Медицина • 03 Шілде, 2018

Көп зейнетақыны көп жұмыс істеген алады

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа 1,8 есеге ұлғаяды деп атап өткені белгілі. Әлеуметтік қам­­сыздандырудың әділетті жүйесін құруда қазіргі зей­нетақы толығымен еңбек өтіліне қарай берілмек. Яғни, Президенттің айтуынша, кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады. Бұған дейін 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейген болатын. Дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақ­стандықтың табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл орайда биыл жыл басынан бастап ынтымақты зей­нет­ақының 8 процентке артқанын да айта кеткен ләзім.

Көп зейнетақыны көп жұмыс істеген алады

Елбасының зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаң­ғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында зейнеткерлік жасында лайық­ты өмір сүру үшін зейнетақы төлемдерінің барабарлығын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға де­йінгі тұжырымдамасы қа­был­данды. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жа­қыпованың айтуынша, тұжы­рымдамада зейнетақы төлемдерінің мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілете, жыл сайын арттыру көзделді. Осы­­лайша, 2018 жылғы 1 қаңтардан бас­тап болжанған инфляцияның деңгейі 6% болғанын есепке ала отырып, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің (ынтымақты зейнетақы) мөл­­шері 8%-ке арттырылды. Базалық зейнетақының мөл­шері 6%-ке артып, 15 274 теңгені құрады. 

Биыл шілдеден бас­тап базалық зейнетақыны та­ғайындау тәртібі өзгерді. Бар­лық қарт адамға еңбек өтілі болғанына немесе болмағанына байланысты демо­грантпен қамтылды. Яғни зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға мемлекет бюджеттен төлеп отырған ба­залық зейнетақының мөл­шері еңбек өтіліне және зей­нетақы жүйесіне қатысу ұзақ­тығына тәуелді болады. Егер бұған дейін зейнеткерлер қауымының бәрі бірдей ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-і мөлшерінде базалық зейнетақы немесе 15 274 теңге алып отырса, енді 1 шіл­деден бастап оның мөлшері зей­нетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артты. Өтілі 10 жылдан аз немесе мүлдем болмаған азаматтарға ба­залық зейнетақының ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің 54%-і белгіленді. Ал 10 жылдан кейін әр жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ге ұлғаяды. Базалық зейнетақының ең төмен күнкөріс деңгейінің жоғарғы мөлшері 100% немесе 28 284 теңгені еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған азаматтар алады. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қа­тысу өтіліне – біріншіден, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған және ын­тымақты зейнетақыны та­ғайындаған кезде есепке алынғ­ан еңбек өтілі, екіншіден, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналарын аударған кезең­дері негізінде есепке алынады, үшіншіден, басқа әлеу­меттік маңызды кезеңдер қа­ралады. Мәселен, баланы 3 жасқа толғанға дейін (жалпы жиынтығы 12 жыл шегінде) және 16 жасқа дейiнгi мүге­дек баланы бағып-күткен ке­зеңі, әлеуетті құрылымдар қыз­мет­керлерінің жұбайла­рының жұмысқа орнала­су мүмкiндiгi болмаған жер­­лер­де тұрған кезеңі, Қазақ­стан Республикасы дипло­ма­тиялық қызметтерінің және халықаралық ұйым­дардың қызметкерлерi жұ­бай­ларының шетелде тұрған кезеңi, басқа адамның кө­мегіне мұқтаж 1-топтағы мүгедекке, 2-топтағы жалғыз­iлiктi мүгедекке және жасына байланысты зейнеткер­ге, сондай-ақ 80 жасқа тол­ған қарт адамдарға күтiм жа­са­ған уақыты есепке алынады. Бұл өзгерістер келешекте зейнетке шығатын және саны 2 148 318 адамды (биылғы 1 мамырға дейінгі есеп) құрайтын бүгінгі зейнеткерлерге қолданылады. Яғни 2018 жылғы шілдеден бастап барлық зейнеткерге автоматты түрде біржолғы базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізіледі. Бұл орайда қосымша құжаттар талап етілмейтінін айта кеткен жөн.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар