Әдебиет • 03 Шілде, 2018

Сағат Әбдуғалиев - халықтың жүрегінде қалған ақын

1628 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өлеңсүйер қауым жақсы біледі, Орал өңірінде Сағат Әбдуғалиев (1948-1984) деген ақын өткен. Небәрі 36 жасаған ақын сол қысқа ғұмырында тағдырдың ащы-тұщысын қатар татып үлгерді. Поэзия аспанында жарқ етіп көрініп, өз тұстастарының алды деп мойындалғанымен, көзінің тірісінде бір жинағы шықпады.  

Сағат Әбдуғалиев - халықтың жүрегінде қалған ақын

«...Сайраттың құмбыл құс тілде,
Жанымның жаз ағыстарын.
Тілегім сенің үстіңде 
Кіндік жұрт – Қазақстаным!» – деп жырлаған ақын түрменің де дәмін татыпты, аурухана тө­сегіне де таңылыпты. Ақын Қадыр Мырза Әлі 1979 жылы-ақ «Сағат Әбду­ғалиевтерге қызмет ету – түбінде әде­биетке қызмет ету болып шығады» деп ба­ға­лағанымен, ақын­ның тұң­ғыш жинағы 1992 жылы ғана Орал об­лы­сындағы Чапаев аудандық газет баспаханасынан, сап-сары қағазға басы­лып шығыпты. Оны құрас­тырған – Сағат­тың жиені Гүлнәр Жұмабекова болатын.

Айтпақшы Сағат ақын туралы «Егемен Қа­­зақ­стан» газетінің оқу­шылары жақ­сы білуі тиіс: газет тіл­шілері Сү­леймен Мәмет пен Темір Құсайынның «Ақын да алақұйын ками­кад­зе» атты мақаласы бас басы­л­ымның 2006 жылғы 27 қыркүйектегі №228-231 (24484) санында жария­ланған еді.
«Сағат, асылы, кей­бі­реулердей жан-жа­ғы­на сақтықпен қа­рап, тір­шіліктің ой-шұң­қы­­рынан айналып өтіп, қар­сы келген қиындық пен қырсықтан өзін-өзі қорғауға әзір емес-ті. Олай болып тумаған, он­дай тәрбие алмаған. Керісінше, нөпір жаудың ортасына сауытсыз жарып кірген сарбаздай еді. Қулық-сұмдығы жоқ, бақай есепті білмейтін, өзі ақкөңіл, ­аужар, ақжарқын, арлы болғасын, өз­гелер де сондай болуға тиіс деп ойласа керек. Сосын да болар, онда өзгелердің сөзінен, өсек-аяңынан өзін-өзі қорғайтын иммунитет жоқ еді. Сонымен де ол өмірден көп таяқ жеді. Оның қай өлеңінен де осыдан көрген теперіші тайға таңба басқандай сайрап, көрініп тұрады» деп жазды ол туралы замандасы, оралдық ақын Жанғали Набиуллин.
Сағатты алғаш жоқтап, тұңғыш жинағын шығарған – Гүлнәр Жұ­мабекова десек, республикалық дең­­­гейде іздеу салып, 2008 жылы «Арыс» баспасынан «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты тұңғыш толық­қанды жинағын құрастырған – бард ақын Табылды Досымов болатын. Сағат Әбдуғалиевтің 60 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырып, ақынның туған жері – Тайпақ ауы­лын­да жергілікті ақын Сағынтай Би­сенғалиев пен кәсіпкер Мұхтар Сапарғалиевпен бірге ескерткіш тақта орнатқан да сол.

Бір өкініштісі, Сағат Әбду­ға­лиевке Тайпақта орнатылған сол белгі көп тұрмады. Орал-Атырау күре жолының бойында, ақын зира­тының тұсында қойылған шағын гранит тақтаны әлдекімдер әуелі сындырып, кейін мүлдем орнынан жұлып тастады. Тіпті ақынның зираты басындағы белгі де бірнеше рет бүлінген. Тайпақтағы бұл вандализм туралы баспасөз бетінде дабыл қаққанымызбен, еш нәтиже болмады, кінәлілер табылмады...
Биыл Сағат Әбдуғалиевтің ту­ғанына 70 жыл толды. Жыл басынан бері Ақжайық ауданы әкімдігі мен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйыт­қы болып, ақынның мерейтойына орай аймақтық-республикалық мүшәйра жариялады. Мүшәйра қоры­тындысы Тайпақ ауылында қорытындыланып, ауылдағы сая­бақта Сағат Әбдуғалиевке бюст орнатылды. 

Осы шараға Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүшесі, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры, бел­гілі ақын Жанат Әскербекқызы арнайы келді. 

– Студент кезімізде Сағаттың аудандық баспаханадан шыққан шағын жинағы әлдеқалай Алматыға да жетіпті. Таласып, бір-бірімізден ұрлап алып оқушы едік, – деп еске алады Жанат Әскербекқызы.

«Кіндік жұрт – Қазақстаным» атты жыр мүшәйрасына Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 28 үміткер қа­тысқан екен. Жыр додасының бас бәйгесіне жас ақын Мәрлен Ғи­лымхан ие болды. Оралдық ақын Амангелді Шахин – І орынға, атыраулық Асылай Ниязбаева – ІІ, маңғыстаулық Жұ­магүл Мұрсалова ІІІ орынға лайық деп танылды. Маңғыстаулық Ал­тынбек Әлибаев, оралдық Әділет Орынбасаров, Назгүл Кәрімова, Бек­болат Қаленовтер арнайы сыйлықпен марапатталды.

Сағат ақынның Тайпақтағы ес­керт­кіші жергілікті халықтың, кәсіп­керлердің қолдауымен тұр­ғызылған еді. Осы шараға мұ­рындық болған ауыл әкімі Болат Шәле­нов­тен бұл ескерт­кіштің де ал­дың­ғы белгінің күйін кешіп, бүлініп қал­мауын сұра­дық. 

«Лебіз» деген өлеңінде Сағат ақын­ былай деген екен:

Айқындалар кімдер жабы, кім тарлан,
Болмысынан пенде болмас бұлтарған.
Жүгіремін бір құмарды қуалап,

Жеткізбейді тірліктегі түлкі-арман.

Қанаттары қатаймаған қыр құсын,
Торабында тосып талай тұрды сын.
Таң алдында дауысымды естімей,
Жер бетінде мені жоқ деп жүрмісің?

Жантық болып жорғаламай жұрт алдын,
Жалғыз жүрек ізгілікке іңкәр мың.
Келешегің көкжиегің алда деп,
Тұяғынан от шашады тұлпар-күн.

Мәймөңкелеп талайларды майда тіл,
Парақордың көмейінде пайда тұр.
Жарамсақтар жек көреді жау санап,
Жолдастарға атанбадық «әй, кәпір».

Күндестік қой қазақтағы күшті індет,
Ібілістер табалайды «іштің» деп.
Көңілінен шыға білген жігітке ел,
Көктемдерден ұшырады құс-құрмет.

Борандарда іздестірмей бір ықтын,
Қажетінде қара тасты үгіттім.
Жалғыз ұлы атансам да әкенің,
Жалпақ елге борышы мол жігітпін.

О, тіршілік, жанардағы жарық күн,
Жарық күннен жарағанша мән ұқтым:
Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,
Жүрегінде қалу керек халықтың!
Шын мәнінде шынайы жырларымен халықтың жүрегінде қалған ақынға арналып туған жерінде осындай құрмет көрсетілді. Ұзағынан болсын дейік. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы