05 Шілде, 2018

І «Burabay Summer Fest» жасөспірім таланттардың халықаралық фестивалі аяқталды

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан» Орталық концерт залында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған І «Burabay Summer Fest» жасөспірім таланттардың халықаралық фестивалінің аяқталуына арналған Гала-концерт өтті.

І «Burabay Summer Fest» жасөспірім таланттардың халықаралық фестивалі аяқталды

Байқауға республикамыздың барлық өңірлерінен және Қытай, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия секілді елдерден ең дарынды балалар вокал, хореография, мәнерлеп оқу және аспапта орындау түрлері бойынша 400-ден астам өнерпаз қатысты.

Жарыс қорытындысында төмендегі жеңімпаздар анықталды. «Көркем оқу» аталымы – Нұрқожа Тілек (Қызылорда облысы), «Халық биі» – Ратмир Джумалиев (Алматы қаласы), «Дәстүрлі өнер» (жеке орындаушылық)» – Сұлтан Әлімқұл (Жамбыл облысы), «Классикалық өнер» – Камила Ыдырысова, «Дәстүрлі өнер» (ансамбль)» – «Жетіген» ансамблі (Түркістан облысы), «Дәстүрлі ән» – Айжан Ілиясова, «Эстрадалық ән» номинациясы – Карина Баситова (Алматы қаласы), «Академиялық ән» –Аңсар Жүсіп (Ақтөбе облысы).

Фестивальдың бас жүлдесін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан ақ рояльді Аңсар Жүсіпке табыстады.

Айта кетейік, бас жүлде иеленген Аңсар Жүсіп Ақтөбе облысының тумасы. Аңсар «Академиялық ән» аталымы бойынша байқауға қатысып, мықтылардың қатарынан табылды. Ол Ақтөбедегі №1 Балалар музыкалық мектебінде «вокал» бөлімінен дәріс алған.

«Егемен-ақпарат»