Әдебиет • 27 Маусым, 2018

«Қараөткелге қашық емессің, Қараөзек!» (Эссе)

668 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Жұмбақтайтын түгі жоқ, мәселе баршаға түсінікті. Біз­дікі сол «баршаға түсі­нікті» жағдайдың тамырына қайтадан қан жүгіртіп, кеуде керген қуаныштың әсерімен тағы да баршадан сүйінші сұрау. Иә, мұнда тұрған не бар деп, құлақ қақпастан сүйретіліп жүре беруі де мүмкін-ау әлдекімдердің. Осы немкеттілігімізден қанша мәр­те таяқ жесек те селт ет­пейтін бойкүйездігіміз-ай. Мейлі, әлгілердің сол со­ла­қай мінездері үшін сот залына сүйрегелі жатқан кім бар. Тар­та берсін үйреншікті әуе­німен.

«Қараөткелге қашық емессің, Қараөзек!» (Эссе)

Ал біз... жан жадыратар жаңалықты мерзімді басылым беттерінен қанша мәрте астын сызып оқысақ та, үн-түнсіз қала алмадық. Білеміз, білгенде қандай, бұл эмо­циялық әсер ғасырлық жобаға татитын игілікті ша­­ра­ға иненің жасуындай үлес қоса алмауы мүмкін, мың шақырымнан асатын құ­бырдың бір тетігін көте­рісуге де көмек бере алмауы мүмкін. Бірақ болмыс­ты тек сыртқы күштердің ықпа­лымен безбендеп, солармен ғана бағалауға бола ма?! Есі­ңізде ме, АҚШ-тың күллі Ты­нық мұхит жағалауына сән беріп тұрған Калифорния шта­тындағы «Алтын қақпа» аталатын Сан-Франциско ас­палы көпірі пайдалануға берілгенде халық қалай қуан­ды десеңші! Әрине шығын да аз болмағанға ұқсайды. Жер сілкінді, дауыл тұрды, қайта жөнделді. Тәулігіне жүз мың машина өткізе алатын алты жолақты атақты көпірдің ел­ге тигізген қазіргі көл-кө­сір пайдасын шоттың тасына салы­ңыз­шы. Шашыңыз жет­пей­ді. 

Жә, әлемдік стандарттар­мен өлшенетін және таңда­ныс­­тан адамның қараптан-қарап басы айналатын кереметтер аз ба мына біз өмір сүріп жатқан аласапыран дү­­ние­де?! Арыға сілтемей, ежел­гі көршіміз Ресейді-ақ мысалға алайықшы, бізге оның саяси астарының қажеті шамалы. Сыртқы күштердің са­лып жатқан санкцияларына қарамастан ұзындығы 19 шақырым Қырым түбегіне тікелей жол тартатын Керчь бұғазындағы көпірдің санау­лы жылдар ішінде-ақ ал­ғаш­­қы бөлігін іске қосты. Көпір үстінде сырнайлатып-кер­нейлетіп, алаулатып-жа­лау­­латып, шат-шадыман күл­кі­лерін ән ырғағына құн­дақ­таған дүйім жұрттың ақ­перен қуанышында есеп жоқ-ты. Елге жасалған игілік бо­ла­шақтың еңсе тіктеуіне сеп, ал әрі-берідесін бірде жақ­тырып, бірде жақтырмай кірбің қабағын жуық маңда аша қоймайтын өзгелерге «біз­дің қолдан бұл да келеді» дей­тін іргелі мемлекеттің айба­ры, сесі. Бұлар жайында әлі де талай-талай қомақты шы­ғар­­малар жазылар, көркем фильм­­дер де түсірілер. Не үшін, бәсе не үшін? Қатал уа­қыт­­­тың шаңдағына көміліп қал­­май, ұрпақ алдындағы аза­­маттық парыздың мінсіз өтел­гендігін дәлелдеу үшін; анығына көшкенде, қамсыз-мұңсыз көше кезген бүгінгі көгенкөздердің бір сәтке болса да санасын селт еткізіп, ал­­дыңғы буынның артына мо­йы­н бұрып қарағанда ұял­май­тындай қолтаңба қал­ды­рып кеткендігін ұғын­ды­ру үшін.

