Қазақстан • 27 Маусым, 2018

Көкейкесті: Таразда түйіні тарқамаған түйткіл көп

546 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Талай ғасырдан бері Тараз атанып келген, бүгінде Жамбыл облысының орталығына айналған көне шаһар бұл күнде үш жүз мыңнан астам халықтың тұрғылықты мекені. Бүгінгі таңда Тараз қаласында ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асырылып жатқанымен, әлі де болса тұрғындардың түйткілді мәселелері баршылық. 

Көкейкесті: Таразда түйіні тарқамаған түйткіл көп

Тараз қаласының ортасын қақ жарып темір жол өтеді. Оң­түстік пен Солтүстікті, Батыс пен Шығысты, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерді де жалғап жатқан темір жол бұл. Сол темір жолдың арғы беті «Шал­ғай Қарасу», «Қараой» тұрғын жай алқабы мен «Лесхоз», «Сол­нечный» және «Высотский» елді мекендері болып аталады. Тараз қаласы әкімінің №10 аумақ­тық округінің инспекторы Қанат Нұрлановпен бірге аталған ал­қаптар мен елді мекендерді ара­лап көргенімізде, бірқатар мәсе­леге тап болдық. Тұрғындар да жол, жарық, жабайы сауда мәсе­лелерін алдымызға жайып салды.

Әуелі мұндағы Мұқанов пен Чкалов көшелерінің бойынан тартылған ауыз су құбырының аяқсыз қалғанын көрдік. Ұзын­дығы 6,5 шақырымды құрайтын екі көшедегі асфальттың тас-талқаны шығып, жол апатты жағдайға жеткен. Тұрғындар игілігі үшін су құбыры жүргізіл­генімен, халық мұның игілігін көре алмай отыр. Тіпті су құбы­ры құдықтарының қақпағы ашық күйінде қалған. Әйтеуір жоқ­тан бар жасап бір жерін тас­пен қымтаған, енді бір жеріне шы­бық шаншыған. Өркениетті қоғам­да өнбейтін тірлікпен әуре болған өңір тұрғындары үшін ең қауіптісі осы екен. Ал бұл жер­ден жаяу жүргіншінің де, көлікті жолаушының да әрі-бері жүруі қиын. Ал ойын балалары байқамай құдыққа түсіп кетуі мүмкін. Айтқан жерден аулақ, ал балалар қараңғыда құдыққа түсіп кетсе не болады? Әрине бұған бас қатырып жатқан адам жоқ сияқты... 

Бұл мақсатқа 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген екен. Бюджет қаража­ты желге ұшып не болмаса құмға сіңіп кеткендей. «Мем­лекеттің қыруар қаржысы жер­дің астында көміліп жатыр» деп күйінеді бас инспектор. Ал инс­пектордың өзі аталған мәселелерді қалыпқа келтірейін десе, қолында билік жоқ. Ширек ғасыр бойы Тараз қаласының әр округінде бас инспектор болған Қанат Нұрлановтың қызметтік көлігі де, қызметкері де жоқ. Жетпіс мыңға тарта халық тұратын округті өз қал­та­сынан жанармай құйып, күні­не он рет шарлауға мәжбүр. «Жал­ғыздың үні шықпас» дегендей, инспекторды мұндағы халық тыңдаудан қалған. Ешқандай мәселе шешімін таппаған соң халықтың үміті үзілген сыңай­лы. 

Темір жолдың арғы бетіндегі тағы бір мәселе – ретсіз салынған сауда нүктелері. Кәсіпкерлікпен айналысудың жөні осы екен деп қазір кім көрінген ретін тауып, көше бойларынан, аялдамалардан сауда дүңгіршектерін аша беретін болған. Тіпті жабайы сауданың қызғаны соншалық, кәсіпкерлер мемлекеттің «қы­зыл сызық» талабын да ұмыт қалдырған. Ешқандай талапқа сай келмесе де мұнда нан, бәліш, балық сияқты тағам түрлері са­тылуда. Сыра дегеніңіз де көл-көсір. Бас инспектордың ай­туынша, мұнда қалалық сан­эпидқадағалау мекемесі, полиция қызметкерлері ат ізін салмайды. Сонда құзырлы орын­дардың өзі мәселеге атүсті қара­ғанда, басқалары қайтпек деген де ой келеді. Инспектор осы округке қызметке келгелі қала­ның әкімінен бастап, тиісті мекеме басшыларына дейін хат жазыпты. Алайда селт еткен ешкім табылмаған. 

