Ақмола астана ретінде жаңа қалыптасып жатқан кез. Елбасы жауапты тұлғаларды ертіп, кезекті рет қаланы аралауға шығады. Кенет Президенттің көзі қарсы алдында келе жатқан кішкентай қарадомалақ қазақ баласына түседі. Балақайдың беті күнге әбден қақталып, қап-қара болып күйіп кеткен. Қос қолында да балмұздақ: бірін жалап, екіншісін тістеп қояды. Бірақ өзі тәттіге елтіп, ләззат алғаны шамалы, қайта әлденеге ашулы көрінеді, қабағын түйіп, соңынан ілескен ата-анасына әлдебір қарсылық білдіріп, мінез танытып, жұлқынып келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы бәріне тоқтауға бұйырды. «Ана баланы байқадыңдар ма? Болашақта ел басқаратын бала!» деді де, жақындап барды. Ата-анасы Мемлекет басшысын көріп, жылыұшырай амандасып жатыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті балаға бұрылды:
– Мені білесің бе?
– Білмегенде ше? Нұрсұлтан Назарбаев емессіз бе?
– Онда қане, қолыңды жай, бата берейін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл үшін Президент әлгі балаға қос қолындағы балмұздағын өзіне ерген ел ағаларына бере тұруды ұсынды. Бала бұдан бас тартты да, балмұздақтарды қос қалтасына тыға салды.
«Бата берген соң, Елбасы қалтасына қолын салып, әмиянын суырды. Бізге де ым-ишара жасады, бәріміз жапұр-жұпыр қалталарымызға қол салдық, бір бума ақша жинап бердік, деп еске түсіреді Қ.Көшербаев. – Нұрсұлтан Әбішұлы ақшаның бәрін бүлдіршіннің ата-анасына ұсынды да:
– Осы баланың оқуына, өсуіне керектінің бәрін сатып алыңыздар! – деп аманат жүктеді.
– Ағасы, олар бәрібір маған ештеңе бермейді! – деп, тосыннан сөзге араласқан балақай шорт кесті.
Елбасы оған күлімсірей қарады: «Онда мен бәрін сенің өзіңе берейін де!» Сосын қайтадан оның ата-анасына қайырылды: «Осы қаржыны басқаға жұмсамай, осы баланың өзіне жұмсаңыздар! Болайын деп тұр екен!» – деп тапсырды. Алыстап кеткеннен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы қасындағы азаматтардан: «Не байқадыңдар?» деп сұрады. Артынша өзі жауап қатты: «Мінезді бала екен. Тайсалмайды. Бала кезден өз ұстанымын қорғауда табандылық танытып, түсіндіруге жан салады. Елді ертең алға әкететін де осылар болады! Мен мына жаңа астананы да осы ұрпақ үшін салып жатырмын!»
* * *
Елбасының Қазақстан астанасын көшіруі – тұтас ұлттың санасын жаңартқан, саяси, экономикалық және рухани жаңғыру әкелген ғаламат жоба, тарихи бетбұрыс болды. Бұл бетбұрыс Тәуелсіздіктің алғашқы бесжылдығында-ақ жасалды.
Бас қаланы Астанаға ауыстырумен бірге Қазақстанда терең жаңарулар, барлық салада түбегейлі өзгеріс әкелген реформалар үдемелі түрде жүргізіле бастады. Олар адамдардың психологиясын өзгертті. Қазақстандықтар бойында өзі мен балаларының жарқын болашағын жаңа жағдайларда өз қолымен жасауға болатынына деген нық сенім бекіді.
Өткенге шола қарасақ, батысы Торғай ойпатына тіреліп, шығысы қара Ертіске еңкейіп барып тоқтайтын, түстігін Балқаштың көгілдір толқындары шайса, терістігі көк Есілмен көмкеріліп жататын ұлан-ғайыр Сарыарқа сан ғасырлардан бері қазақ деген азатшыл халықтың құтты қонысы болып келеді. Осы далада адамзат дамуының ұлы көшіне ықпалын тигізген талай оқиғалар мен құбылыстар болған.
