Қазақстан • 02 Шілде, 2018

Ұлттық домбыра күні барша қазақстандықтарды ұйыстырған халықтық мерекеге айналды

6757 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық домбыра күніне арнал­ған шараның шымылдығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. 

Ұлттық домбыра күні барша қазақстандықтарды ұйыстырған халықтық мерекеге айналды

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

«Ұлы мұрамыз­ды ұлықтайтын бүгінгі Ұлттық домбыра күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Менің Жарлығыммен жыл сайын осы айдың жексенбісі Домбыра күні деп аталатын мереке болды. Сол Жарлыққа байланысты тек Астанада ғана емес, Қазақстанның барлық түкпірінде, облыс орталықтарында, қалаларда, аудандар мен ауылдарда да бүгін дәл осылай Домбыра мерекесі тойланып жатыр. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол Ұлы Даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар Таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр.

Арал маңында домбыра ұс­таған адамның мүсіні біздің дәуірімізден 4 ғасырдың мұрас­ы болыпты. Ал Алтайдан табыл­ған ата домбыра біздің дәуірі­мізден 5 ғасырға тиесілі. Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстан­ның даласы 4-5 мың жылдан бері осы дом­быраның үнін естіп келе жатыр. Ол бар қазақтың бір екенін, қанымыздың да, жанымыздың да бір екенін дәлелдейтін өте нақты нәрсе. Мойнына көне түркі таңбасымен «жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді» деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бергі қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұлттық аспабымыздың бүгін­де заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосып келе жат­қанын да атап өткен Елбасы домбы­раның қасиеті мен қазақ өміріндегі орнына ерекше тоқталды.

«Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолға алып, сайын даланы жаңғыртып, әуелетіп ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол – қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті.

«Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқы­мыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Бүгін «Қазақ елі» алаңына жинал­ған мыңдаған күйші соның айғағы. Рухани жаңғыруға бет алған халқымыз қасиетті домбыра мен құдіретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл елге, дүниеге паш етіп отырмыз. Осы жерде күмбірлеген күйлер біздің бірегейлі­гіміз бен рухани тұтастығымызды білді­реді. Лайым әр уақытта бізге Жаратқан бірлік берсін.  Осы күйдің бірлігіндей бірлік беріп, елдің болашағын жарқын етсін. Бүгінгі шара өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түседі деп білемін. Ұлттық домбыра күні тағы да баршамызға құтты болсын!» деді Мемлекет басшысы.

Кеше елордадағы «Қазақ елі» мону­ментінің алдындағы алаңда 2000-нан аса күйшіден құралған домбырашылар оркестрі өнер көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыс­қан концертте оркестр дирижері Айтқали Жайымов­тың жетекшілігі­мен домбырашылар «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сары­арқа» күйлерін орындады. Оркестрдің ең жас мүшесі жетіде, ал ең үлкені жетпіс бес жаста.

Концертке қатысу­шылар Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Махамбет», Дайрабай­дың күйі «Дайрабай», Сүгірдің «Ыңғай­көк», Құрман­ғазының «Серпер», «Саранжап» Дәулет­керейдің «Көроғлы», «Қыз Ақжелең», Динаның «16-шы жыл» күйлерін орындады.

«Ұлт аспабы – ұлық домбыраны мемлекеттік деңгейде мерекелеу елдің еңсесін көтеріп, халықтың рухын оятты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы­мен өткен ол шара Гиннесс­тің рекордтар кітабына кіретіндей-ақ биік деңгейде ұйымдастырылды деуімізге болады. Тек елорда төрінің өзінде 2000 домбырашы бір мезетте «Көңілашармен» күйден шашу шашқанда шаттанбаған қазақ қалмаған шығар! Гиннесстің рекордтар кітабына кіруі керек деп отырғаным, біз соңғы рет 2013 жылы Атыраудағы стадионда 1000 адамдық оркестр болып бірге күй тартқан едік. Ал кешегі көріністер ол оқиғаны одан бірнеше есе дамытып әкетті. Домбырамыз дәуірлей берсін, мереке ұзағынан болсын», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Үлкенбаева.

Ал белгілі күйші Секен Тұрысбек болса, ұлттық өнеріміз ұлықталып, домбырамыз дербес күнде тойланатыны қазақ үшін шын мәртебе болғанын айтады.

«Енді осы үрдісті үлкен шеңберде үлгі-насихат құралына айналдыруды қолға алғанымыз жөн. Ел-елде, жер-жерде домбыра жасайтын шеберханалардың жұмысын жандандырып, төл аспапты әр үйдің шаңырағына қолжетімді етуіміз керек. Домбыра дүбірі рухымызды жанып, елдігімізді еңселі етті», деді С.Тұрысбек.

Сондай-ақ «Қазақ елі» монументі алаңында киіз үйлер тігіліп, қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі және бір күндік домбыра музейі ашылды. Экспозицияға келушілер Құрманғазы, Дина, Ахмет Жұбанов, Махамбет, Біржан сал, Есбай Балұстаұлы, Ақан сері, Абай, Жамбыл, Қазанғап, Сүгір аспаптарын тамашалады.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»