 Жалпы, Тараз қаласының шағын аудандарындағы жабайы сауда мәселесі жиі айтылып келеді. Дей тұрғанмен әлі нәтиже жоқ. Мәселен біз әңгіме етіп отырған темір жолдың арғы бетіндегі Пірманов көшесінің бойындағы заңсыз қойылған сауда нүктелерінің кесірінен №29 мектептің оқушысын көлік қағып кетті. Абырой болғанда бала аман қалған. Бұл бейберекет тірлік ретке келтірілмесе, келешекте де мұндай келеңсіз жағ­дайдың қайталанбасына кім кепіл? Бұл жағдайдан соң жабайы сауда орындары ретке келтірілгендей болғанмен, кейіннен қайтадан белең алған. «Округтің көшелеріндегі азық-түлік сататын дүңгіршектердің бірде-бірінде заңды құжат жоқ. Сөйте тұра электр қуатын тар­тып алған», дейді инспектор. Дүңгіршектерде жарық болғанымен, көптеген үйлерде әлі де жарық жоқ. Сонымен қатар заңсыз сауда нүктелерінің айналасы қоқысқа толып кеткен. «Высотский» елді мекеніне баратын жолдың оң жағын да күл-қоқыс басып қалыпты. Инспектордың өзі 15 қоғамдық жұмысшы тартып, «Нұрлы Тараз» және «Сұлтанғазы» меке­мелері арқылы қоқыс тазалатуға мәжбүр. Оның айтуын­ша, тұр­ғын­дардың көпшілігі және заң­сыз сауда нүктелерінің иелері қоқысқа төлейтін азын-аулақ тиыннан қашып, қоқысты далаға лақтыра салатын көрінеді. «Сонда төлейтіні жүз-ақ теңге ғой» деп күйінеді инспектор.

Ирина Темірбаева есімді тұрғынның айтуынша, бұл бейберекет тіршілік талай жылдан бері шешімін таппаған. Мәселен, Абай, Аппаев, Самарқанд кө­шеле­рінде талапқа сай емес ыс­тық нан, бәліш, балық өнімдері сатылуда. Ал көшенің шаңы шығып, бұрқырап жатыр. Бұдан бөлек, олармен араласып шөп, көмір, ағаш, сексеуіл сияқты мал азығы мен отын да саудаланады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмаған соң тірліктің түрі осы да.

Жол, жарық, жабайы сау­да мәселелері бұл күнде темір жолдың арғы бетіндегі тұрғын­дар үшін өте өзекті. Жетпіс мың­ға тарта халқы бар елді мекендерде аталған мәселелер түйткіл күйінде қалуда. Нақты айтсақ мұндағы 68 230 адамның арман-тілегі осы ғана. Мәселен, Тараз қала­­сының бергі беті заманауи үлгіде қайта жасақталған шаһар ретін­де айтарлықтай дәрежеге жет­ті. Ал арғы бетіндегі жағдай әлі сол қалпы.

Тараз қаласы халқының бестен біріне жуығы тұрып жатқан іргелі мекенде темір жол лицейі, темір жол колледжі, 8 орта мек­теп, 2 балабақша, 2 шағын ор­та­лық және 1 балалар үйі жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда 10670 жеке үй және 51 көп­қабатты тұрғын үй бар. Сондай-ақ 3 емхана, 1 сүйек-туберкулез аурулары ауруханасы да бар. №3 қалалық полиция бөлімімен қатар, «Қазпошта» және «Қазақ­телеком» бөлімшелері де ел игілігіне жұмыс істеуде. Ра­сын­да да бір іргелі ауданның хал­қындай тұрғыны бар бұл ай­мақтағы мәселенің қашан шешімін табатыны белгісіз.

Жабайы сауда демекші, жуыр­да ғана Тараз қаласының ор­та­лығындағы және өзге де жерлеріндегі бірқатар заңсыз сауда дүңгіршектері алынды. Енді осы бастама темір жолдың арғы бетінде де жалғасын тапса дейміз. Ал Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қоқыс мәселесін тұрғындардың салғырттығынан көреді. Расын­да да көптеген тұрғындар қоқыс­қа ақша төлеп, оны арнайы орын­ға апарып тастағаннан гөрі, кө­шеге лақтыра салғанды қолай көреді. Сондай-ақ шаһар басшысы мұндағы мәселелер бо­йынша бүгінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Талай жылдан бері түйіні тарқамаған түйткілдің біртіндеп болса да ретке келгені жақсы. Әйтпесе темір жолдың қос қап­та­лындағы тұрғындардың тіршілігін тіпті салыстыруға кел­мейді. Әйтеуір әупірімдеп күнін көрген халық әлі де болса жақсылықтан үмітті...

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

ТАРАЗ