Сарыарқа – қазақ жерінің жүрегі. Бұл – мыңжылдықтар мен адамзаттың сан алуан өркениеті қауышқан қасиетті мекен. Мұны археологиялық қазбалар барысында табылған жәдігерлер растайды. 1998 жылы археологтар қазіргі Астанадан бес шақырым жерде ортағасырлық қала – Бозоқтың орнын тапты. Бозоқ Қыпшақ хандығының орталығы рөлін атқарған. Елордамыз бой көтерген аумақ арқылы заманында, нақтырақ айтсақ, XVI ғасырда Сібір – Орталық Азия дала жолы дүрілдеген, тең-тең жүк артқан керуендер ағылған.
Сарыарқа – Қазақстанның табиғи байлықтарының асыл қоймасы. Дүние жүзі тарихындағы алғашқы металлургия орталықтарының бірі де осында орналасқан. Яғни Сарыарқамыз бүкіл адамзаттың өз дамуының келесі кезеңіне көтерілуіне ықпал етті. Тарихшылардың айтуынша, қола дәуірінде қазақ елі бүкіл әлемдегі ең ірі қола өндіруші болыпты. Соның ішінде мәселен, жалғыз Жезқазған өңірінде ғана 100 мың тонна мыс өндірілген. Тек Сарыарқада сол байырғы дәуірде 130 мың тонна қалайы алынған, бұл 15 мың тонна тап-таза қоланы құюға жеткілікті болған көрінеді. Әлемдегі ең алып көлдердің бірі – Балқаш та осында.
1999 жылғы 25 ақпандағы санақ қорытындысы бойынша Астанада 319,3 мың адам тұрып жатқаны мәлім болған еді. Ал 2016 жылғы 4 шілдеде, «Астана күніне» арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатын «Мемлекеттік туды көтеру» салтанатты рәсімінде Елбасы елорданың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін жариялады.
Ақмоланың астанаға айналуы арқасында Сарыарқаның өңіне қазақы қан жүгіріп, өңірге мемлекет құраушы ұлт өкілдері көптеп көшіп келе бастады. Әйтпесе кейбір деректер бойынша оған дейін жергілікті тұрғындар арасында қазақтардың үлес салмағы 10-15 пайыздан аспайтын болған. Бүкіл қалада қазақ тілді тек бір ғана мектеп жұмыс істеген. Осылайша, Целиноград атанып, қазақы тамыры солып, қазақ елімен байланысын түпкілікті үзе жаздаған бұл өңірде бұрын құйтымдай да саңылау таба алмай, сансыраған ұлттық діл, рухани қайнар енді кең арна тауып, саулап құйылды. Содан бері Астанадан ұлттық жаңғырудың мейірімді шуағы бүкіл елге молынан төгілуде.
Елбасы өз естеліктерінде тәуелсіз Қазақстанның астанасын ауыстырудың негізгі себептерін нақты тұжырады. Елбасының байламынша, біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейту қажеттігінен туындады. Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Үшіншіден, астананы ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Шынында, Астана – даму локомотивіне айналды. Төртіншіден, астананы солтүстік аймаққа қарай көшіре отырып, Елбасы бір шаңырақ астында тіршілік еткен әртүрлі этнос өкілдері арасындағы достықты сақтап қалды, олар арасындағы жікке бөлінушілік, сепаратизм көріністерін жойды. Астананы көшірудің геостратегиялық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және басқа да қажеттіліктері болды.
Бірақ осы мәселені ескеріп, Елбасының даналығын түсінгендер 90-шы жылдары билікте де, Парламентте де, тіпті зиялы қауым арасында да тым аз еді. Шенеуніктер жып-жылы Алматыдан қызылшұнақ аязы қалтыратып, алай-дүлей бораны ақырған Ақмолаға көшу туралы Жарлықты дәл бір Сібірге жер аударылғалы жатқандай сезіммен қарсы алғанын білеміз.
