Қаржы • 04 Шілде, 2018

Еуразияның қаржы қақпасы

463 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан бірер жыл бұрын Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысында Елбасы Н.Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының асқаралы мақсатын «Еуразияның қаржы қақпасына айналу» деп айқындап берген болатын. Содан бергі аралықта қаржы орталығын қалыптастыру бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Ал кеше елордада Astana Finance Days деген атаумен АХҚО-ның ертең болатын ашылу салтанатына орайластырылып әлемдік деңгейдегі маңызға ие бірнеше форум ұйымдастырылды.

Еуразияның қаржы қақпасы

Атап айтқанда, Жаһандық қаржылық форум, Халықаралық капитал нарығы­ның 2-ші Астана форумы, FinTech 2018, Ислам экономикасының Астана форумы, Transformers Roadshow: ғылым, техно­логиялар және инновациялар бай­қауы, «Қазақстан Еуразиялық экономи­калық одағында: одан әрі даму стратегиясы» халықаралық конференциясы өтті.

Astana Finance Days баспасөз конференциясында Шанхай ғылыми зерттеулер орталығы төрағасының орынбасары және бас хатшысы Иде Цяо, АХҚО-ның Орталық Азиядағы ең ірі әрі ықпалды қаржылық орталыққа айналуына толық негіз бар екендігін жеткізді. Бүгінгі таңда Қытай Шанхай қаржы орталығының әлемдегі ықпалын арттыруға аса мән беріп отыр. Әсіресе, Азиядағы қаржы нарығында алар орнын нақтылап, қамту аясын кеңейтуді мақсат еткен. Өз кезегінде «Астана» қаржы орталығы мен Шанхай қаржы орталығы бірлесе жұмыс жасап, өзара тәжірибе алмасуға ниет танытып отыр.

– Шанхай мен Астанадағы қаржы орта­лықтары болашақта бір бағытта жұдырықтай жұмыла жұмыс жүргізіп, бір-біріне қолдау білдіреді деген сенімдемін, – деді Иде Цяо. Оның айтуын­ша, АХҚО-ның Қазақстан эконо­ми­касына қосар үлесі сүбелі бол­мақ. Бұл ретте қаржы саласының барлық бағыттарын әртараптандыруға, құнды қағаздар нарығының жүйелі жүргізі­луіне тікелей ықпал етпек. Ең маңызды бағыттардың бірі – елге сырттан тартылатын инвестициялардың көлемі ұлғайып, экономиканың жандануына мүмкіндік туады.

– Әлемде асығы алшысынан түсіп тұрған ең ірі қаржы орталықтарының жұмы­сына қарасаңыз, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Екінші­ден, қаржы орталығы орналасқан қалада қар­жылық институттардың тұрақ­ты жұ­мыс жүргізуі, банктер мен сақ­тан­дыру, ли­зингтік компания­лар­дың болуы міндет­ті. Бұған қоса, инфра­құрылым мен биржаның қалып­ты жүргізілуі маңыз­­ды. Көріп отырғаны­мыздай, АХҚО-да Биржа ашылған. Бұл Орталық жұмысы­ның ілгерілеуіне негіз болмақ, – деді Шан­хай ғылыми-зерттеулер орталығы төраға­сы­ның орынбасары және бас хатшысы.

Астана Ислам экономикалық форумында сөз алған Ислам даму банкі (ИДБ) тобы президентінің ғылым, технология және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Хаят Синди ИДБ қазақстандық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін хабарлады.

– ИДБ-ның дәстүрлі банктердің қатары­на жатпайтынын, жан-жақты бағыт­та дамитынын айта кетейін. Адам капи­талын жақсартуды көздейтін банк бүгінгі таңда 6 млрд адамға қызмет етіп, қаржылай көмек көрсетіп отыр. Банк тарапынан халықтың тұрмысын жақсарту бастамалары іске асырылуда. Нәтижесі де жаман емес. Ендігі міндет – ғылым мен инженерия саласын етене байланыстыру арқылы қауіпсіз платформаларда жұмыс жасауды жолға қою. Сонымен қатар Ислам әлемін экожүйе арқылы бір арнаға тоғыс­тырып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты жандандыру назарға алынбақ, – деді Хаят Синди.