Кіріспенің ұзаңқырап кет­­кендігін де іші құрғыр сезеді. Көпірді тілге тиек ет­кен­­­дегі себеп мынау: аттары суға байланысты ұғым­­нан туған Қараөткел мен Қараөзекті жалғайтын «Са­ры­арқа» магистральді газ құбыры дәл әлгілер секілді Астана мен Сыр өңірінің ара­сына тартылған алтын көпірдің рөлін атқарады. Бас­қаларды қайдам, Елба­сы­ның бес әлеуметтік бағ­дар­ламасында елді газдандыру кезек күттірмейтін мін­дет деп қадап айтуымен қатар, Президенттің на­за­рында болатын ертең-бү­гін старт алғалы тұрған әм­бебап жобаның қадасының қағылуы бізді ерекше мақ­та­ныш сезіміне бөледі. Ас­танаға табиғи газ келетін бо­лыпты деген қауесеттің қа­шпаған сиырдың уызындай емексіткені қаш-шан. Әйтеуір ақырының қайыры болды. Бейнеу-Бо­зой-Шымкент газ құбыры Қызыл­ордадағы Қараөзек ком­прессорлық стансасы арқылы жолай Жезқазған, Қарағанды, Теміртауға «аялдап» Астанаға жол тартады. Одан әрі Солтүстік облыстарды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Алып құ­рылыстың Астанаға «ат шалдыру» мерзімі – келер жылдың желтоқсаны. Арақашықтық 1080 шақырым. Аз емес, көз­­ге елестетудің өзі біраз күш. Әйтсе де жыр жолдарына жиі арқау болатындай «Арқа төсінен ару қала сал­ған қазақтарға бұл не тәйірі!» дейтін жігер алдымен «тіфә-тіфә, тіл-көзден аман болсынды» айтқызып, еріксіз ойға оралады. Пафос, метафора... тағы не, көңілдің шалықтауы дейсіз бе, өзіңіз біліңіз! Мамандардың дере­гінше 2,7 миллион адам тас­ көмір тасудың азабынан құтылып, жылы пештің қы­­зуымен жүзі нұрланып, бал­бұл жанып, немерелеріне ертегі айтып отырады-мыс. 800 жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Астанаға жеткенше 267,3 млрд теңге қаржы жұмсалмақ, әр шаңыраққа жеткізу үшін 670 млрд теңге. Халықтың алғысын алғыр «ҚазТрансГаз» компаниясы шығын мен пайданың ара-жігін ажыратып, «қаражат табылады, қорықпаңыздар, тек кесімді мерзімде бізге жұмыстың нәтижесін көр­сетіңіздер» деп екі алақа­нын ысқылап отырған көрінеді.

Астана, тәуелсіздігіміздің тірегі болған ару Астана­ның сұлулығына сұқтанатын­дардың қатары көп болма­ғай, ақ ниетін арнайтын ағайын­дарға әрдайым есік ашық. Шындықты мойындаудың өзі әдептілік, алты ай қыста қойын-қонышын тек тас кө­мір­дің арқасында жылытып шығатын Астана теріскейден жел соқпаған күндері көк түтінге тұншығып қалушы еді ғой. Көгілдір газ келгенде ауаға тарайтын зиянды қал­дықтардың көлемі 36,1 мың тоннаға азаяды.