Әп дегеннен-ақ, астананың Алматыдан көшірілуі тек қайта қоныстанушы мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, әрі қарай да қалада қалатын алматылықтардың қуатты қарсылығына ұшырағаны тарихи шындық. Сұрау көрсеткеніндей, Алатау баурайындағы әсем қала тұрғындарының басым көпшілігі бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы болған. Тіпті шаһарда тамырын жайып, құтты мекен еткен белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ең танымал әртістер мен әншілер «Менің астанам – Алматы!» деп ұран тастады, шетелдік және отандық беткеұстар ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында көңіл толмастығын ашық білдірді.
Содан Астананың тұсаукесер салтанатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алматылықтарға жеке қайырылып, басу айтуға тура келді:
«Бәріміздің де жастық дәуреніміз, дегендерімізге жетуіміз, кемелімізге келуіміз сол бір ғажайып қаламен етене байланысты. Жаңаша дәурендеуіміздің дәл осы бір шырайлы шағында, шапағатты сағаты мен мерейлі мезетінде азаматтығымыздың, азаттығымыздың ақ құсын өз бауырынан аспандата самғатқан аялы Алматы мен әзіз Алатауға бәріміз де тікемізден тік тұрып, басымыз жерге жеткенше, иіліп, қанша мәрте тағзым етсек те артықтығы жоқ деп білем! Дүние тұрғанша тұр, жәннат қалпыңнан жазбай жасай бер, жайнай бер, Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбәрәк мекен – Алматы! Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай, зымырай заулау – мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған аманат!» деп толғады Елбасы.
Әрине, бас қала болудан қалғанымен, Алматының шамы өшіп, жұлдызы сөнген жоқ, керісінше, шамшырағы жарқырай түсті, еліміздің басты мегаполисі ретінде даму қарқынына қарқын қосты. Астананың көшірілуі осылай ірі қалаларымыз арасында жақсы жарыс, игілікті бәсекелестік тудырып, олардың әрқайсысының буырқана дамуына серпін берді.
Сол тұста мен де алматылық едім. Бауыр басқан қаланың бағына, болашағына алаңдағаныммен, Елбасы бастамасының дұрыстығына кәміл сендім. Сонымен бірге бастаманың құнын түсіруге бағытталған қуатты қарсылыққа күнбе-күн куә бола жүріп, кейбір жандардың ұлы идеяларды түсінуге, Елбасының түпкі, телегей, терең ойларын, толғамын ұғынуға жарамайтынына шын налыдым.
Мемлекеттік қызметшілерді, қайраткерлерді бірінші кезекте үрейлендіргені – «қытымыр климат» еді. Арқаны арқыраған аязсыз, түтеген борансыз көз алдымызға елестете қою мүмкін емес. Бұл оның табиғат берген өзіндік ерекшелігі, дара қасиеті. Бұл жердің табиғаты бүгін ақ көрпесін жамылып, әсем күйге бөленіп тұрады да, артынша қылымсыған қылығын үзіп, қаһарына мінеді. Мұндайда басқаны айтпағанның өзінде, көшені қардан тазартып, жүргіншілер мен көліктілерге қозғалуға жағдай жасау біраз күш пен қауқарды талап ететіні белгілі.
«Лютые январьские холода и обрушившиеся снежные мегатонны вполне можно было бы причислить к катастрофическим явлениям» – белді ресми басылымдардың өзі осы сыңайлы суық сөздермен үрейді ұшыра түсті. Шынында, алай-дүлей боран мен сақылдаған сары аяз сол кезде мұнда наурыз айының аяғына дейін шыр айнала қайта-қайта соғып, аңды ініне, адамды үйіне қуып тығатын. Ақмолада қаһарлы қыстың қатқыл қабағы Алматыдан «ауып» келген жұртшылыққа оңай тимеді. Темірдің өзін көкаяздандырып, қарып жіберген сұрапыл аяз кәріне мінгенде, Ақмолаға емес, бейне бір Арктикаға аяқ басқандай булығып, қинала демігіп, қақаласың.