Оның айтуынша, банк қаржылық қолдау көрсетумен қатар, ғылым мен инвестор арасында дәнекер болып, өзара байланыстың орнауына ықпал етуді көздейді. Жаңа технологиялардың заманында оның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға кеңес береді.

− Ислам әлеміндегі ғалымдар­дың басын біріктіру арқылы жаңа белес­ке қол жеткіземіз. Осы бастама­ны қолға алып отырмыз. Ғылымда техно­ло­гия­лық төңкеріске алып келетін жаңа­лық ашуға құштар жандарға 200 млрд АҚШ доллары көлемінде қар­жы­лық қолдау көрсетуге ниеттіміз.Оның аясында 4 санат бойынша қолдау көрсету жос­парланып отыр. Тұжырымдамалар­ды растау, стартаптарды іске қосу ар­қылы бекітілген жоспарларды бірлесе орындауға әзірміз. Ал ғалымдарға ортақ зертхана ашу мәселесінде өзге де әріптестерімізден қолдау күтеміз. Өз тарапымыздан 1 млрд АҚШ долларын бөлуді қарастырып отырмыз. Біздегі трансферттер мен қорлар, адами ресурстарды дамыту капиталы сіздер үшін де ашық екенін еске саламын, – деді Ислам даму банкі тобы президентінің ғылым, технология және инновациялар жөніндегі кеңесшісі. Бүгінгі күні Ислам даму банкі әлемдегі өзге де дін өкілдерімен жұмыс жасауға ниетті екенін, банк тарапынан қатысушыларға шектеу қойылмайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Ислам даму банкі 50 мың АҚШ долларынан бастап, 1 млн АҚШ долларына дейінгі гранттарды қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Ислам даму банкі тобы президентінің ғылым, технология және инновациялар жөніндегі кеңесшісі сөз соңында қазақстандықтарды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Астана Халықаралық капитал нарықтарының 2-ші форумы аясында өткен «Өтімді биржа құру: жаңа өнімдер және жасанды интеллектінің рөлі, цифрлы технологияларға өту» сессиясында Мәскеу Қор биржасы­ның Басқарма төрағасы Александр Афанасьев жергілікті инвесторлар мен халықаралық инвесторлар арасын­дағы айырмашылық жайында айтып берді. Оның айтуынша халықаралық инвесторлардың тәжірибесі мол. Олар жергілікті инфрақұрылымға қан­дай талап қою қажеттігін жақсы біледі. Сондықтан жергілікті биржаға қолжетімділікті қамтамасыз ету өте маңызды деп есептейді.

Жаһандық қаржы форумында сөз алған Принстон университетінің Вудро Вильсон мектебіндегі халықара­лық қатынастар профессоры Гарольд Джеймс:

– 2008 жылға дейін Нью-Йорк, Лондонда қаржылық жүйе қарқынмен дамыды. Бүгінгі күні дамушы елдерде технологиялық дамудың жаңа саты­сы қалыптасып келеді. Бұл негіз­де экономиканың тұрақтылығын қамта­ма­сыз ету үшін түрлі сценарийлер әзір­­леніп, мемлекеттердегі қаржылық жүйе­нің ұтымды әрі пайда алып келе­тін көздерін қарастыру жолға қойыл­ған. Бұл бағытта Қазақстанның да әле­уе­ті аса жоғары деп есептеймін, – деді.

«Астана» қаржы орталығының ресми ашылуы қарсаңында әлемдік және Қазақстандағы қаржылық жүйенің жан-жақты дамуына бағытталған екі форум ертең жалғасын табады. Ауқымды шараға жер-жаһанның түкпір-түкпірінен атақты экономистер жиналып, Нобель сыйлығы лауреаттары мен халықаралық институттардың жетекшілері, қаржы саласының майталмандары қатысуда.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»