Спорт • 28 Маусым, 2018

Жансай СМАҒҰЛОВ:Еңбекқорлық алтын тұғырға шығарады

493 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарағанды өңірінің балуандық мектебі әлдеқашан мойындалған. Ағайынды Байшолақовтар салған із тарих беттерінде сайрап жатыр. Бірақ осы үрдіс соңғы жылдары үзіліп қалғандай көрінеді. Өңірдің атынан өнер көрсетіп жүрген дзюдошылардың нәтижелерінде тұрақтылық болмай тұр. Біздің бұл ойымызға ұлттық құраманың белді мүшесі, бүгінде 73 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Жансай СМАҒҰЛОВ қандай уәж айтатынын білу үшін әңгімеге тартқан едік. 

Жансай СМАҒҰЛОВ:Еңбекқорлық алтын тұғырға шығарады

– Шымкенттегі оқу-жат­ты­ғу жиындарында Қы­тайда өте­­тін Гран-приге дайын­дал­­ды­­­ңыздар. Даярлық жұмыс­тары қай деңгейде өтті?

– Жоғары деңгейде ұйымдас­тырылды деуге болады. Ұлттық құра­маның бірінші және екінші нөмірлі дзюдошылары қатысты. Маңызды аламан алдында біраз шынықтық.

– Жыл басында 73 кило сал­­­­мақ дәрежесіне ауысып, бір­­­­­қатар ірі жарыста табысты өнер көрсеттіңіз. Бұл сіздің жа­ңа сал­­маққа бейімделіп үлгер­ге­ні­­­ңізді білдіре ме?

– Жыл сәтті басталған. Бірақ әлі де тұрақсыздық бар. Бірде жеңіс, бірде жеңіліс деген сияқты. Рио Олимпиадасы алдында көп сал­мақ қууға тура келді. Сон­дық­тан төртжылдықтың басты додасынан соң бапкерлермен ақылдаса отырып 73 килоға ауыс­у туралы шешім қабылдадым. Өзіме осы ыңғайлы. Бірақ әлі де дайындықты үдете түсу керек.

– Риодағы сәтсіздік тым көп салмақ қуумен байланысты дей­сіз ғой?

– Жеңілістің 60 пайызы соған тікелей байланысты. Соңғы кү­шім қарсыласыма емес, салмақ қууға кетті. Шамамен бір апта бұ­рын сал­мағымды жеті келіге тү­сіруге кі­рістім. Бастапқыда дие­­таға бет бұр­сам, жарысқа екі-үш күн қал­ған­да қалған сал­мақ­тан арылу үшін көп күш жұм­сауға тура келді.

– Күніне орта есеппен бір ки­­лодай арылу деген оңай емес. Мұн­­дайда бапкерлер қай­да қа­­­рады деген сұрақ туын­дай­ды?

– Бапкерлер штабы мұның бәрін қадағалап отырады. Бұрын­дары әрі кеткенде 4-5 кило сал­мақ қусам, таудағы оқу-жат­тығу жиындары кезінде тағы бірнеше кило қосып алдым. Сон­­­дықтан қиындау соқты. Ал сал­мақ қумаудың тиімді тұсы жарыста 100 пайыз күшіңді қолдана аласың. Шаршамайсың, артық су не тамақ қажет емес.

– Жарыстардағы нәтиже­лер­дің тұрақсыздығы біздің спортшылардың көпшілігіне тән. Осындайда талай рекорд ор­натқан, әлемнің он дүр­кін чем­пионы, Олимпия ойын­дары­ның екі мәрте жеңімпазы фран­цуз Тедди Ринер секілді саң­лақтар еске түседі. Оларға жа­салған жағдай біздің балуан­дарға да жасалмай ма?

– Мәселе талантта. Талант пен еңбекқорлық ұштасқан кезде ғана дәл сіз айтып отырған Ринер секілді адам сенгісіз көр­сет­кіштерге жетуге болады. Ең­­­бексіз талант далада қалуы мүм­­кін. Өзімді талант­ты­­мын деп есептемеймін, бірақ еңбек­қор­мын. Дәл осы қасиет­­тің арқа­сында Олимпия ойындарында бақ сынадым.

Спорттағы жақсы нәтиженің тағы бір кепілі – тәртіп. Тамақ­тану, ұйықтау, жаттығу жасау – осының барлығы өз уақытынан ауытқымауы керек. Жыл немесе төрт жыл бойы бабыңды сақтап қалу да өте қиын. Пенде болған соң көңіл күй төмендеп, кейде денсаулығың сыр беріп жатады. Кейде нағыз бабыңда барсаң, бағың жанбай қалады немесе керісінше, орта дайындықпен барсаң, жолың болып чемпион атануың мүмкін.

– Жыл басында құрама тіз­гі­нін Айдын Смағұлов ұста­ды. Жаңа бапкер келгелі қан­дай өзгерістер байқалды?

