Қазақстан • 28 Маусым, 2018

Бас басылым «Үркер» ұлттық сыйлығына ие болды 

643 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанадағы Қазмедиа орталығында баспасөз, радио және интернет-журналистика саласы бойынша «Үркер-2018» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Бұл сыйлық Ақпарат және коммуникация министрлігінің бастамасымен БАҚ қызметкерлеріне былтыр бірінші рет берілген болатын. 

Бас басылым «Үркер» ұлттық сыйлығына ие болды 

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

Ұлттық сыйлықты ұйымдастырушы – «Qazcontent» АҚ. Биылғы "Үркер" ұлттық сыйлығы "Қазақ" газетінің 105 жылдығына арналды. Баспасөз өкілдерінің арасындағы беделді марапат журналистика мәртебесін арттыруға және оның кәсіби стандарттары мен критерийлерін бекітуге, аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға, тілші қауымының азаматтық белсенділігін көтеруге бағытталған. Конкурс талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтай отырып, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесіне құрмет көрсетуді және өткен жылдың қорытындысы бойынша журналистер шығармашылығына қоғам назарын аударуды көздейді. 

Дәстүр бойынша биылғы «Үркерге» үміттілер мен отандық медиа өкілдері және басқа да мәртебелі меймандар ең алдымен қызыл кілеммен жүріп өтті. Тікелей эфирге қосылған ақпарат құралдарына сұхбат беріп, әсерлерімен бөлісті. Салтанатты жиын қазақстандық БАҚ туралы ақпараттармен бөліскен бейнесюжетпен және журналистердің болмысын бейнелейтін қойылыммен басталды.

Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашев, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай, Президент телерадио кешенінің директоры Ерлан Бекхожин, саясаттанушы Саясат Нұрбек, «Қазақстан тапқырлар клубы одағының» президенті Есен Елеукен, Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығының вице-президенті Әлібек Әлденей және басқа да елге белгілі тұлғалардан құралған қазылар алқасының шешімі бойынша «Үркердің» үздіктері де мәлім болды. Биылғы байқау 14 аталым бойынша өтті. Оның ішінде елорданың 20 жылдығына арналған материал мен үздік вайнды анықтау іспетті жаңа аталымдар бар.

Салтанатты кеште ең алдымен "Үздік аналитикалық материал" аталымының жеңімпазы жария болды. Алғашқы жеңімпаздың аты-жөнін атауға сахнаға шыққан танымал меценат, кәсіпкер Оралбек Ботпай  Ақпарат және коммуникация министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған ұлттық жобаларды қолдауға әрқашан әзір екенін айтса, "Talap" қолданбалы зерттеу орталығының жетекшісі Рахым Ошақбаев жеңімпаздың есімін хабарлады. Үркердей үздіктер шоғырын "Казахстанская правда" газетінің тілшісі Әсел Мұқанова бастады.

Ал "Үздік халықаралық аналитикалық материал" аталымының жүлдесін Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов тапсырды. Аталған номинация бойынша "ЦентралАзияМонитор" басылымының тілшісі Сәуле Исабаева жеңімпаз атанды. Ол бұл сыйлыққа соңғы мерзімде ғана материалдарын өткізгенін, жеңісіне қатты толқып тұрғанын айтты. Сондай-ақ «Үздік репортаж» аталымы бойынша "Today.kz" сайтының тілшісі Илья Астахов, «Үздік фотосурет» аталымы бойынша "Tengrinews.kz" порталының фототілшісі Тұрар Қазанғапов озып шықты және "Астананың 20 жылдығына арналған материал" бойынша «Қазақ газеттері» ЖШС қызметкері Ғалым Омархан лауреат атанды.