Айтқандай, сол құрлықты құрлыққа, бір елді екінші елге жалғайтын көпірлерге айналсоқтай беретіндігіміздің сырын ашайық. Тоқетері, ел ертеңіне тірек болатын ға­жайып оқиғалар өз ішімізде, өз ауламыздың төңірегінде болып жатса да «көрмес түйені де көрместің» кебін киіп, тұяқ серіппестен, саңырау кісіше тас бүркеніп жатып алатындығымызды түсіндіріп беріңізші кәнекей. Неге бұ­лай? «Алдымызда бір күн бар есеп берерді» (Шәкәрім) неге естен шығарып аламыз, а? Үлкеніміздің де, кіші­міздің де құдай берген ырыс, халқымыздың кеңпейіл – маңдайына жазылған бақ-дәулетін кезінде бағаламай, барды бағалауға өреміз жетпей, яки жоқ жерден тұмсық көтергеніміз үшін де ар-ұждан алдында жауап беруге тура келер күндердің күнінде. Қандай құпиясы барын кім білсін, сол көпірлер пайдалануға берілген сәттегі барша жұрттың көл-көсір көңіл-күйін ұмыта алмай­мыз, әйтеуір. «Қайда жүр­сең де біртұтассың – өзің ту­ған өлкемен!» (Т.Әбді­кәкім). Ертең, келер жылдың желтоқ­саны дегеніңіз иек астындағы меже ғой. Сонда, сонда дейміз-ау, «Сары­арқа» газ құбыры мыңдаған шақы­рымды артқа тастап, Астана аспанынан алау-жалын жарқ ете қалған тұста естен танып,­ «қай өлкеге тап болдым» деп жүрегімізді бір дір еткізуге де жарамай, сол сылпыл жүрісімізден жаңылмай бұқпантайлап, бейшараның күйін кешпесек қайтсін-ай. 

Қызылордадағы «Қара­өзек» аса стратегиялық ма­ңы­зы бар компрессорлық станса. Заманауи техника жетістігімен жарақтандырыл­ған. Астанаға, одан кейін Солтүстік облыстарға айдалатын газ Батыс Қазақстан кен орындары – Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол, Өрік­таудың табиғи өнімдері осында жиналады да, құдды Сыр-анамыз көкірегіндегі жылумен өзге ағайындарды жарылқап жатқандай ға­жайып суреттерді көзге елес­те­теді.

Сыр – Алаштың анасы. Бір кездері құм суырған өл­ке, экологиясы ауыр нүк­теге қоныстанған өңірден старт алған алып жобаның жолы болғай дейсіз ішіңнен тілің­ді мың мәрте кәлимаға келтіріп. 

* * *

Бүгінде сол құмды өлке ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге толы. «Рухани жаң­ғыруда» жазылғандай, әр пенде қолынан келгенше туған жерге жәрдем етуге мін­детті. Қалай, қайтіп? «Ту­ған жерге ту тігудің» жол-жоралғысы ұшан-теңіз. Ал қаламнан басқа сүйенері жоқ және өзге мамандықты игеруге қырсыз, ойынан шығатын бір сөйлем қағазға түссе кеудесі аспан тіреп, жер бетінде өзінен басқа ба­қытты жан жоқтай шалқып-тасып, шала байып жүретін біз «пақырдың» осы тұсқа келгенде үніміз құмығып, көмескі тартатындығын жасырып қайтейік? Қиялыңның аяғы жер иіскемейді, ананы да, мынаны да аударып тастағың-ақ келеді, ту­ған ауылымды таза сумен қамтамасыз етсем дейсің, бә­ріне осы заманғы жасау-жаб­дығы келіскен баспана салып беріп, өзім солардың арасында таудай болып талтаңдап жүрсем дейсің... Ой-хой, айта түс, құрғақ сөзбен қамал тұр­ғызсаң жүлде сенікі. Ең бол­мағанда солардың дүйім жұрт үшін істеп жатқан игілікті істеріне ыстық ілтифатымды білдірсем дейсің қалам ұшы­мен болса да...

