Бокс • 28 Маусым, 2018

Боксшы Нұржан Кәрімжановтың Астанадан Афинаға дейінгі жолы

782 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел боксындағы елеулі тұлғалардың бірі Нұржан Кәрімжанов екені еш дау туғызбаса керек. Орта салмақта жұдырықтасқан ол елордалық былғары қолғап шеберлері арасынан алғашқы болып Олимпия ойындары мен әлем чемпионатына қатысты. Көптеген халықаралық және құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілді. Ғасырлар тоғысында атой салған астаналық боксшыны жанкүйерлер ұмыта қоймаған болуы керек, сірә?!

Боксшы Нұржан Кәрімжановтың Астанадан Афинаға дейінгі жолы

1980 жылы Ақмола облысы, Сан­дық­тау ауданының Шаңтөбе ауы­лында дүниеге келген Нұржан 9 жа­сын­да бокс үйірмесінің табал­ды­ры­ғынан аттады. Жергілікті бапкерлер Владимир Камашов пен Геннадий Сан­даловтың қол астында жаттығып, бұл өнердің қыр-сырына әбден қа­нық­ты. Арада екі жыл өткенде өз қа­тар­лас­тары арасындағы облыстық және рес­публикалық додаларда топ жара бас­тады. Болайын деп тұрған баланы жазбай таныған жеке бапкері әрі өмірдегі ұстазы Владимир Камашов 1997 жылы шәкіртін ертіп, елордаға қоныс аударуды құп көрді. Себебі ауылды жерге қарағанда ірі қаланың мүмкіндігі мол ғой.

1998 жылы Шымкентте жастар арасында өткен Қазақстан бірінші­лі­гін­де қарсылас шыдатпаған Нұржан Кәрімжанов 60 келі салмақ дәрежесінің бас жүлдесін олжалады. Бұл жеңіс оған күзде Буэнос-Айресте жалауы жел­бірейтін әлем біріншілігіне жол ашты. Аргентинаның астанасында қандасымыз 57 келі салмақта сынға түсіп, жарты жолда сүрінді. Негізі 1/8 финалда ол Исраэль Перестен жеңілген жоқ еді. Бірақ төрешілердің «өз жоспары» болды. Ринг қожайынының ығына жығылған олар қазақтың ұлына көпе-көрінеу қиянат жасады. Нәтижесінде жергілікті былғары қолғап шеберлері арасынан жалғыз Перес қана жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

1999 жылы Қазақстан ұлттық құра­масын жаттықтырған Тұрсынғали Еділов жастарды көптеп тарта бас­тады. Солардың бірі – Нұржан Кәрім­жанов еді. 60 келі салмақ дәре­же­сін­де бақ сынап жүрген Руслан Муси­нов, Аслан Егубаев, Өміржан Әбдірахманов және Асан Сексенбаев сынды сайыпқырандардың арасынан суырылып шыққан астаналық өрен халықаралық додаларда ел намысын қорғауға лайық екенін толығымен дәлелдеді.

– Ұлттық команданың қатарына қабыл­данғанымда қуанышымда шек бол­ған жоқ, – деп бастады өз әңгімесін Нұржан. – Күні кеше ғана Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбрайымов, Нұржан Сманов сынды саңлақтардың өнерін тек теледидардан ғана та­ма­шалай­тын едік. Ал қазір олармен бір залда жаттығып, бір қонақүйде тұ­рып аралас-құралас болу құрметіне ие болдық. Ғанибет қой! Сонымен қа­тар командамыздың ардагері Серік Өмірбековтен көп тағылым алдық. Серік аға бізден бақандай 15 жас үл­кен. Көр­гені, көңілге түйгені мол. Еңбек­қор­лығы жағынан жалындап тұрған жастардың алдын екі орайды. Кеудесін ұлттық намыс кернеп тұр. Қазақтың нағыз нар тұлғалы, өр мінезді азаматы. Міне, осындай жұлдыздармен бірге жаттығып, бірге жүргеннің арқасында біздің буын тез есейді.