Кеш барысында БАҚ өкілдері журналистік зерттеудің жүйрігі Геннадий Бендицкийді еске алып, әріптестерінің естелігін тыңдады. Бұдан кейін  "Үздік журналистік зерттеу» аталымының жеңімпазын жариялау үшін сахнаға көтерілген белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов отандық медиада журналистік зерттеу ең күрделі, екінің бірінің тісі бата бермейтін батыл жанр екенін атап өтіп, сәйкесінше оны дамыту қоғамның ашықтығын да қалыптастыратынын, баспасөздің де беделін көтеретінін айтты. Бұл номинацияда "Time.kz" журналисі Асқар Джалдинов жеңімпаз атанды. Сол сияқты "Экономика мен қаржы туралы үздік материал" аталымы "Капитал.кз" газетінің редакциясына тиесілі болса, «Үздік сұхбат" аталымы «Айқын» газетінің журналисі Гүлзина Бектасоваға бұйырды.

"Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымының жеңімпазын жариялау барысында "Кім алса да "Нұр Отан" партиясының мүшесі алса деймін" деп  ұтымды әзілдеді. Бұл сыйлықты Yvision.kz тұғырнамасының өкілі Яков Федоров жеңіп алды. 

Цифрлы технологиялар дамыған қазіргі кезеңнің айнымас бөлшегіне айналған вайнерлер арасында алғаш рет жарияланған "Үздік вайн" аталымын Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев тапсырды. Министр қазақ баспасөзінің Шер-ағасы атанған Шерхан Мұртазаның әйгілі "Журналистердің арқалағаны алтын, жегені жантақ" деген сөзін мысалға келтіре отырып, журналистердің нәсібіне алтын бұйырсын деген тілегін жеткізді. «Үздік вайн» аталымы Нұрлан Батыровқа бұйырды.

Сондай-ақ «Үздік аймақтық радиостанса» аталымында Жұлдыз FM радиожелісі үздік деп танылды. «Үздік қазақстандық радиостанса» бойынша «Шалқар» үн торабы озып шықты.

«Үздік Интернет БАҚ» аталымының жүлдесін Қазақстан Президентінің Баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев пен  Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова тапсырды. Сенатор өз тілегін ағылшын тілінде жеткізді. Бұл аталымда Informburo.kz ұжымы жеңімпаз болды.

Ал «Үздік аймақтық баспасөз» аталымында кеше ғана Талдықорған қаласында 100 жылдық мерейтойын атап өткен Алматы облысының «Жетісу» газеті жеңімпаз атанды.

Сахнаға көтерілген еліміздің алғашқы Ақпарат министрі, Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов бұл күннің тек баспасөз мерекесі ғана емес, руханият мерекесіне айналғанын атап өтіп, «Үздік республикалық баспасөз» аталымының жеңімпазын жариялады. Бұл аталым бойынша келер жылы ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы жеңімпаз атанды. Сенатор басылым басшысы Дархан Қыдырәліге сыйлық мүсінімен бірге "Қазақ" газетінің ең алғашқы саны бейнеленген байқаудың ең басты естелік кәдесыйын тарту етті. Өз кезегінде басылым басшысы аталған  шараны ұйымдастырған Ақпарат және коммуникация министрлігіне, қазылар алқасына газет оқырмандары атынан ризашылық білдіріп, "Егемен Қазақстан" газетінің бүгінде Орталық Азия аймағындағы ең ірі таралымға ие екенін атап өтті. 

"Былтыр біздің басылымның журналистері "Үркер" ұлттық сыйлығының үш аталымына ие болған еді. Биыл газет редакциясы алып отыр.  Бұл Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік еңбек еткен бірегей басылымға көрсетілген құрмет деп білемін", деді газет басшысы.

Айта кеткен ләзім, биыл екінші мәрте өткен бұл байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мәселен, үміткерлер есімі жарияланып жатқан кезде алып экрандардан олардың тікелей көрсетілуі байқаудың шынайылығын үстей түсті. Сонымен бірге байқаудың лауреаты атанған журналистерге естелік мүсін мен қаржылай жүлделер табысталғанын, әр жеңімпаз 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен дәстүрлі естелік мүсінге ие болғанын айта кеткен абзал. Кеш барысы өнер шеберлерінің әсем ән-күйімен әрлене түсті.

Думан АНАШ, 
«Егемен Қазақстан»