Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Астана шежіресі. 2012 жыл

524 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жылдың алғашқы аптасынан бас­тап Қазақстан біртұтас экономикалық кеңіс­тікке кірді. Кеден тәртібі бірізділікке түсіп, кедендік тариф пен тарифсіз рет­теудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Нәти­жесінде Қазақстан ИЫҰ-ға мүше ел­дердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларына бағытталған экономикалық ынтымақтастық орнатты. Осы жылы Елбасы Н.Назарбаев тара­пынан тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» идея­сы ұсынылып, елімізді дамыған 30 мем­лекеттің қатарына қосу бастамасы көтерілді.

Астана шежіресі. 2012 жыл

15 қаңтар – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депу­тат­тарының сайлауы өтті. Парламент Мәжі­лісінің сайлауында «Нұр Отан» ХДП 81 процент дауыс жинап, жеңіске жетті.

27 қаңтар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуы­ның басты бағыты» атты Жолдауын жария­лады.

19 наурыз – Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕурАзЭқ Мем­лекет­аралық кеңесі және Еуразиялық Жо­ғары экономикалық кеңесі мемлекеттер басшылары деңгейіндегі отырысы өтті.

15 сәуір – «Астана құрдастары» атты байқау 11-ші рет өтіп, оған іріктеу сынынан сүрінбеген 16 оқушы қатысып, бағын сынады.

18 сәуір – Астана төрінде қазақ опера өнерінің негізін салушы, КСРО халық әртісі К. Байсейітованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.

18 мамыр – Конгрес-холлда жас орындау­шылардың «Жас қанат» республикалық байқауы ұйымдастырылып, ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайберген бас жүлдені жеңіп алды.

23 мамыр – Тәуелсіздік сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен V Ас­тана экономикалық форумы басталды. Оған дүние жүзінің 90 елінен 8 мыңға жуық адам келіп қатысты. Маңызды жиын кезінде жаһандық деңгейдегі мәселелер талқыланған 55 іс-шара өткізілді.

22 мамыр – Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Президент жанындағы Шетел инвес­торлары кеңесінің 25-ші пленарлық отырысы болып өтті. Ол «Қазақстан – халықаралық сауда, логистика, іскерлік және қаржылық хабы» деген тақырыпқа арналды.

24 мамыр – «Астана инвест-2012» III халықаралық инвестициялық форумында отандық және шетелдік кор­порациялардың 700-ге тарта өкілі Ас­та­наны іскерлік орталыққа айналдыру мәсе­лесін талқылады.

30 мамыр – Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV құрылтайы басталды. Оған әлемнің 40 елінен 87 өкіл келді.

1 маусым – елордадағы Республика даңғы­лы мен Абай көшесінің қиылысында 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбан­дарына арналған «Қасірет керегесі» атты жаңа монумент тұрғызылды. Оның аумағы – 0,175 гектар, биіктігі – 4,4 метр.

15 маусым – бас қалада түркі халықта­рының «Дала баласыз, бала ойынсыз қал­масын» атты II Халықаралық ұлттық балалар ойындарының фестивалі басталды. Қатысушылар күллі түркітектестерге ортақ ойын: «Асық», «Шілдік», «Бестас», «Жеті­тас», «Тоғызтас», «Ортаға түспек», т.б. ойын түр­лері бойынша сайысты.

20 маусым – елордада түркітілдес мем­­лекеттердің дәстүрлі орындаушылары қатысқан өнер фестивалі ашылды.

22 маусым – Астана әкімі И.Тасмағам­бетов ҰБТ-ның қорытындысы бойынша үздік шыққан 75 жас түлекке «Алтын белгі» табыс етті.

6 шілде – Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылды. Зәулім ғимаратта бір мезгілде 5 мың  адам намаз оқи алады. Алып ғимараттың жалпы аумағы – 17 700 шаршы метр, 130 адам сыятын 5 дәрісханасы бар. Вестибюль күмбезінің диаметрі – 15,2, биіктігі – 51, диаметрі – 28 метр. Төрт мұнара бар. Олардың әрқайсысының биіктігі – 77 метр.

12 қазан – Еуразиялық Медиа форумның кезекті жиыны алғаш рет елордадағы «Қаз­медиа» телерадиокешені ғимаратында ұйым­дас­тырылды.

18 қазан – Астанада I Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

23 қараша – ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін Парижде Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші құрылтайында Астана қаласы сынға түсті. Дауыс беруге қатыс­қан 161 мемлекеттің 103-і қолдап, нәти­жесінде көрме бас қаламызда өтетіні бел­­гілі болды.

1 желтоқсан – Қазақстан тарихының күнтізбесіне тағы бір жаңа мереке қосылды. Ол «Тұңғыш Президенті күні» деп аталды.

6 желтоқсан – Астана арнайы экономи­калық аймағында электровоз құрастыратын зауыт ашылып, KZ8A сериялы алғашқы электровоздың тұсауы кесілді.

26 желтоқсан – Астанада күн батареяларын шығаратын зауыт пайдалануға берілді.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»