Қызылорда – ежелгі қа­­ла. Фариза апамызша жыр­лағанда: «тас көше­сін­де­ өшірілмейтін тарихымыз жазылған...» Қалаға кір­­ген бетте бірден бойың жеңіл­денеді, турасын айт­қанда «туған жердің түтіні де тәтті». Гүл көмкерген кө­шелер тап-таза. Тасбөгет су торабының үстінен өтіп бара жатып, айналаға еріксіз назар жығасың. Бұрынғы шаңы бұрқырап жататын дария жағалауына қызыл кірпіштен қаланған көп қабатты әсем үйлер қоныс тепкен. Соңғы үш жылдың көлемінде қа­ла­дан он бір мөлтек аудан ірге көтерген. 18 мың адам құ­рылыс жұмыстарына тар­тылған. «Нұрлы жол» бағ­дарламасының арқасында мың­даған тұрғын қоныс то­йы­н тойлап жатты. Облыстың алыс қиырындағы қызыл құм ішіндегі болашағы көмескі ауыл­дар оңтайландыру әді­сімен осы аудандардан жаңа пәтер­лерге ие болды. Сол үшін де олар­дың өңір басшысына ай­тар алғыстары шексіз. Ас­танадағыдай Сырдарияның сол жағалауынан да еңселі ғимараттар бой тіктеп келеді. Негізгі экономикасы мұнай өндірісіне тікелей байланыс­ты болғанымен өнімдері әлем­дік стандарттарға жауа­п беретін, нарық сұраныс­та­рына сай бірнеше кәсіп­орын жаңадан іске берілді. «Ақ маржан» – облыс­ бренді. Өткен жылы, яғни тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық мерекесі тұсында Сыр ди­қан­дары ел тарихында тұң­ғыш рет күріштің әр гектарынан 56 центнерден ре­корд­тық өнім жинады. Та­биғат қытымырлық таныт­паса биылғы меже одан да жоғары. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәй­кес ауыл шаруашылығы өнім­дерін экспортқа шығару – қызылордалықтардың бас­ты міндеттерінің бірі. Ал атақ­ты «Аралтұз» АҚ-ы қуат­­тылығы 300 тонналық каль­ци­лендірілген сода зауытын қолға алды. Жобаны қар­жыландыру Қазақстан Даму банкінің құзырында. Бұл ел азаматтары тұтынатын кальцилендірілген соданың 75 пайызын өтейтін заманауи зауыт. Айтпақшы, іргелі ұжым индустрияландыру картасы аясында өндіріске испан цехын қосып, өнімнің 60 пайызын шет елге экспорттайды. 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Соңғы екі жылдың көлемінде күллі Ресей ас тұзы нарығының 12 пайызын иеленіп үлгерді. «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кен байыту комбинаты мен газ турбиналы электр стансасын салу қолға алынды. Еуропалық банк пен Польшаның ұлттық банкі жобаны қаржыландыруға дайы­н. Себебі ферроқорытпа ол елдерге ауадай қажет. Үшокситті молибден өн­ді­ретін кәсіпорын іске бе­рілсе атом энергиясы мен авиация­лық-ғарыштық техника, мик­ро және оптоэлекторникалық өнімдер Жапонияға экспортталады. Ұзақ жылдарға жыр болған атақты шыны өңдейтін зауыттың проблемалары шешілді. Шиелідегі, Жаңақорғандағы екі бірдей цемент зауытына 74 миллиард теңге инвестиция тартылды. Шиелі ауданында тәулігіне 400 литр шұбат өн­діретін цех іске қосылды. Сыр­дария ауданында жылына 250 мың тонна өнім шығаратын ет комбинаты бар және оған қосымша 10 мың бас қозы өсіретін кешен салынды. Халқы бұрын құс етін сырттан тасымалдайтын, республикалық ин­вес­тициялық орталықтың қар­жысы есебінен Сырдария құс фабрикасы несиелендіріп, қазірдің өзінде 10 мыңнан астам үйрек-қаз өсірілуде. Шетелдік инвесторлар үшін облыстың аграрлық секторы ыңғайлы болып тұр. Биыл Жаңа­қорғандағы томат сық­пасын шығаратын зауыт іске беріледі. Арал ауданынан түйе сүтін өңдей­тін зауыт са­лынбақ. Қызыл­орданың қауы­ны Ресей мен Қыр­ғыз­стан нарығына шықты... 

