Аймақтар • 04 Шілде, 2018

Ақтөбеде тұрғындар үшін қолжетімді коттедждер салынды

675 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мен тұрғындардың санын азайту екені белгілі. Яғни аталған бағдарлама аясында баспаналы болғысы келгендер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі арқылы өз мақсаттарына қол жеткізе алады. «Нұрлы жер» қатып-семіп қалған емес, керісінше тұрғындардың мүмкіндігі мен ыңғайына және әр түрлі талап-тілектері мен сұраныстарына қарай икемделе алатын жанды бағдарлама. Осы орайда соңғы жылдары Ақтөбе аймағында тұрғызылған тұрғын үйлер мен коттедждердің елімізде ешқандай баламасы болмай отыр.

Ақтөбеде тұрғындар үшін қолжетімді коттедждер салынды

Бұлар несімен ерекше? Бір сөзбен айтқанда «Нұрлы жер» арқылы үй жағдайын жақсартқысы келгендер «бір оқпен екі қоянды атып ала алады». Мұның мәнісі шағын, қолжетімді коттедждерге қол жеткізген банк салымшыларына оның жанынан он соток жер қоса берілетінінде. Бөлінген аумақ жер қатынастары жүйесі арқылы реттелмек. Бүгінгі күні облыс орталығының іргесіндегі «Нұр Ақтөбе» шыған ауданында жүздеген коттедждер бой көтерді. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары одан әрі жалғаса түсуде. Қазіргі таңда бұл маңайда сегіз түрлі жоба бойынша әр түрді құрылыс-сәулет үлгісіндегі сәнді де, сапалы баспаналар тұрғызылған.

Мұндағы басты жобалардың бірі коттедж бағаларының қарапайым тұрғындар үшін икемді де қолайлы әрі қолжетімді болуына бағытталған. Айталық бір коттеджде бір немесе екі отбасының тұруына мүмкіндіктері бар. Қайсысын қалайды? Мұны банк салымшыларының патша көңілдері біледі. Өйткені олардың көлемі мен аудандары әр түрлі. Ретіне қарай шағыны мен орташасын азаматтар өз қалауларына қарай иелене алады. Сол секілді түрлендіріп, әрі жан-жақты ойластырылған жобаларға сәйкес «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында үш, төрт, бес және тоғыз қабатты тұрғын үйлер сән түзеген. Бұл тұстан да тұрғындар өз мүмкіндіктеріне қарай тиісті таңдаулар жасай алады.

«Мұнда бағасы оңтайлы коттедждер мен сыңғырлаған су жаңа тұрғын үйлерді «көлденең көк аттылар» иемденіп кете алмайды. Бұларды бәрі тек жер және пәтер алу кезегінде тұрғын азаматтар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» салымы бар тұрғындарға ғана ұсынылады», дейді Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.

Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында құрылысы аяқталған коттедждерді оның иелеріне бөлу мен өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы жайлы баспаналар әр түрлі құрылыс материалдарын пайдалану арқылы салынған. Оның бірінің қабырғасы кірпіштен қаланса, екінші бірі жергілікті құрылыс индустриясының басты өнімдерінің бірі экотоннан тұрғызылған. Сонымен бірге кәдімгі панельден бой көтерген үйлер де бар. Мұндағы ішкі әрлеу жұмыстарының саны мен сапасы да банк салымшыларының талғамынан шығып отырғанының өзі бір мерей десе де болады. Су, көгілдір отын, жылу және электр қуаты секілді барлық инфроқұрылымдық жүйелер тұрғындар игілігі үшін тартылғаны бөлек бір әңгіменің еншісі.

Қазіргі кезде облыс бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі Ақтөбе филиалында тоқсан мыңға жуық салымшы бар. Осы арада тағы бір айта кетерлік мәселе бұған дейін аталған банк арқылы пәтер мен коттедж құнын төлеушілерге оның отыз пайыздық мөлшерін жинау міндеттелсе, ендігі жерде алғашқы жарна көлемі жиырма пайызға төмендемек. Бұл өзгеріс республика үкіметінің биылғы 2018 жылдың 26-маусымында өткізілген кеңесінің шешіміне сәйкес енгізілген. Осыған орай несие бұрынғыша бес пайыздық сыйақымен 21 жыл мерзімге дейін беріле бермек. Бұл өзгерістерге орай бұған дейін қолданылып келген ережелер де өзгермек. Яғни жоғарыда айтылғандай пәтерлер үшін де коттедждер үшін де алғашқы жарна 20 пайыз көлемінде төленбек.

Өңірде аталған бағдарламаға қатысу үшін тілек пен тапсырыс берушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бұл көрініс ақтөбеліктер арасында төлем қабілеті жоғары жандар мен азаматтардың жеткілікті екенін көрсетеді. Бұған дейін ел тұрғындары ішінде коттеджерді тек миллиондаған теңге қомақты қаражаты бар дәулеттілер мен қалталылар ғана салып, немесе сатып алып тұра алады деген біржақты пікір қалыптасқаны жасырын емес. Жоқ, олай емес. Оған табыс көлемі орташа, тіпті одан да төмен тұрғындар да қол жеткізе алады екен. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бұған басты негіз қалайды. Ал Ақтөбеде өткен жылдан бері пайдалануға беріліп келе жатқан коттедждер алдыңғы пікіріміздің басты айғағы болсақ.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Суретте: қолжетімді коттедждің сыртқы көрінісі.