Әлем • 28 Маусым, 2018

Басқа басылымдардан: ҚХР айға ғарыш стансасын жібереді

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: ҚХР айға ғарыш стансасын жібереді

Шеру салдарынан экономикаға нұқсан келді

Дүйсенбіден Аргентинада жаппай шеру болып, көптеген қоғамдық қызмет тоқтап, эко­но­микаға айтарлықтай нұқ­сан келді. Шеруге шық­қандар айлық­ты көтеруді талап етіп, Халық­ара­­лық қаржы қоры мен ел билігі ара­сындағы құны 50 миллиардтық келісімге қарсылық білдірді.

Al Jazeera арнасының хабарлауынша, наразылықтың кесірінен Аргентинадағы қо­ғам­дық көлік қызметі тоқтаған. Әуежай жұмыс­шы­ларының ереуілге шығуы салдарынан 600-ге жуық әуе сапары кейінге ше­ге­ріліп, 71 мыңға жуық жолаушы зардап шеккен.

Сонымен қатар дүкендер, жанармай бе­кет­тері, мектептер, банктер және порттар жұ­мысын тоқтатқан. Ел астанасы Буэнос-Айрес көшелерінде көліктер кептелген.

Аргентина билігі таяуда жалақы мөл­шерін 15 пайызға ғана ұлғайту жө­нін­де шешім қа­былдаған болатын. Ал елд­егі инфляция мөл­шері 26 пайызға жеткен. Жұмысшылар би­ліктің осы ше­шіміне наразылық білдіріп отыр.

Сонымен қатар президент Маурисио Макри ұлттық валютаны девальвациядан сақтап қалу мақсатында Халықаралық қаржы қорымен келісіп, 50 миллиард доллар кредит алуға қол жет­кізді. Несие шартына сәйкес, 2019 жылы қаржы тапшылығын 1,3 пайызға дейін азайту қажет. Өз кезегінде бұл бюджеттік қыз­мет­керлерді көптеп қыс­қартуға әкеп соғып, жұ­мыс­сыздар санын арт­ты­руы мүмкін. Қазіргі таң­да Аргентина хал­қының 9 пайызы жұ­мыс­сыз.

Жалпы, бұл – Аргентинаның Бүкіл­­ха­лық­тық еңбек конференциясы ұйымдастырып отырған үшінші шеру. Ұйым құрамында үш миллионнан астам жұмысшы бар. Бұ­ған дейін олар 2017 жылғы сәуірде және желтоқсанда жаппай ереуілдеген болатын.

ҚХР айға ғарыш стансасын жібереді

Қытай билігі ғарышты игеру үшін бір­­қа­тар шаралар атқарып жатыр. Солар­дың бірі – айды зер­т­теуге арнал­ған аппарат жібе­ру. Таяуда ай­дың бізге кө­рін­бейтін бетін бар­лау мақсатында Queqiao қондырғысы жібе­рі­летіні мәлім болған-ды.

ChinaDaily сайтының пайымдауын­ша, бұл сапар – айдың бізге көрінбейтін бетін бағдарлап, айды зерттеу жұмыстарын жетілдіруге оң ықпалын тигізбек. Ғарыш аппараттары айға «Чанъэ-4» ғарыш стансасымен жеткізілмек. Атал­ған миссия 2016 жы­лы жүзеге асуы тиіс бол­ған. Бірақ түр­лі себептерге байланысты кейінге ше­герілді.

ChinaDaily-ге сұхбат берген Бейжің ға­­лымы Чжэн Юнчуньның айту­ынша, осы қон­дырғылар арқылы аспан әлемін кеңі­нен зерттеу­ге мүмкіндік туады. Өйткені  Айда ауа болмағандықтан, телескоп­тар ғарышты анық көруге жағ­дай жасайды.

Оңтүстік Корея мен КХДР келісімі

Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея де­ле­гациясы түрлі жағдайларға бай­ланыс­ты отбасынан айрылып, ше­ка­раның екі жа­ғын­да қалған отбасыларды табыстыру бағ­дарламасын қайта жалғастыруға қатысты келіссөз өткізді.

Бұл келісім екі ел арасындағы қарым-қаты­нас­ты жақсарту мақсатында ұйым­дас­тырылып отыр. Естеріңізде болса, сәуірде Оңтүстік Корея­ның пре­зиденті Чже Ин Мун Солтүстік Корея бас­шысы Ким Чен Ынмен кездескен болатын. Атал­ған жиын­да президенттер қазіргі таңда туын­да­ған қи­ындықтарға тоқталып, бірқатар мәсе­ле­лер­ді талқылаған еді. Соның бірі – екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынасты жақсарту.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жиын барысында КХДР делегациясын бастап келген Пак Йонг: «Біз өзара сенімді нығайта отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге талпынамыз. Басшыларымыз бастап берген келісімді одан әрі жалғастыру біздің міндетіміз» деген екен.

Өз кезегінде Оңтүстік Корея өкіл­дері бөлі­ніп кеткен отбасыларды қайта табыс­тыру бағ­дар­ламасын жалғастыру адам құқығы мәселесі екенін жеткізген.

Айта кетерлігі, Корей түбегіндегі соғыс ке­зін­­­де көптеген корейлер отбасынан ажырап, ше­к­­араның екі жағында қалып кеткен еді. Олар­ды қайта табыстыру жұмыстары бұ­ғ­ан дейін де бір­неше рет өткізілді. 2000 жылдан бері 23 676 аза­мат қайта табысқан екен.

Қазіргі таңда Корей соғысының зардабын тартқандардың алды 80-нен асып кеткен. Reuters агенттігің хабарлауынша, осы бағ­дарлама аясында ағайын-туғанымен қайта кезд­есуге өтініш білдірген 131 мыңнан астам адамның 56 пайызы қайтыс болып кеткен.

Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»