Әлем • 03 Шілде, 2018

Жаһан жаңалықтары. «Спортинг» клубына жаңа жаттықтырушы тағайындалды

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Португалияның «Спортинг» клубы Жозе Пезейрудің команданың жаңа бас жаттықтырушы қызметіне тағайындалғанын мәлімдеді. Лиссабондықтар 58 жастағы маманмен бір жылдық келісімшартқа қол қойған. Келісімді мерзімді ұзарту мүмкін екендігі де айтылған.

Жаһан жаңалықтары. «Спортинг» клубына жаңа жаттықтырушы тағайындалды

Португалиялық Жозе Пезейру «Спортинг» командасына осымен екінші рет бас жаттықтырушы болып тағайындалып отыр. Ол 2004-2005 жылдары команданы басқарып, 2005 жылы клубпен бірге сол кездегі УЕФА кубогының финалына шығып, Мәскеудің ЦСКА командасынан жеңіліп қалған еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Спортинг» сербиялық бапкер Синиша Михайловичті клубтың бас бапкер деп жариялап, арадан 9 күн өткен соң оны отставкаға жіберген болатын.

 

«Уимблдонға» үш теннисшіміз қатысады

Кеше Британия астанасы Лондонда теннистен Үлкен дулыға санатына енетін «Уимблдон» жарысы басталды. Аталған жарысқа еліміздің атынан үш теннисшіміз қатысады.

Ерлер арасында Михаил Кукушкин бақ сынаса, қыздар бәсекесінде Зарина Диас пен Юлия Путинцева сынға түседі. Турнир кеше басталса да қазақстандық теннисшілер жарыс жолына бүгін шығады. Диас алғашқы айналымда аустралиялық Дарья Гаврилова (әлемнің 25-ші ракеткасы) күш сынасса, Путинцева польшалық Магда Линеттпен (80) ойнайды. Ал Кукушкин канадалық Вашек Поспишилге (97) қарсы кортқа шығады.
Айта кетейік, «Уимблдон» турнирінде Юлия Путинцева еліміздің бірінші нөмірлі теннисшісі ретінде қатысады. Жуырда ғана жаңарған WTA рейтингінде ол 53-орынға жайғасқан. Диас 54-орында тұр. 


Гран-при жеңімпазы анықталды 

Аустрия тас жолдарында өткен «Формула-1» жарысының тоғызыншы кезеңінде «Ред Булл» командасының өкілі Макс Ферстаппен жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орынды «Феррари» командасының автопилоттары Кими Райкконен және Себастьян Феттель иеленді. 

Феттель тоғызыншы кезеңнің қорытындысы бойынша, жарыс көшбасшысы Льюис Хэмилтоннан 1 ұпай жоғары жинап, 146 ұпаймен жалпы есепте бірінші орынға көтеріліп алды. Хэмилтонның еншісінде 145 ұпай бар. Ал Кими Райкконен 101 ұпаймен үшінші орынды қорытындылап тұр. Гран-при жеңімпазы Ферстаппен 93 ұпаймен бесінші орында келеді. 

Жарыстың келесі кезеңі 6-8 шілде күндері Ұлыбританияның Сильверстоун тас жолдарында өтеді.

Дайындаған 
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»