1999 жылы Кәрімжанов Азия чемпионатында өнер көрсету құқығына ие болды. Ташкентте жалауы желбіреген жарыстың жалпы есебінде Өзбекстан құрамасын қалай да бірінші орынға шығаруды мақсат тұтқан қазылар біз­дің жігіттерге көп қиянат жасады. Оны жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Нәтижесінде 12 салмақ дәрежесі бойын­ша өткен бәсекеде отандастарымыз 11 жүлде алғанымен, соның екеуі ғана алтын еді. Ташкент төрінде атақ­ты Ермахан Ыбырайымов пен да­рынды жас Нұржан Кәрімжанов қа­на чемпиондық атаққа қол жеткізді. Осы табысының арқасында айтулы боксшыға Сидней Олимпиадасына жол ашылды.

Ғасырлар тоғысында алауы тұ­тан­­ған Олимпия ойындарында Нұр­жан Армения мен Аустралия өкіл­де­рін ұтқанымен, ширек финалда украи­налық Андрей Котельникке есе жіберді. Десек те төрткүл дүниенің әр қиырынан кіл мықтылар жиналған осындай дүбірлі доданың бел ортасына жету 20 жастағы жас боксшы үшін жаман нәтиже емес еді.

2002 жылы Пусанда ұйымдас­ты­рыл­ған Азия ойындарында астаналық өрен алдына жан салмады. 63,5 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Кәрім­жанов жартылай финалда сол кез­дері Өзбекстанның намысын қор­ғаған қазақ боксшысы Бақыт Сәрсек­ба­евқа сан соқтырса, ақтық айқаста пә­кіс­тандық Асқар Әли Шахты шаң қаптырды.

2004 жылы Афина Олимпиадасында Нұржанның жүлде алатынына күмән­дан­ғандар кемде-кем еді. Олай деуге негіз, соңғы төрт жыл аралығында ол талай ұлы дүрмектерде ысылып, бұғанасы әбден бекіді. Үлкен тәжірибе мек­тебінен өтті. Жоғарыда аталған жа­рыс­тардан бөлек, Шығыс Азия, Орта­лық Азия, Афро-Азия ойындары, әлем кубогі, көптеген халықаралық тур­нирлер және Қазақстан мен Куба құ­ра­малары арасында бірнеше мәрте ұйым­дастырылған матчтық кездесулерде жеңімпаз да атанды, жүлделі орындарды да иеленді.

Ежелгі Эллада еліндегі жарыстың бас­тапқы бәсекелерінде Мексика мен Марокко боксшыларынан басым түс­кен Кәрімжанов ширек финалда болгариялық Борис Георгиевпен шеберлік байқасты. Таразы басы ұзақ теңселген жекпе-жек 20:18 есебімен қарт құрлық өкілінің пайдасына ше­шіл­ді. Осы екі ұпай қазақ жігітін Олимпиада жүлдесінен айырды.

– Сидней мен Афинада өткен Олим­пия ойындарында қатысып, екі ре­тінде де жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүріндім. Әрине кеу­де­де бір өкініш қалды. Амал нешік, ға­ламдық додада жеңіс тұғырынан қол бұлғау бақыты маған бұйырмады. Алайда соған күйініп, өз-өзіңді езе бер­геннен ештеңе өзгермейді. Содан кей­ін былғары қолғабымды шегеге ілдім. Ол кезде жасым 25-ке де тол­ған жоқ. Әрине әлі де бірер жыл жұ­ды­рық­тасуыма болатын еді. Бірақ Афина Олимпиадасынан кейін бокс-
ке де­ген құштарлығым күрт кеміді. Бұ­рын­ғыдай жаттығу залына келіп, жанымды салып даярлануға зауқым соқпады. Оның үстіне отбасылы болдым, бала-шаға өсіп келеді. Әке-шешем қарапайым зейнеткерлер. Олар­ға қолғабысымды тигізуім керек. Осы­ның бәрін ой елегінен өткізе келе, жо­ға­рыдағыдай қадамға бардым, – деп кейіпкеріміз ақтарыла сөйледі.

Қысқаша баяндасақ, Астана төрінен айбынды ареналарға ақжолтайлап шыққан боксшының жүріп өткен жолы осындай. Ең бастысы Нұржан Кәрімжановтың салып кеткен сара жолы осы өңірдің жас өрендеріне жұғыс­ты болды. Көп ұзамай-ақ елор­да­лық былғары қолғап шеберлері көп­теген дүбірлі додаларда топ жарып, халықтың ақ алғысы мен ыстық ықы­ласына бөленді.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»