Құрғақ цифрлар ма? Жоқ. Осы секілді көрсеткіштерді одан әрі соза беруге де да­йын­­быз. Қайран айдынды Арал! Жүрегімнің бір бөл­шегі. Әйгілі орыс жазушысы К.Пау­стовский «теңіз жа­ға­лауында туғандардың ақын бол­масқа қақы жоқ» дей­ді. Осы сөз өзіме ұнайды. Теңіз жа­­лауында өмірге кел­­ген ақын-жазушыларды сана­маламай-ақ, қазақ әде­бие­тінің көзі тірі классигі Ә.Нұр­­пейісовтің атын атасақ та жеткілікті болар. Кіші Арал елге ырыс болып қайта оралды. Менің жағалаулық жер­лестерімнің жағдайы қазір «ханға сәлем бермейді», аста­­рында құмға батпайтын арқыраған шетелдік же­ңіл машина, үстерінде кот­тедж. Көкарал бөгетінің екін­ші кезегін іске асыру үшін Дүние­жүзілік банктен қомақты қа­ражат бөлінген. Теңіз Арал қала­­сына жақын­дайды, ысыл­да­ған еспе құм асау толқынға амал­сыз ығысып орын ұсына­ды. Бәрімізге осы күнді көруге жаз­ғай!

Уақыты болып жатса өңір басшысы Қырымбек Елеу­ұлымен жүздесіп, пікір­лесу біз үшін үлкен олжа. Танымы терең, кез келген тақырыпқа қамшы салдырмайды. Әлемдік масштаб деңгейінде ой қорытады. Ана жылы облыс жастарының алдында дүние жүзінде болып жатқан күрделі де жаһандық мәселелердің майын тамыза әңгімелеп, экономикалық жетістіктер мен адамзат бас­тан кешуге тиісті күрмеуі қиын түйіндердің де ара-жігін тарқатып, «осындай тұста сен қайтіп қайрат көрсетіп, еліңе қандай көмек бере аласың, жас өрен, әлде қарныңды тыр-тыр қасып, басыңды сал­быратып жүре бересің бе?!» дейтіндей, көздерінде оты бар әрбір жастың жігерін жа­нығандай толымды лекция­сын тыңдағанда біздің де қайран қалғанымыз бар еді. Нобель сыйлығы лауреттарынан бір мысқал кемдігі жоқ-ты. Күн сайынғы қым-қуыт шаруаның бел ортасында жүріп, осынша рухани байлықты бойына жина­ған атпал азаматқа іштей ті­леу­қор болғаннан басқа не айтарсың! Көшербаев біздің қолпаштауымызға зәру емес, тіл ұшына оңай орала салатын «облыс жетістіктері сіздің есіміңізбен тікелей байланыс­ты ғой» дейтін жаттандылау ойдың ұштығын шығарсаңыз бітті, әдемі отырыс, үйлесімді сырласу кілт үзіледі де одан әрі жалғаспайды. Жаны жомарт, «кісі танитын қабілет-қарымы мол» Елеу ағамыздың да көзін көріп, аздап болса да ақыл-кеңесін тыңдағанымыз бар-ды. Облыстың бірнеше ауданын басқарды, партия­ның «түкірігі жерге түспей тұрғанда» жоғарыдағылардың қас-қабағына қарамастан, ұлы даланы қоңыр әуенімен әлдилеген Қорқыт кесенесін тұр­ғызды. Оны кейін Қырым­бек күрделі жөндеуден өткіз­ді. Бір әулеттің ел арасына тараған аңызы жылдар жыл­жы­ған сайын аспандап барады.

Әкім кітап оқыса да жетіс­тікке балайтын бол­дық осы күндері. Ал Қырым­бек Елеуұлы әдеби дүниені шеміш­кеше шағады. Қор­қыт кесенесімен байланыс­ты Байқоңыр, Төретам төңі­ре­гіндегі оқиғаларды сөз ете­тін соңғы романым жайлы да жағымды пікір айтып, көңілімді бір көтеріп тастады.

Эссемізге негізгі желі бол­­ған Қызылордадан алпыс ша­қырымдай алыс қоныс­танған «Қараөзек» стансасы алыс­тан «мен мұндалайды». Құм суырған өлкенің оттай ыстық лебі бет шарпиды. Үлкен іс­ке дайындық жұмыстары са­қа­дай сай. Ертең осы ара­лық­тан Астанаға қарай «Са­ры­­арқа» газ құбыры «жол­ға шығады». 

«Қараөткелге қашық емес­­сің, Қараөзек!» Сана­мыз­­­да жатталып қалған осы сөй­­лемді таныс әннің қайыр­масындай қайталай бергіміз келеді, қайталай бергіміз келеді...

Қуаныш ЖИЕНБАЙ