Аймақтар • 27 Маусым, 2018

Өскеменде жетім өскен бойжеткенге пәтер кілтін сыйлады

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл өңірде аталып өткен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі жүрек тебірентер, көңіл толқытар сәтімен есте қалды. Есте қалғаны сол, мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің ұжымы Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің түлегі, 17 жастағы Диана Биғалиеваға пәтер кілтін табыстады.

Өскеменде жетім өскен бойжеткенге пәтер кілтін сыйлады

2011 жылы облыста сол кездегі әкім Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Мейірім» атты акция басталып, акция аясында аймақтағы ұйымдар мен кәсіпорындар бірнеше жетім баланы өз қамқорлықтарына алып, олар баспанаға қол жеткізу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» арнайы есепшоттар ашылған еді. Сол уақытта сауабы мол шараға Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің ұжымы да атсалысуға бел байлайды. «Өңірде ата-анасының қамқорлығынсыз және жетім балаларға демеу көрсететін «Мейірім» акциясы қарқынды жүріп жатқан кезі. Осы бір ізгілікті іске біз де өз үлесімізді қосайық, бір баланың бақытты болуына қол ұшын берейік деп жүрген едік. Бірде кабинетіме әріптесіміз, Глубокое аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Дархан Қалиев келді. Оның отбасында өте қайғылы оқиға болған еді. Содан бір жыл бұрын ғана әріптесіміз сәбиінен айырылып қалған-ды. Құлдыраңдап шауып жүрген бүлдіршіннің аяқ астынан айықпас дертке шалдыққанын естігенде, оның еміне ұжым болып қаржы жинап берген едік. Дархан бауыр еті баласын сонау Минскінің дәрігерлеріне дейін қаратып, сол жаққа ота жасауға апарған-ды. Өкінішке қарай, операция жасалғанымен, сәбидің өмірін сақтап қала алмады. Кішкентай Дарынның шетінеп кеткенін естіп, ата-анасымен бірге қамықтық. Дархан Қалиев осы келісінде сәбиіне деп жиналып, ұсталмаған қаражатты өзімен бірге алып келіпті. «Әйеліміз екеуіміз ақылдаса келіп, кішкентай Дарынымызға деп жиналған қаржыны басқа да мұқтаж балалардың қажетіне жұмсасақ деп шештік. Не ақыл қосасыз?» деді. «Бұл сендердің отбасыларыңа деп жинаған көмегіміз, бір керектеріңе жаратыңдар» деп қанша айтқаныммен, Дархан илікпеді. Содан не керек, ақыры ұжымды жинап, ақылдаса келе, бір жетім қыз баланы қамқорлыққа алайық деп ұйғардық. Қалған қаражатты сол баланың есепшотына салып, болашақта баспана алып береміз деп шештік», - деп еске алады департамент басшысы Мұхтар Төлегенұлы.

Содан бірде «Үлбі» мәдениет үйінде өткен бір концертте «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Баймұханова би ансамблінің құрамында өнер көрсеткен Дианамен таныстырады. Қоғамдық жұмыстарға белсенді, сабақ үлгерімі жақсы, өнерлі жеткіншекті ұжым мүшелері бірден жақсы көріп кетеді. Осылайша, игілікті іске жиналған қаражат Диананың «Тұрғынүй жинақ банкіндегі» есепшотына салынады. Содан департамент қызметкерлері, барлығы 103 адам, жыл сайын бір күндік жалақыларын осы есепшотқа аударып отырады. «Бұл қаражат 7 жыл бойы жиналды. Банктегі жинаған қаражатымыз бір бөлмелі пәтерге және оның ішін қажетті жиһаздармен жабдықтауға толық жетті. Қызметкерлеріміз Дианамен бірге барып, құжаттарын рәсімдеуге көмектесті, кешелі бері үйінің ішін жинастырып жүр. Алдағы уақытта қаржыгерлік білім алып, біздің ұжымға қосылса деген де тілегіміз бар», - дейді жетім қызды өз қамқорлықтарына алған ұжым басшысы.

Ал баспаналы болған Диана Биғалиева қазір Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжінде шаштараз мамандығын үйреніп жүр екен. «Үміт» балалар үйінде жеті жасынан тәрбиеленген бойжеткен осы уақытқа дейін Динара есімді әпкесімен және Данияр деген ағасымен пәтер жалдап тұрыпты. «Аналық, әкелік қамқорлығын көрсеткен департамент ұжымына ерекше алғысымды білдіремін. Ағамыз екеуіміз келешекте жоғары білім алғымыз келеді. Ал әпкем өзінің шағын кафесін ашуды армандайды», - дейді Диана.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