Президент • 06 Шілде, 2018

Елбасына – ізгі тілектер

7273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдығына және Қазақстан Президентінің туған күніне орай шетел үкіметтері мен мемлекеттері бас­шы­ларынан келіп жатқан құттықтаулар легі жалғасуда, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.

Елбасына – ізгі тілектер

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Владимир Путин өзінің құттықтау жеделхатында Ас­тана мен Мәскеу арасындағы одақ­тастық пен стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығайып, Қазақстан мен Ресейдің Еура­зиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық құ­ры­лымдар аясындағы өзара табысты ықпалдастығы кеңейе түсетініне сенім білдірді. 

«Сіз өз еңбегіңіздің арқасында Қазақстан халқының құрметіне бөленіп, халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болдыңыз. Сіздің еуразиялық интеграция жөніндегі идеяларыңыз елдеріміздің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына, Еуразия құр­лығындағы тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізіп, дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді.

Шын жүректен Сізге зор ден­саулық, бақ-береке, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін», делінген жеделхатта.

Беларусь Республикасының Пре­зиденті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасын­да­ғы қарым-қатынастарды стратегиялық тұр­ғыда нығайтуға қосқан жеке үлесін беларусь халқы жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Сіздің жасампаз және жан-жақты қызметіңіз Қазақстанды қуатты әрі тәуелсіз елге айналдырды, ал сындарлы әрі көреген сыртқы саясатыңыз халық­аралық аренада кең қолдауға ие болды.

Екіжақты әріптестікті нығайту біздің достас халықтарымыздың мүддесіне және ортақ еуразиялық үйімізді дамытуға одан әрі қызмет ете береді деп сенемін», делінген жеделхатта.

 * * *
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз хатында Мемлекет басшысының Қазақстан халқының игілігі жолындағы барлық бастамаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

«Сіздің дана басшылығыңыздың арқасында бауырлас Қазақстан Респуб­ли­касы әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор жетістіктерге жетіп, халық­ара­лық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келеді.

Екіжақты қатынастарымыздың жоғары деңгейі Түрікменстан-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті және мемлекетаралық байланыстарды барлық бағыттар бойынша одан әрі кеңейту үшін берік негіз болатынына сенімдімін», делінген жеделхатта.

 * * *

Армения Республикасының Пре­зи­денті Армен Саркисян өз жеделхатында екі ел арасында қалыптасқан сындарлы өзара іс-қимыл Армения-Қазақстан мемлекетаралық ынтымақтастығының күн тәртібін елеулі түрде толықтыра түсетінін атап өтті. 

«Сіз мемлекетті басқару ісіндегі мол тәжірибеңіздің, Қазақстан Республикасының мүддесін табан­ды­лықпен қорғай білетіндігіңіздің және кең көлемді халық­аралық ынты­мақ­тастықты ілгерілету мін­­деттерін ше­ше алатындығыңыздың арқа­сында халық­ара­лық аренада зор құрмет пен барша жұрт мойындаған беделге ие болдыңыз.

Сізге зор денсаулық, амандық пен толайым табыс, ал Қазақстан халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін», делінген жеделхатта.

 * * *

Молдова Республикасының Пре­зи­денті Игорь Додон Нұрсұлтан Назар­баевты туған күнімен құттықтап, Еу­разия­­лық экономикалық одақты құруға және қалып­тастыруға зор үлес қосқанын атап өтті.

«Сіз өткен ғасырдың 90-шы жыл­да­рының өзінде елдеріміз үшін қазіргі күр­делі әлемде егемендік пен тәуел­сіз­дікті сақтаумен қатар өз эконо­ми­калық әлеуетін арттырудың маңызды екенін де түсініп, осы мақсатпен ерік­тілік пен тең құқылы ұстанымға негіз­дел­ген мемлекетаралық бірлестік құруды ұсындыңыз. Сіздің идеяңыз жүзеге асып, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Осы ұйымда Молдова Республикасы бақылаушы мемлекет мәртебесін алды», делінген жеделхатта.

 * * *

Испания Королі VI Фелипе Астананың 20 жылдық мерейтойына және Мемлекет басшысының туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.
«Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне қатысу үшін Сіздің еліңізге сапармен барғанда қонақжайлық танытып, мені ыстық ықыласпен қарсы алғаныңыз есімде.

Осы тамаша мүмкіндіктің арқа­сын­да мен елордаңыздың заманауи инфрақұрылымы бар әрі жарқын бола­шақ­қа ұмтылған ірі қалаға айналғанын көрдім», делінген жеделхатта.

* * *

Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Қазақстан мен Польша арасындағы достық қатынастар екіжақты табысты ынтымақтастықтың дәлелі еке­нін атап өтті.

«Қазақстан Польшаның Орталық Азия өңіріндегі маңызды әріптестерінің бірі саналады.

Жаһандық проблемаларды шешу ісіне белсенді атсалысқаныңыз үшін Сізге зор құрметпен қараймын. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезіндегі бастамалары, соның ішінде өзім қатысқан жоғары деңгейдегі жарыссөздер – соның айқын дәлелі. Сіз қолға алып жатқан игі істер өңірде және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізеді ден сенемін», делінген жеделхатта.

* * *

Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич барша қазақстандықты Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Мемлекет басшысына жауапты қызметте табысқа жете беруіне тілектестік білдірді. 

«Қазақстанның қол жеткізген жетіс­тіктеріне тәнті екенімді білдіргім келеді. Сіз тиімді басшылығыңыздың арқасында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Бес әлеуметтік бастама», «Қазақстан-2050» Стратегиясы» сияқты бастамалар аясында көздеген мақсаттарыңыздың бәріне қол жеткізесіз деп сенемін.

Сіздің көрегендігіңіз бен жұмысқа берілгендігіңіздің арқасында Қазақстан қарыштап дамып, бірте-бірте әлемде маңызды орынға ие болып келе жатыр», делінген жеделхатта.

 * * *

Болгария Республикасының Пре­зиденті Румен Радев екіжақты негіздегі және Еуропалық Одақ пен Қазақстан қарым-қатынастары аясындағы мемле­кетаралық диалогтың даму барысына көңілі толатынын айтты. 

«Елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достық қарым-қатынастар біздің саяси, экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастығымыздың нығаюына өз үлесін қосатынына сенімдімін», делінген жеделхатта.

 * * *

Грузия Президенті Георгий Мар­гвела­швили Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бергі, салыстырмалы түрде, аз уақыт ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында қуатты, дамыған, жоғары халықаралық бедел мен сенімге ие болған мемлекетке айналғанын атап өтті.
«Бұл күндері 20 жылдығын атап өтіп жатқан Астана заманауи Қазақстан дамуының символы екені сөзсіз.

Сіздің Грузия мен Қазақстан ара­сын­дағы ынтымақтастықты дамы­туға және нығайтуға өлшеусіз үлес қос­қа­ныңызды ерекше атап өткім келеді. Екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастар дәстүрі алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін», делінген жеделхатта.

 * * *

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев өзінің құттықтау жеделхатында Қазақстан Президентінің екі мемлекетті байланыс­тыратын достық қарым-қатынастарды, тату көршілікті және одақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.

«Сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келеді және энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, жоғары технологиялар мен басқа да салалардағы перспективалы бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Үкіметтеріміз арасындағы белсенді әріптестікке негізделген жұмыстар тә­жі­рибе жүзіндегі кооперацияны одан әрі арттыруға және Еуразиялық эко­но­микалық одақ аясындағы интег­ра­ция­лық іс-қимылдарымызды тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін», делінген жеделхатта.