Әдебиет • 04 Шілде, 2018

Бішкекте «Айтматов империяның соңғы жазушысы» атты кітаптың таныстырылымы өтті

581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бішкектегі Қырғыз Ұлттық ғылым академиясында  қырғыз елінің қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер Османақун Ибраимовтың орыс тілінде жарық көрген «Айтматов империяның соңғы жазушысы» атты су жаңа кітабының  таныстырылымы өтті.  «Адамзаттың Айтматовы» атанған заңғар жазушы Шыңғыс Төреқұлұлының шығармашылық қыры мен өмір сырынан хабар беретін айтулы еңбек Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарық көріп отыр.

Бішкекте «Айтматов империяның соңғы жазушысы» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Бауырлас елде биыл Шыңғыс Айтматовтың 90-жылдық мерейтойы кең  көлемде  атап өтілмек. Мерейлі мерекеге әзірлік жұмыстары әзірден-ақ басталып кеткен. Аталған еңбек сол мерейтойға жасалған тарту деп те атауға болады. Кітапта Айтматовтың өмірлік өнегесі, көпшілікке беймәлім қырлары түсінікті әрі көркем тілде әсерлі әңгімеленеді. Бір сөзбен айтқанда, қайраткер қаламгердің балалықтан даналыққа дейінгі жүріп өткен жолдарын  осы еңбектің аясынан табасыз. Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі адамзатқа ортақ тұлға Айтматов мұраларын зерттеу  түбі бір туысқан халықтардың арасындағы рухани сабақтастық пен әдеби байланыстарды одан әрі нығайтатынын айтып,  Оспанқұл Ибраимовтың аталмыш еңбегі осы мақсаттың үдесінен шыға алатын танымдық туынды екенін жеткізді.

– Түркі академиясы Айтматовтың айтқандарын аманат ретінде қабылдап, осы бағыттарда іргелі жұмыстар бастап кетті. Шоқтығы биік шығармалары арқылы адамзаттық мәселелерді көтерген заңғар жазушының мол мұрасы түбі бір түркі жұртын мәңгілік мұраттар төңірегінде топтастыруға қызмет етеді деп сенеміз, – деді Дархан Қыдырәлі.

Шара барысында жазушының інісі қырғыз еліне белгілі геолог Ильгиз Айтматов пен  қарындасы Роза Айтматова естен кетпес естеліктерімен бөліссе, жазушы-драмматург Сұлтан Раев, академик Абдылдажан Акматалиев, археолог Жұмабек Тентиев және Абыдгани Эркебаев, Жумагұл Сааданбеков , тағы басқа да ғалымдар мен әдебиетшілер арнайы баяндама жасады.

Кітап авторы Оспанқұл Ибраимов: «Ұлы жазушының азаматтық болмысын, шығармашылық қуатын, қайталанбас өмір өрнектерін, көзі тірісінде онымен рухани байланыста болған адам ретінде қаламыма тұтас сыйғызуға тырыстым. Еңбегімді бағалап, оқырманға жол тартуына демеу болған Түркі академиясына айтар алғысым шексіз» дейді.

Бауырлас елдерді рух биігінде  біріктірген айтулы шараға ел жазушылары атынан Бекен Ыбырайымов,  Жұмабай Шаштайұлы, Нұрғали Ораз сынды қабырғалы қаламгерлер қатысты. Қырғыз ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұматаев бастаған қырғыз елінің зиялы қауым өкілдері туыстық туын биікке көтеріп, баянды іске бастамашы болғаны үшін барша қазақ халқына және Халықаралық Түркі академиясына ризашылығын білдірді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»