Тарих • 05 Шілде, 2018

Аманкелдінің домбырасы (жәдігер)

570 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірге ғана емес, жалпы елге белгілі тұлғалардың ұстаған домбыралары сақтаулы тұр. Солардың ішінде 1916 жылғы көтеріліс басшыларының бірі Аманкелді батыр – Аманкелді Иманов тұ­тынды дейтін шанағы жіңішке домбы­ра бірден көзге түседі. 

Аманкелдінің домбырасы (жәдігер)

Мойны ұзын, ша­нағы өте кішкентай аспаптың тұрқы да қызық. Кәдімгі көз үйренген дом­бы­ра­ларға ұқсаңқырамайды. Шана­ғы­ның сыртын мүйізбен өрнектеген және кәнігі шебердің қолынан шықаны көрініп тұр. Жәдігердің құжатында алдымен жалпы домбыра туралы түсінік беріледі.

Аманкелдінің домбырасын музейге кімнің тапсырғаны туралы және аспаптың ба­тыр­ға тиесілі екенін анықтайтын еш­қан­дай жазба жоқ. 1963 жылы Тор­ғай­дағы музей жабылып қалады да, 1964 жылы оның барлық жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне көшіріледі. 1969 жылы Торғай өңірінде музей ашылады да бұрынғы жәдігерлер қайтарылады. Сонда Аманкелдінің домбырасы облыстық музей қорында қала береді.

– Музей мамандары домбыраны шебер ХІХ ғасырдың аяғында немесе ХХ ғасырдың басында жасаған деп топшылайды. Шебердің біліктілігі жоғары адам болса керек. Аспаптың шанағындағы өрнекте де, домбыраның жалпы жасалуынан да мін таппайсыз. Дауысы күйге келмесе де, арқаның әнін айтуға лайықталған ба деп ойлаймыз. Мүмкін үнемі ат үстінде жү­ретін батырдың иығына асынуына ың­ғайлы болсын деп, шанағын осылай кіш­­кентай етті ме, кім білсін. Қазіргі дом­­быралардың шанағы иыққа асынып жү­руге келе бермейді, сынып қалады, – дейді облыстық тарихи-өлкетану му­зей­ін­дегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау жә­не пайдалану бөлімінің меңгерушісі Эльмира Алшымова.

Домбыраның ұзындығы 87 сантиметр-
ден асады. Қандай ағаштан жасалғаны ай­тыл­маған. Дауысы жай шығатыны ай­тыл­ған сипаттамада. Шанағы ағаштан ойып жасалған.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