Биік лауазымды тұлғалардың өзі көп уақыт бойы Алматыдан кіндігін үзе алмай жүрді, мемлекеттік қызметшілердің біразы аптадағы жұмыс күндерін елордада өткеріп, ал демалыс күндері Алматыға кері шұбыратын. Табиғаттың жан жылытар шуағына шексіз шомылған тау бөктеріне, асқаралы Алатаудың аялы алақанына қонған әсем шаһарға тең келер теңдесі табылады дегенге олар сенбеген, сенгісі келмеген.
Қазір ойлаймын, егер Қазақстанның басшысы басқа адам болғанда, жаппай қысымға шыдамай, мұндай тарихи ұлы шешімді құндылықтың емес, қоқыстың еншісіне тастап, алған бетінен кері қайтуы мүмкін бе еді. Өйткені көшбасшы да – адам, өмірдің көлеңкелі һәм көмескі тұстары, өзгелердің өңмеңнен өтер суық көздері әр тұстан анталап, тұмшалағанда ойға келген ірі іске дәрменін келтірмей тастауы ғажап емес.
Нұрсұлтан Назарбаев соның бәріне төтеп берді, кезекті тағдыр сынағына морт сынбады. Өз бастамасының дұрыстығын пәрменді істермен дәлелдеп шықты. Өзі де бас болып, Астанаға көшті.
Қарының әр кристалы хрустальдай сыңғырлаған Ақмола төсіне мығым табан тіреп, ызғарынан қаймықпай, көкірек кере таза ауаны құшырлана жұту оның қолынан келді. Біз де Елбасыға еріп, «таудан түсіп», кең даланың керімсал ауасына үйрендік. Адам денесін түршіге тітіркендіретін қаңтардың қаңылтыр аязына шынықтық. Ұлттың қиындықтарға қарсы иммунитеті көтерілді.
Астананың орнығуымен бірге біз бұл өңірдің сұлулығына сұқтана қарап, көркемдігін көре бастадық. Ақын Ақұштап Бақтыгереева айтқандай, шынында, «көз жетпес көкжиекке қарасаң, көгілдір дала көлбейді. Қызғалдағын самалдың екпіні тербеткен беткейден құстар шырылы өмірдің тәтті бір әуенін бастағандай! Көк аспанға күле шыққан жарық күн бүгінгі өз еншімізге тиген көгілдір тудың табиғаттағы көшірмесі тәрізді. Көк туы желбіреген ел екені есіңе түскенде, мына дала өзіңдікі екені есіңе түскенде, кеудеңді кернеген қуанышты сезімді айтуға тіл жетпейтін ғажайып бір күйге бөленесің».
Тұңғыш Президентіміздің бұл бастамасы осы қырымен де қымбат. Ол ұлтқа келген жаңа құндылық!
«Біз астананы мүлде жаңадан салдық. Оны көшіруге байланысты болған барлық проблемаларды жүрегімізден өткіздік. Бұл арман еді. Енді ол – тамаша қала, Қазақстанның мақтанышы және жүрегі!» – дейді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің дәл сол дағдарысты 90-шы жылдары Астананы көшіру бастамасын жариялап, қарқынды түрде іске асыра бастауының тағы бір стратегиялық қырын, маңызды сырын, салмақты құнын аңғарамыз. Бұл ұлттың бойына сенім құю, тың қуат дарыту үшін қажет еді...
Тұтас ұлт іштегі кері тартар «кесір тежегішті» істен шығарып, жігер мен қайратты көмекке шақырып, жасампаздық жолында еркін қимылдауға, қарымды адымдауға көшті.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты