Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Данияр Абулғазин: Атлеттерді даярлау үшін әлемдік тәжірибелерді зерттедік

327 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстандық спортқа жаңа леп келгелі жарты жыл болды. 1 қаңтардан бастап елімізде «Дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Жаңа заң іс жүзінде қалай жүзеге асуда және қандай өзгерістер орын алғаны туралы Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Данияр АБУЛҒАЗИН айтып бермек.  

Данияр Абулғазин: Атлеттерді даярлау үшін әлемдік тәжірибелерді зерттедік

– Данияр Рүстемұлы, жаңа заң күшіне енді. ҰОК қыз­метінде жарты жыл ішінде қан­дай өзгерістер болды? 

– Өзгерістер тек біздің ұйым­ның жұмысында ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы бүкіл олимпиадалық қозғалыста да орын алды дер едім. Бұл ҰОК, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялар, барлық мәселелер бойынша тығыз байланыс жасап отыр­ған салалық министрлік секілді тұтас бір жүйеге қатысы бар мәселе. Ендігі кезекте олар әрқай­сысы өзіне тиесілі спорт түрін әкімшілендіру ісіне, бизнес-процеске де етене араласа бастады. 

Біз жұмыс істеуге қолайлы жағдайлар жасаудан бастадық. Бұрын кез келген федерацияның кеңсе жалдап, кәсіби заңгерлерді жұмысқа алуға мүмкіндігі бола бермейтін. Спорттық менеджерлер туралы айтпай-ақ қоялық. Ал қазір оларға мұндай мүмкіндік беріліп отыр. Сонымен бірге федерациялар енді өздерінің қалауы бойынша құрама командалар үшін спорттық жабдықтар мен құрылғылар сатып алуға қатыса алады. Жаңа қарым-қатынас жүйесіне өту кезінде олар бізден заңдық, спорттық, экономикалық секілді қажетті қызметтер алды. Біз міндеттелген бюрократиялық процедураларды барынша азайтуға тырыстық. Әлбетте, әлі де мәселелер туындап жатады. Бірақ олар жұмыс барысында шешіледі.

– ҰОК-тің өзінде қандай өзгерістер болды? Барлығы сіз­дердің ойлағандарыңыздай жүзеге асты ма?

– Барлығы біз ойлағандай болды деп айтқан дұрыс емес сияқты. Біз бірінші кезекте бүкіл елге ортақ мүдде мен спортты дамытуға көбірек мән береміз. Өзгерістер болмас бұрын өте ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар заң күшіне енгенге дейін жүзеге асты. ҰОК-де федерациялармен тығыз байланыста жұмыс істейтін толыққанды қызметтер жүйесі қалыптасқан. Жаңа Спорт дирекциясы құрылды. Оның басшылығына Елсияр Қанағатов тағайындалды. Оны елге таныстырудың қажеті жоқ шығар, спортқа қандай да бір қатысы бар жандардың бар­лығына оның есімі таныс. Бізде қазір тәжірибе мен жастық жа­лын көбірек бағаланады. Сондықтан дирекцияның спорт­­тық қыз­меттерінде жас әрі білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың қатарында өз саласының жілігін шағып, майын ішкен бұрынғы мықты спорт­шылар да бар. Астана елі­міздегі олимпиадалық спорттың орталығына айналуда десем, артық айтпаспын. Спорт дирекциясының қызметі Халық­ара­лық олимпиада комите­тінің бас кеңсесіндегідей ұйым­дас­тырылған. Жабық кабинеттер деген атымен жоқ. Тек қана ашық алаңдар бар, яғни «open space». Қазіргі таңда ҰОК-де алпыс­тан астам қызметкер жұмыс атқаруда, олардың көпшілігі дәл осы Спорт дирекциясында жұмыс істейді. 

– Кешенді ғылыми топтар (КҒТ) туралы тағы бір сұрақ. Федера­циялардың санын еске­­­ретін болсақ, бұл көлемді жұ­мысқа айналып кетеді. Бізде осын­ша маман бар ма?

– Шыны керек, бізге ең бірінші тап болған жұмыс – ол кадр мәселесі. Қазақстанда біліктілігі жоғары дәрігер соншалықты көп емес. Одан бөлек, әрбір топта диетолог, психолог, биохимик, биомеханик және массажшы болуы тиіс. Мұндай топтарды құру барысында ұлттық құрамалардың талабы ескеріледі. Бүгінгі таңда біз кешенді медициналық қызмет көрсететін топтар үшін 60-тан аса маманды қызметке тарттық. Қазіргі кезде көркем гимнастика, байдарка мен каноэде ескек есу, семсерлесу, биатлон, су добы мен каратэден және өзге де ұлттық құрамаларда КҒТ мамандарымен бірлескен оқу жаттығу жиындары өтуде. Олар тек спортшылардың денсаулығын қадағалап қана қоймайды, ҰОК-тің спорттық медицина және антидопинг департаментінің қадағалауында болады. сондай-ақ атлеттерді емдеу, қалпына келтірумен, диагностика әдістемелерін дайындап, енгізіп, жетілдірумен, олардың тамақтануы мен функционалдық жағдайын бақылаумен, меди­циналық тексеру жүргізумен айналысады. Жақын арада КҒТ спортшыларға жедел биохи­мия­лық, биомеханикалық және басқа да бақылау жасау үшін арнайы мобильді медициналық кешендер алады. Содан соң  біз спортшылардың жағ­дайынан хабардар болып, қиын сәттер туындайтын сәтте алдын ала хабарлап, дер кезінде көмек көрсетіп, олардың жалпы физикалық әлеуетін жақсартатын боламыз. Азия ойындары мен Жасөспірімдер олимпиадасына дейін барлық ұлттық командалар толығымен медициналық КҒТ-мен жабдықталады. 

