Аймақтар • 04 Шілде, 2018

Елорда – ұлттың рухани жаңғыру астанасы

814 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының жаһандық деңгейдегі геосаяси мәртебесі, рухани-эстетикалық жаңғырудың заманауи моделі ретіндегі мәдени-көркемдік рөлін пайымдауға қатысты өзекті ғылыми мәселелер М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандарының Астананың 20 жылдығына орай  ұйымдастырған «Елорда – ұлттың рухани жаңғыру астанасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында талқыланды.

Елорда – ұлттың рухани жаңғыру астанасы

Әдебиеттанушы, өнертанушы мамандар мен жас ғалымдар қатысқан басқосуда қазіргі әдебиет пен өнердегі Астана бейнесінің сомдалуы, әлемдік деңгейде қазақстандық имиджді қалыптастырудағы экономикалық, мәдени, рухани рөлі сынды сан салалы гуманитарлық мәселелер төңірегінде ой-тұжырымдар айтылды.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанов жиынды кіріспе баяндамасымен бастап, «Тәуелсіздік егемендік тарихын ғана емес, Қазақстанның астанасын да өзгертті. Астананың Сарыарқа төсіне қоныс аударуының барлық өткелдерінде болдым. Мен үшін ол биік мәртебе. Айналасы аз уақыт ішінде Ақмола ажарына ажар қосылып, гүлденіп те, түрленіп те шыға келді. Заманауи сәулет өнерінің ғажайып құрылыстарын есепке алмағанда, Астана әлем картасында ең жас елорда болғанымен, жаһандық  саяси-экономикалық мәселелерді шешетін бас қалаға айналды» деп атап өтті.  Ал жазушы, институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Н.Ақыш, институттың Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты А.Мұқан және М.Тәшімова, А.Ахметова, А.Кенжеқұлова, Е.Қуатбекұлы, А.Мұратқызы, А.Еспенова сынды магистр, докторанттар әдебиет, бейнелеу, театр, кино, кескіндеме, музыка өнеріндегі Астана бейнесін суреттеген туындыларға шолу жасап, үздік шығармаларға ғылыми-теориялық талдаулар келтірді.

Дүниежүзіне Қазақстан астанасы ретінде танылған жас қала – Астананың әсем келбеті рухани құндылықтардың қайнаркөзі ретіндегі көркем өнер туындыларының жарық көруіне негіз болуда.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»