Өнер • 02 Шілде, 2018

Карикатура – астарлы сөз, ұтымды ой

892 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада «Егемен Қа­зақстан» газеті жа­риялаған карикатура байқауының жеңім­паздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер, ғалымдар, сондай-ақ сатира жанры­ның сардарлары қатысты.

Карикатура – астарлы сөз, ұтымды ой

Бас басылым «Астана ай­шықтары» тақырыбымен ұйымдастырған конкурсқа рес­публиканың түкпір-тү­пкірінен 20-дан астам үміткер 30-дан аса жұмыс ұсынған. Байқауды ұйымдастырудағы басты мақ­сат – қазақ баспасөзінде ұмы­тылып бара жатқан карикатура жанрын қайта жаңғырту. Егеменнің бұл бастамасын шараға қатысушылар, зиялы қауым өкілдері барынша қолдайтынын білдірді. Көрмеге қойылған үздік 15 суреттің ішінен оза шапқан үш автордың жұмысы жүлделі орындардан көрініп, бір карикатурашы ынталандыру сыйлығына ие болды. Атап айтсақ, бірінші орын алматылық белгілі карикатурашы Ғалым Смағұлұлына беріліп, 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Өскемендік Берік Қайнарұлы екінші (200 мың теңге), ал ақтөбелік Қайрат Болатбайұлы үшінші орынға (100 мың) ие болды. Тараздық Альмира Омароваға ынталандыру сыйлығы берілді. Карикатураға байланысты елімізде ірі конкурстар 20 жылдан бері бірінші рет өткізіліп отыр.

«Астана қаласының 20 жыл­дығына орай «Егемен Қазақ­стан» газетінің жүлдесі үшін қазақ баспасөзінде ұмы­тылып кеткен карикатура жанрын қайта жаңғыртып, «Астана айшықтары» тақыры­бымен карикатура конкурсын жариялаған болатынбыз. Егеменнің бұл бастамасы суретшілер арасында кеңінен қолдау тауып, конкурсқа 20-дан астам үміткерден 30-дан аса жұмыс келіп түсті. Олардың арасынан ең үздіктері таңдалып, бүгінгі марапаттау рәсіміне келіп отыр», деді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі. 

Карикатура тек кемшілікті ғана көрсететін жанр деп тар ойлайтындар да бар. Бірақ шынтуайтына келгенде карикатура арқылы жақсылықты да, кемшілікті де теңдей етіп көрсетуге болады. Ол суретшінің шеберлігіне байланысты. Бұл конкурстың бас жүлдесін алған шығарма нысанаға өте кең өлшеммен келген. Тақырыпты қылқаламмен ашу, оған ойды ұшастыру – қиынның қиыны. Осы жағынан алғанда жүлдеге ие болған автор ойының ұшқырлығы мен қаламының шеберлігі анық көрінеді.

Карикатура тек қана бір­жақты сын емес. Ол – үлкен өнер, астарлы сөз, тапқыр шешім, ұтымды ой, сараптама мен сынның тоғысы. Кейде карикатураның үлкен мақаланың, кітаптың жүгін арқалап тұратын тұстары болады. Үлкен өркениетті елдерде қазір баспасөз карикатурасыз шықпайды. Бұл – баспасөздің үлкен бір бөлшегі, ірі саласы. Сондықтан бұл саланы да жандандырған жөн.

Карикатура өнерін көп­шілік қауым тек адам танымына әжуалы әзіл әкеледі деп түсінеді. Асылында, ол – бір сәт ой-сананы сергітіп, әжуа­дан бөлек әсерлі ой нұрын шашатын ауқымы кең өнер. Әр қоғам­ның саяси, әлеуметтік, психологиялық, мо­ральдық болмыс-сипаты осы өнерде қылқалам ше­берінің қиялы арқылы қа­пысыз қалыпталады. Осы мақ­сатта карикатураның үлкен мек­тебі бар «Егемен Қа­з­ақ­стан» газеті кенжелеп қал­ған осы өнердің кеңінен да­муына өз үлесін қосып, қыл­қа­лам шеберлерінің оспақ өне­рін оқырмандарға терең наси­хаттауды қолға алып отыр.

Бәйгені ұйымдастыру жұ­мы­сының басы-қасында жүр­ген суретші Айдарбек Ға­зиз­ұлы: «Суретшілерге қо­йыл­ған талап оңай болған жоқ. Карикатура туралы қалып­тас­қан таптаурынды бұзу үшін осындай бәйгелер керек. Астанамыздың жайнаған дидарын осы өнер арқылы беру – қатысушыларға үлкен сын болды. Тапқыр, қиялы жүйрік суретшілер бәйгеден сүрінбей келді», деді.

Шара барысында, сондай-ақ Астана қаласының 20 жыл­дығына арналған «Егемен Қа­зақстан» кітапханасы» серия­­сымен жарық көрген, елор­дамыздың айшықты кел­бетін сөзбен әрлеген «Бақорда» кіта­бының таныстырылымы өтті.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»