– Допингке қарсы бақылау да осы мамандарға жүктеле ме?

– Бұл мамандардың алдына қойылған басты міндеттердің бірі. Кешенді ғылыми топтар үнемі түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп отыруы керек. Осы орай­да, әрбір спортшы ең алдымен өзі жауапты екенін ұмыт­пау керектігін ескерткім келеді. Бұл тұрғыда біздің позициямыз өзгерген жоқ – біз тыйым са­лынған дәрі-дәрмекті пай­д­алануға түбегейлі қарсымыз. Сәуір айында біздің бапкерлеріміз бен спорттық дәрігерлерімізге және функционерлерге арнап Алматыда спорттық медицина мен антидопингке қатысты халықаралық семинар-конференция өткіздік. Әлемге танымал мамандар аталған семинарда спикер болды. Олар өз сөз­дерінде маңызды мәселелерді айтып ғана қоймай, спортшыларды ірі жарыстарға кешенді түрде дайындау және атлеттерді қалпына келтіруге арналған заманауи әдістерін алға тартты. Біздің мамандар ірі форумға қатысу мүмкіндігіне ие болып, әлемдегі үздік тәжірибелер мен маңызды мәселелерді өз әріптестерімен талқылады.

– Қазақстан ҰОК қазіргі таңда ел аймақтарын аралауда. Ол жақтарда спорттық ин­фра­құрылымдарға қатысты сұрақтар көтеріле ме?

– Бұл да, басқалары да бар. Бірінші кезекте, біз аймақтардағы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қандай кедергілер барын анықтауымыз керек. Тамыз­дың соңында аймақтардағы олимпиадалық қозғалыс пен бұ­қа­ралық спорттың, балалар мен жасөспірімдер спортының дамуы және спорттық инфрақұ­рылымның жағдайы туралы нақты мәліметтер аламыз. Біз спорт­тың шын мәнінде дамып, бұқаралық сипат алға­нын, қолжетімді болғанын мақ­сат еттік. Барлық аймақта об­лыс­тардағы тұрғындармен ғана емес, басшылықпен де кезде­су өткізіледі. Спорттық инфрақұ­рылымды дамыту дегеніміз өте кең көлемдегі жұмыс, сондықтан жергілікті биліктің қолдауына сенім артамыз. 

– Данияр Рүстемұлы, жаңа форматтағы жұмыстың ал­ғаш­қы жарты жылы артта қал­ды. Қа­зақ­стан ҰОК-нің ал­дағы мақ­­саттарымен бөліссеңіз...

– Федерациялардың жұмысын ұйымдастырудан бөлек, ең ірі мультиспорттық жарыстарды естен шығармау керек. Бұл – Индонезиядағы Азия ойындары мен Аргентинадағы Жас­өспірімдер олимпиадасы. Азия ойындарына аккредитациялау аяқталды. Қазақстан атынан олим­пиадалық спорт түрлерінен төрт жүзге тарта спортшы сынға түседі деп күтілуде. Қазіргі сәтте ұлттық құрамалардың бап­­керлер штабы команда құ­ра­мын жасақтап жатыр. Ал Жасөспірімдер олимпиадасына келер болсақ, бүгінге дейін спорттың 11 түрінен 27 лицензия алынды. Әзірге спортшылар саны – 36. Іріктеу турнирлері әлі де жалғасуда, сол себепті, спорттық делегация құрамы әлі де артады деген ой бар. Сондай-ақ 2020 жылғы Токио Олимпиадасына да дайындық жүріп жатыр. Спорт­шыларды дайындау кезінде олардың климатқа бейімделуі өте маңызды саналады. 2018 жылғы Пхенчхандағы қысқы ойындардың алдында қазақстандық коман­далар Оңтүстік Кореяда жат­тығу жиындарын өткізді. Біз Жа­понияның Фукуока және Нара префектураларындағы спорттық нысандарда оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осыған орай, біздің спортшыларымыз бен өскелең ұрпақ қазақстандық жан­­­күйерлерді жарқын жеңісімен қуантады деп сенеміз. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»