Аймақтар • 03 Шілде, 2018

Ақкөлдің ырысы ортаймайды

714 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан жеті жыл бұрын өлкетанушылармен бірге Тор­ғай даласына жасалған тарихи-танымдық экспедиция құра­мында болғанымызда, Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөл төңірегіндегі көл аттас ауылға да жолымыз түскен. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ауыл адамдары экспедицияны күтіп алып, сол өлкенің тарихы туралы әңгіме тиегін ағытқан еді. Сол жолы Ызбан ауылдық округінде бас маман болып қызмет істейтін Рабиға Жақыпбекова апамыз ауыл мектебіндегі музей бұ­рышынан аузын кере ашқан, тіс­тері қасқырдың тісіндей ақ­сиып тұрған шортанның басын көрсеткен еді. Біз сол сәтті фото­аппарат объективіне баса қойыппыз. 

Ақкөлдің ырысы ортаймайды

– Ахаңның Ақкөлінен осыдан 3-4 жыл бұрын ауылдағы Амандық Олжабаев деген жі­гіттің ауына түскен шортанның салмағы 17 килограмм тартты. Ауылдастардың бәріне дә­м ауыз тиюге жеткен болатын. Балықтың басын мектеп музейіне сол жігіттің өзі әкеліп берді, – деген еді апай. Шортан балық Қостанай-Торғайдың өзге де өзен-көлдерінде де кез­деседі. Бірақ шортан біткеннің тұрқы кісі бойындай, салмағы осынша тарта бермейтіні рас. Балығы шоршып жататын Ақкөлдің бір байлығы, қасиеті болар деп ойлағанбыз.

Бірақ соңғы жылдары Ақ­көлге Жыланшық өзені құю­ды қойған болатын. Он шақты жыл су жетпеген соң, көлдің табаны құр­ғап, балықтың қырылған ке­зі де болды. Бірақ табиғаттың бізбен бөлісе бермейтін құпиясы мол-ау. Биыл қыс жұмсақ болып, қар аз түссе де, Ақкөл суға то­лып, кемерінен асыпты. Тек Ақкөл маңы ғана емес, жалпы Торғай даласына су жайылды. Ақкөлдіктердің де, Торғай өңіріндегілердің қуанышында шек жоқ. Ақкөл, сол баяғы бала Ахмет жағалауында жүгірген Ақ­көл түк болмағандай толқып жатыр. Ауыл адамдары бұл күнде қайтадан қармағын дайын­дап, ау тоқуға кіріскен. Аман­­дықтың ауына түскен шор­тан музейде ғана тұра ма де­ген ауыл­дастардың уайымы сейіл­гендей.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,
Жанкелдин ауданы