Технология • 05 Шілде, 2018

IT-саласына арналған көрме ашылды

499 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы ЭКСПО аумағында Қазпоштаның робопост кеңсесі ашылды. Роботтандырылған жаңа кеңсе бүгінгі күні қазақстандық робот техникасын қолдау және дамыту үшін құрылған «Робополис» аумағында жұмыс істемек.

IT-саласына арналған көрме ашылды

Заманауи кеңсенің ашылуына «Самұрық-Қазына» қорының басқар­ма төрағасы Ахметжан Есімов, вице-премьер Асқар Жұмағалиев, Ақ­парат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазпоштаның бас­қарма төрағасы Сәкен Сәрсенов және таяу­да Астанаға келген робот София қатысты.

– Қазпошта жаңа кеңсесін IT-саладағы соң­ғы жетістіктердің бар­лығы жиналған жер­де ашып отыр. Біз отандас­тарымызға дәстүрлі қыз­меттерді мүлдем жа­ңа форматта алуға бола­тынын көрсетеміз. Жаңа кеңсенің ашылуына Со­фияны да кездейсоқ әкел­ген жоқпыз. Цифрлы транс­формация идеясы бүкіл әлемді жаулап алған уақытта біз де үздік әлемдік тәжірибелермен танысып, үздік маман­дардан сабақ алу мүм­кіндігімізді жіберіп ал­мауға тырысамыз. Қазір Үкімет тарапынан цифр­ландыру идеясын жан-жақты қолдаудың арқасында біздің еліміз де осы салада алдыңғы қатарға қосылып, мамандар сұранысқа ие болуда, – деді Қазпошта басшысы С.Сәрсенов.

Шараға қатысушы әлемдегі ең танымал робот – геноид Со­фия мей­мандарға Қазақ­станның цифрлы жүйе­ге ден қойып отыр­ғандығынан хабардар екенін жеткізіп, Астана­ның көркіне тәнті еке­нін айтып берді. Аталған робот жасанды интеллект­ке ие, көрнекі ақпаратты және тұлға тану технологиясын өң­деу функцияларымен жаб­дықталған. Робот Астанаға Қазпоштаның құжаттарын элек­трон­ды түрге көшіріп жатқан Documentolog компания­сының қол­дауы­мен жет­кізілді.

Дәстүр бойынша, іс-шараның қонақтарын Жапониядан әкелінген жаңа робот-кеңесші Pepper қар­сы алды. HD-камералар және сен­сорлардың арқасында ол қоршаған ортасын танып, адам эмоцияларын біле алады. Pepper қатысушыларға Қазпошта қызметтері туралы мәлім­деп, оларға экскурсия жүргізді. Ай­та кетерлігі, Қазпоштаның жаңа кең­сесінде дәстүрлі банкоматтар­ мен төлем терминалдарымен қоса гибридтік банкомат бар. Одан онлайн кеңестер және post.kz қызметтерін алуға, төлем карталары немесе қолма-қол ақ­ша көмегімен түрлі төлем­дер төлеуге болады. Клиенттерді сәйкес­тендіру саусақ іздері мен биометрия арқылы жүргізіледі. VR-бөлімінде көрмеге келушілер виртуалды турды тамашалап, қызметтермен танысып, трек-нөмірі бойынша сәлемдемесін де таба алады. Сонымен қатар AR-киіну бөлмесі онлайн-дүкеннен тапсырыспен алған киімдерді киіп көруге мүмкіндік береді. Принтер арқылы 30 ми­нуттың ішінде (бас киім, мойынорағыш, орамал, жейде) басып шығарып, селфи-дронның көме­гімен түскен суретті шығарып алуға немесе электронды поштаға жіберуге болады. Бұған қоса, кеңседе Назарбаев Университетінің түлек­тері жасаған робопошташы орналастырылған. Ол ЭКСПО аумағында орналасқан кеңселерге алдын ала белгіленген маршрутпен хат-хабарлар жеткізіп тұрады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»