Тарих • 05 Шілде, 2018

Астана шежіресі: 2013 жыл

566 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы жылдың басты ерекшелігі – Елбасы Н.Назарбаевтың «2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы бойынша жұмыстың қолға алынуы. Нәтижесінде, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін шыңдауға көп мән берілді. Халықты жұмыспен қамту және өмір сүру деңгейін арттыру Үкіметтің басты назарында ұсталды. Соның арқасында жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 6 процент деңгейінде, жұмыссыздық 5,2 проценттен, ал инфляция тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған ең төменгі көрсеткіш 5 проценттен аспады. Тарихта тұңғыш рет валюта қоры 100 миллиард долларға жетті.

Астана шежіресі: 2013 жыл

3 қаңтар – Мәскеу қаласында ІV халықаралық форум аясында өткен «ХХІ ғасыр мегаполисі: қала және балалар» атты конкурста Астана қаласы лауреат атанды.

17 қаңтар – «ҚазШыныҚұрылыс» ЖШС бастамасымен елордада қуат үнемдегіш шыны зауыты ашылды.

29 қаңтар – Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінің жанынан жалпы аумағы 600 шаршы метр қысқы спорт түрінен жаттығу өткізетін жаңа мұз айдыны ашылды. Көрермендерге арналған 350 орындық зал да қазіргі талапқа сай жабдықталған.

4 сәуір – Астанада қазақстандық өнертапқыш, академик Альберт Болотов­тың бастамасымен «Astana Solor» фотоэлектрлік модельдік зауыт іске қо­сылды. Өндіріс күніне 1000 квт қуат тұтынатын болса, оның 250-300 киловатын осы құрылғылар берді.

13 сәуір – Астана қаласы Лос-Анджелес, Рим, Берлин, Макао, Пекин, Лондон, Вена бастатқан бүкіләлемдік мегаполис пен туристік орталықтарды біріктірген федерация құрамына енеді.

24 сәуір – елордада №1 перинаталдық орталық базасында қалалық жедел ме­дициналық жәрдем стансасының Есіл аудандық бөлімшесі ашылды.

25 сәуір – Астанада ХІ Еуразиялық медиафорум өз жұмысын бастады. Оған Елбасы Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

22 мамыр – Астанада Елбасы Н.Назарбаев­тың қатысуымен Президент жа­­­­нын­дағы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы пленарлық отырысы өтті.

25 мамыр – Астана экономикалық VІ форумы басталды.

8 маусым – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық Қазақ драма театрында «Қыз Жібек» дастаны жаңа үлгімен қойылды.

21 маусым – «Астана Опера» театры Мұқан Төлебаевтың классикалық шығармасы «Біржан-Сара» операсымен ашылды.

23 маусым –Тәуелсіздік сарайында 2012-2022 жылдардағы Мәдениет­тер жақындастығының халықаралық онжылдығының инаугурациясына орай халықаралық форум өтті.

4 шілде – Елбасы Н.Назарбаев «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

18 қазан – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезі өтті.

 10 қазан – қала әкімі И.Тасмағамбетов Башқұртстан Республикасы Уфа қаласының мэрі Ирек Ялаловты қабылдап, сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталған ынтымақтастыққа қол қойды.

12 қазан – Астана қаласында Сарыарқа мен Тұран даңғылдарын жалғайтын жаңа көпір ашылды. Одан тәулігіне 70 мыңға дейін көлік құралы өте алады.

7 қараша – 105 компания қатысқан ЭКСПО-2017 көрмесінің ең үздік эскиз-идеясын халықаралық байқауда АҚШ компаниясы үздік деп танылды.

14 қараша – Санкт-Петербург қаласында «Астана» сауда-іскерлік ор­талығы ашылды.

29 қараша – елордада «Болашақ» халық­ара­лық бағдарламасының 20 жыл­дығына арналған форум өтті.

26 қараша – елорда тұрғындарының саны 900 мың адамға жетті.

2 желтоқсан – Елімізде «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалпыұлттық таныстырылымы болып өтті.

3 желтоқсан – VІ халықаралық бай­қауында Астана ТМД-дағы ең үздік қала деп танылды.

12 желтоқсан – Астана қаласында азаматтық және әскери арнаулы машина құрастыратын зауыттың іргетасын қалау салтанаты өтті.

14 желтоқсан – елордадағы «Қазақ­стан» Орталық концерт залында Тәуел­сіздік күніне орай салтанатты жиналыс өтті. Оған Елбасы Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

21 желтоқсан – Елбасы Н.Назарбаев еліміздің ең үздік кәсіпорындарына «Алтын сапа – 2013» құрмет белгісін тапсырды.

 

Бекен Қайратұлы,

"Егемен Қазақстан"