– Айдын ағамыз – Олимпия ойындарында қола жүлдегер атанған адам. Дзюдоны, спортты, спортшылардың жай-күйін жақсы біледі. Бапкер ретінде де тәжірибесі мол. Сондықтан ол кісінің бағдарламасы, ақыл-кеңесі біз үшін өте маңызды. Алдағы Азия ойындары, әлем чемпионаты мен Олимпиадада Айдын ағаның еңбегі өз жемісін беріп қалар деп ойлаймын.

– Бас бапкер әлем чемпио­натында бір алтын, бір қола жүл­деден үмітті екенін айтыпты. Сіздің ол кісінің кім­ді жүл­­дегер ретінде меңзеп отыр­ға­ны­нан хабарыңыз жоқ па?

– Ол жағы Айдын ағаның өзіне ғана аян. Әлем чемпионаты алдында Азия ойындары бар. Меніңше, басымдық осы аламанға беріледі. Құрамадағы бірінші нөмірлі спортшылар Джакартада бақ сынайды. Сары құрлықтың олимпиадасы ғой. Ал әлем біріншілігі жылда өтеді. Бакуге екінші құрам да баруы мүмкін. Құрам әлі нақтыланады. Былтырғы Қазақстан чемпио­наты, биылғы халықаралық жарыстардың нәтижелері еске­ріледі. Азия ойындарына Елдос Сметов, Ислам Бозбаев және бұйыртса, мен баруым мүмкін. Басқа салмақтар әзірге маған белгісіз. Құрама мүшелері ойындардан соң да бабында болса, онда араға екі апта салып Бакудегі әлем чемпионатына аттанады.

– Дзюдода, әсіресе, сіздің сал­­мақта азиялық балуандар мықты. Токиоға дейін жаңа салмақта да біраз тәжірибе жинап, пси­хологиялық тұрғыда дайын болуға да уақытыңыз бар екен ғой...

– Рас, 2010 жылдан бері 73 килода сары құрлық дзюдошылары дес бермей келеді. Енді Токиоға жан-жақты дайын болып баруға тиіспін. Мұндай аламандардың алдында қарсылас туралы ойлай берудің қажеті жоқ. Жарыс алдында көңілімді спорттан бөлек дүниелермен аулауға тырысамын. Оқу-жаттығу жиындарынан тыс уақытта ауылға кетемін. Себебі шаһар өмірі адамның бойындағы энергия­ны сорып алады. Қарағанды облысының Шет ауданының тумасымын. Туған жерге барып атпен серуендеп, достарыммен кездесемін. Ауылдағы дзюдо залына барып, балалардың жаттығуына қатысамын.

– Биылғы сұхбатыңызда дзюдоға 18 жылдай бұрын, шамамен 2000 жылы келгеніңізді айтыпсыз. Дәл осы жылы Айдын Смағұлов олимпиадада қола жүлдегер атанған еді. Тектеріңіз де бірдей. Бұл жай ғана сәйкестік емес тәрізді...

– Көпшілігі әлі күнге дейін «Айдын Смағұловтың бауы­рысың ба?» деп сұрайды. «Ол кісі Жетісуда, мен Сарыарқада туғанмын. Тегіміз ғана бірдей» деп жауап беремін. Дзюдоға да достарымның ықпалымен келгенмін. Ауылға жаңадан бапкер келіп, қасымдағы балалардың ай­туымен сол кісіге шәкірт бо­лып барғанбыз. Алғашқы жат­тығуда ептілігіммен көзіне түс­сем керек, әлгі ағайымыз мені дзюдошы етіп шығарғысы келді. Тіпті, кимоносын сыйға тартты. Бірте-бірте Қарағанды қаласына жарыстарға баратын болдық. Ауыл баласына қала көру деген үлкен арман емес пе. Сол қызығушылықтың бәрі спортқа деген махаббатқа ұласты.

– Көпке дейін Қарағанды дзюдо мектебінің түлектері құ­ра­мада мықтылықтарын бай­­қа­тып келді. Бүгінде жағ­дай өз­герген. Не себеп деп ойлайсыз?

– Бұған дейін құрамада Ержан Шынкеев, Максим Раков, Ислам Бозбаев төртеуміз Қарағанды облы­сының атынан өнер көрсе­тетінбіз. Бүгінде Шынкеев спорт­тан кетті. Максимнің жара­қаты бар, сондықтан тағдыры бел­гісіз. Ислам да аздаған үзі­ліс­­­тен соң құрамаға оралды. Со­­ған қарамастан облысы­мызда дзюдоның даму қар­қыны төмендеген жоқ. Азия бірін­шілігі секілді көптеген ха­лық­аралық, елішілік додаларда топ жарып жүрген жастар бар. Конфедерация кубогін қа­рағандылық дзюдошылардың ұтуы бекер емес. Себебі тұң­ғыш әлем чемпионы Максим Раковтың, Те­міртауда Бозбаев жаттыққан зал бар. Соларды үлгі тұтып, соларға еліктегендіктен бе, көздерінен от шашып, жеңіске жетеміз деп құлшынып тұрған ізбасарларымыз аз емес.

 

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист