Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Шымкентте 2 бө­бек­жай-балабақ­ша пай­далануға берілді

765 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында «Дос­­тық» және «Әйгерім» бө­бек­жай-балабақ­ша­лары пай­далануға берілді. «Әй­ге­рім» – психикалық дамуы шек­теу­лі балаларға, «Дос­­тық» – ті­рек-қимыл функ­­ция­лары бұзылған бала­лар­ға арналған. Ар­нау­­лы коррек­циялық қос бө­бек­­жай-бала­бақша жал­пы 110 орынға ла­йық­тал­ған. Әлеуметтік нысандар кәсіпкер, меценат, «Қа­зақстанның 100 жа­ңа есімі» жобасының жеңім­пазы, об­лыстық мәсли­хат­тың депу­таты, «ОТАУ груп» ком­паниясының бас ди­рек­торы Қайрат Молда­сейі­тов­тің демеушілігімен салынды.

Шымкентте 2 бө­бек­жай-балабақ­ша пай­далануға берілді

Жоба­ның жалпы құны – 280 млн теңге. Балабақшалардың ашылу салтанатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тағдырдың салғанына еріксіз мойынсұнған жас жеткіншектерге қолұшын созып, көмек берген кәсіпкерге алғысын білдірді. Сондай-ақ облыс әкімі де­меушілік жасап жүрген кәсіпкердің еңбектері өзгелерге үлгі боларлық шынайы патриотизмнің көрінісі екенін айтып өтті. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сында туған жерін ұмытпай, оған қам­қорлық жасағысы келген кәсіп­кер­лерді, шенеуніктерді, зиялы қа­уым өкілдері мен жастарды қолдау керек­тігі, бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезімнің әркімде болуы айтылған болатын. Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін назарынан тыс қалдырған емес. Яғни мемлекеттік қолдау көрсетіліп, кәсіпкерліктің дамуына барлық жағдай жасалып келеді. Біз де мүмкіндігімізше мұқ­таж жандарға көмектесіп, елімізде әлеуметтік жағдайдың жақсара тү­суіне үлес қосуымыз қажет. Осы орай­да біздің компания жүзден астам балаға қуаныш сыйлап отыр. Игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді бизнесінен түскен табысынан жыл сайын елдің игілігі үшін әлеуметтік маңызы бар нысанды тапсырып отыруды ұстаным еткен Қайрат Молдасейітов.

Жалпы, оңтүстікте «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер демеушілігімен көпте­ген әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Айта кетелік, Түркістан облысында «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы жүріп жатыр. Мереке қарсаңында облыста және Шымкент қаласында әлеуметтік нысандар мен кәсіпорын саласында 20 нысанды ел игілігіне беру көзделген. Пайдалануға бері­ле­тін нысандардың қатарында 4 балабақша, Шардара ауданында 10 пәтерлі екі қызметтік тұрғын үй мен Төле би ауданында 20 пәтерлі бес қабатты, ал Бәйдібек ауданында 1 пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үй бар.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы