Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Түркияның Сыртқы істер министрі: Бейбіт келіссөздер алаңы

326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркі әле­мінің Ақсақалы, жоғары мәр­те­белі Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың ба­йыпты байламынан кейін, 1998 жылы Қа­зақстанның бас қаласы ретінде Астананың бекі­тілуі тәуелсіз қазақ елі тарихындағы айшықты оқиғалардың бірі болды. 

Түркияның Сыртқы істер министрі: Бейбіт келіссөздер алаңы

Қадірменді Нұрсұлтан Назар­баев­тың айқын ұйғарымы шамамен жүз жыл бұрын Түркия Республикасының әкімшілік орнын Анкараға көшірген Ұлы көшбасшымыз Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің болжағыштық қасиетін еске салады. Астана – ел ордасы болып жарияланған күннен бауырлас шаһар Анкара сынды жедел дамып, Қазақстанның символына айналды, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығымен модернизацияланған елдің әлемдік аренадағы бет-бейнесін танытты. 

Қазақ тілінде «бас қала» деген ұғымды білдіретін «Астана» атауы мен Осман империясының орталығы болған Ыстанбұлға түрік тілінде қолданылған «Аситане» сөзінің арасында ұқсастық байқалады, сонымен қатар түрік тілі мен қазақ тілі арасындағы жақындықты көрсетеді. 

Астана құрылысына қолдан келген­ше қолдау көрсетіп, бауырлас ел­дің еркін даму кезеңіне ортақтаса ал­­ға­ны­мызды өзімізге мәртебе санай­мыз. 
Қаланың инфрақұрылымынан бастап, әкімшілік кеңселер, қонақ­үйлер, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «На­зарбаев Университеті» қалашығы, «Қазмедиа» орталығы сынды негізгі нысандардың салынуына түрік құрылыс компаниялары мен архитекторлары, инженерлері мен қарапайым жұмысшылары тер төкті. Бүгінгі таңда бас шаһарда пайдалануға берілген ғимараттар Қазақстанның түрік компанияларына деген сенімі мен екі ел бірлесіп атқарған өзара іс-қимылының нәтижесінде туған синергияның жетістіктерін дәлелдеп отыр.
Құрылыспен қатар, тағам және сусын өніміне дейінгі түрлі саланы қамтып отырған кәсіпкерлеріміз Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де құрған өндірістік орындары, ортақ кәсіптері арқылы ел дамуына және экономиканың әртараптандырылуына технология мен инновацияға негізделген инвес­тициялары мен қызметтері арқылы етене араласты.

Тәуелсіз Қазақстанның ғаламдық саяси келіссөз алаңына айналып, бейбітшілікті қолдау миссиясы, түйткілді түйінді тарқату жолдары қазақ дипломатиясының дәрежесін өсірді. Астана өзін жаһандық және аймақтық мәселелер көтерілетін бірыңғай платформа ретінде көрсете білді. 
Өткен наурыз айында Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесіне кепіл үш мемлекеттің Сыртқы істер министрінің бірі ретінде қатысқан кездесуім қолайлы ахуал қалыптастыруға күш салды. Астана алаңы форматында жүргізілген келісімге орай бір жарым жылдан бері қақтығысты тоқтатып, оқ атпау жөніндегі бірқатар уағдаластық орындалып келеді.

Астана Сириядағы соғысты шешуге атсалысумен қатар, былтыр қыркүйек айында жоғары лауазымды Президентімізбен бірге менің де қатысқан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Білім және технологиялар жөніндегі саммитінің, Орталық Азия елдері көшбасшылары қатысқан консультативтік жұмыс кездесуінің ойдағыдай өтуіне мұрындық болды.

Өткен жылы «Болашақ энергиясы» тақырыбымен ұйымдастырылған «Астана «ЭКСПО-2017» маман­данды­рыл­ған көрмесіне де әлем құлақ түріп, көз тікті. Көрменің көркін ашқан «Нұр Әлем» шары, жоба ұйым­дас­тырылған ауданның басым бөлігін алып жатқан Орталық Азияның ең ірі сауда орталығы саналатын «Mega Silk Way» түрік компаниялары тарапынан салынды. Ұлттық павильонымыз келген қонақтардың көңілінен шығып, Түркия Экономика министріне «Энергетика саласына қосқан үлесі үшін» сыйлығының берілуі жағымды әсер қалдырды. 

Қазақ бауырларымызды Аста­на­ның ел ордасы атануының 20 жыл­дық мерекесімен құттықтаймын. Алып қаланың ақсақалы – Президент Нұр­сұлтан Назарбаев тәуелсіз, заман­ауи және дамыған Қазақстанның жар­қын болашағының мәңгі-бақи көш­басшысы болып қаларына сенемін. 

Мевлют ЧАВУШОҒЛУ,
Түркия Республикасының 
Сыртқы істер министрі