімен ем қабылдауға мүм­кіндік алады. Айта кетер­лігі, биылдан бастап ел аумағындағы емханалар мен ауру­ханаларда 30-70 жас аралығындағы әйелдердің тегін онкологиялық тексе­ріс­тен өтуге мүмкін­дік­те­рі бар. Арнайы сараптама жүр­гі­зу нәтижесінде тұр­ғын­дар арасында қажетті деп та­ныл­маған скринингтер алынып тасталып, оның орнына мемлекеттен бөлінген қара­жатқа сүт безін, жатыр мойнын, колоректалды обыр­ларды зерттеуге скрини­нг жүргізу қолға алынған. Жос­парға сәйкес, бүгінгі күні ел тұрғындарының 45 пайы­зы­на аталған тексерістен өту қарастырылса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 70 пай­ызға дейін жеткізу көз­дел­ген.

Жиын барысында «2018–2020 жылдарға арналған онко­логиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жос­парды» Үкімет мүшелері бірауыздан қабылдады.

Кәсіпкерлікті дамыту заңнамалық тұрғыдан бекиді

Биылғы жылдың 24 мамырында Мемлекет басшысы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге, сондай-ақ әкімшілік ке­дер­гілер мен бизнес шы­ғын­дарын қысқартуға бағыт­тал­ған «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы» Заңға қол қойған болатын. Жиында сөз алған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәле­нов заңды жалпы іске асыру үшін 146 заңға тәуелді актіні қабылдау қажеттігін айтты. Оның ішінде «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мақсатында 24 нормативтік құқықтық актілер қабылдау зор маңызға ие. Заңға тәуелді барлық актілер әзірленіп, олардың көбі қазіргі кезде мемлекеттік органдарда келісу рәсімдерінен өтуде. Заңды кеңінен түсіндіру мақ­са­тында 8 маусымнан бастап Павлодар, Көкшетау, Алматы, Ақтөбе қалаларында кәсіп­керлер арасында ақпа­раттық-түсіндіру шаралары жүргізілген. 

«Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы» Заңды іске асыру бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энер­гетика министрі Қа­нат Бозымбаев, Әділет ми­ни­стрі Марат Бекетаев, Ау­ыл шаруашылығы бірін­ші вице-министрі Арман Евниев, «Атамекен» ҰКП басқарма төр­­ағасы Абылай Мыр­зах­ме­тов баян­да­ма жасап, атал­ған ба­ғыт­та атқарылып жат­қан жұмыстармен таныстырды. 

Жауапты басшылардың баян­дамасын тыңдаған Бақыт­­жан Сағынтаев қабыл­дан­ған заңға өңірлер қолдау біл­­діріп отырғанын айтып, кә­сіпкерлер қажетті нор­ма­тивтік-құқықтық акті­лер­дің жылдам қабылдануына асығулы екендіктерін жет­кізді.

– Жоспардың мерзімдерін тағы бір рет қарап шығу керек. Қанат Алдабергенұлы баян­дамасында аталған заңдар қараша айында қабылданатынын айтты. Енді тағы да жарты жыл күтіп жү­реміз. Биылғы жылдың 24 ма­мырында шешім қабыл­да­нып, жария түрде қол қойылды. Одан бері 1 ай өтті. Біз жоспарды кешеуілдетіп қабылдап жатырмыз. Ал министрліктер тарапынан қабылданатын нормативтік құқықтық актілер жылдам түрде өтуі керек. Мерзімдерді ұсынылған кесте бойынша қайта қараңыздар, – деді Үкімет басшысы.

Астана тоғыз жолдың торабына айналады

Астана агломерация­сы­ның іске асырылу барысы ту­ралы Ұлттық экономика вице-министрі Р.Дәленов, Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, 2020 жылға дейін Астана агломерациясын дамыту бойынша өңіраралық іс-шаралар жоспары қабылданып, онда үш басты бағыт бойын­ша 82 шараны іске асыру қа­рас­тырылған. Бүгінгі таң­да 72 шара орындалса, қал­ған 10-ы бойынша тиісті жұ­мыс­тар атқарылуда.

Қала құрылысын жоспарлау құжаты негізінде Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленіп, бекітілген. Сонымен қатар халықты қо­ныс­тандыру және өнд­і­­ріс­тік күштерді орналас­ты­ру, инженерлік, көлік­тік, әлеуметтік және рек­реа­­циялық инфрақұры­лым­­дар­ды дамыту жүйесін же­тіл­діру жұмыстары жүр­гі­зі­луде. Жеңіс Қасымбек кел­тір­ген мәлімет бойынша, Астанадағы жеңіл рельсті кө­лік жүйесінің (Астана LRT жо­басы) құрылысына 16,2 млрд теңге бөлінген.

– Қытайлық компания­лар консорциумының қа­ты­сушысы – «China Railway No.2 Engineering Group Co., Ltd» компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарына 1-ші санаттағы лицензия алып отыр. Ол компания ті­реу­іш іргетастарды, эстакадаларды ор­нату жұмыстарын жүр­гізеді. Барлық желі бой­ынша құрылыс нысан­дарына 121 ауыр техника мен 2 262 жұ­мысшы жұмылдырылады,– деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша,  Астана қаласының сырт­қы айналма жолдарын тұйықтау мақсатында «Астана қала­сының Оңтүстік – Батыс айналма» автокөлік жолын салу жұмыстары жүргізілуде.

– Автожолдың ұзындығы – 33 шақырым. Ол 4 жолақты қозғалысы бар 1-ші санатты жол болып салынады. Жобаға 344 құрылыс техникасы, 621 жұмысшы тартылды. Шарт бойынша жолды салу жұмыстары өткен жылы бас­талды. Жоба келер жылы аяқталады, – деді министр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар