Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Астананың 20 жылдық даму дәйектемесі

5396 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астана тәуелсіз еліміздің айбары мен айдынына төрткүл дүние түгел таныған бей­бітшілік пен ізгілік ордасына айналды. Бүгінде бас қаламыз қай салада да серпінді дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордамыздың ірге­та­сы қалана бастаған алғашқы күн­дердің өзінде «Астана елі­міз экономикасының даму локо­мотиві болады» деп атап көр­сеткен-ді. Мемлекет бас­шысының бұл айтқандары ақи­қат­қа айналды. Бүгін жиыр­ма жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отырған Астана Қазақстан экономикасының қар­қынды дамуына тұғыр жаса­ды. Енді осы жиырма жыл ішін­де елорданың өсу, өркендеу дең­гей­ін цифр тілімен сөйлетіп көрейік. 

Астананың 20 жылдық даму дәйектемесі

1998 жылы Астана қаласының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 60,5 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы ағымдағы бағалар бойынша бұл көрсеткіш 
5 765, 6 миллиард теңгеге жетті. Бас қаланың ЖӨӨ-сі тек 2000 жыл­мен салыстырғанда 5,2 есеге дейін өсті. Республикалық деңгейде Астананың ЖӨӨ үлесі 11,1 процентті құрайды. Бұл – Алматы қаласы (21,8 проце­нт, 11,3 триллион теңге) және Аты­рау облысынан (11,5 процент, 6 трил­лион теңге) кейінгі үшінші көр­сеткіш. 

ЖӨӨ халықтың жан басына шаққанда 1998 жылғы 186,8 мың теңгеден 2017 жылы 5,8 млн теңгеге өсті. Республика өңірлерінің арасында бұл көрсеткіш Атырау облысы (9,7 млн теңге) мен Алматы қаласынан (6,4 млн теңге) кейін үшінші орын алады. 

Экономиканың нақты секторы бойынша 20 жыл ішіндегі өнеркәсіп өнімдері, инвестициялар, тауар айналымы және басқа экономикалық, әлеуметтік көр­сеткіштер көлемінің өсуі бой­ынша үрдістер тұрақты. Ал­дын ала деректер бойынша, 1998-2017 жылдары өнеркәсіп өнім­дерінің көлемі 5,1 есеге, не­гіз­гі капиталға салынатын инвес­ти­циялар көлемі – 7,4 есеге, құ­ры­лыс жұмыстарының көлемі – 10 есеге, тұрғын үй құрылысын са­лу – 16,9 есеге, бөлшек тауар ай­на­лымының көлемі – 18,1 есе кө­бейді. 

Өнеркәсіп саласы бойынша, өткен 20 жылда өңдеуші кә­сіпорынның құрылымында ма­шина жасау өндірісі 6,8%-тен 19,7%-ке дейін (дизельдік локомотивтердің өндірісі иге­ріл­ді, сұйық заттарды айдауға ар­налған сорғыларды және т.б иге­ру), өзге де металл емес ми­не­ралдық өнімдерді өндіру 7,9%-тен 11,8%-ке дейін (көбіне бе­тоннан жасалған құрылыс бұй­ым­­дарын, тауарлық бетонды жә­не құрғақ құрылыс қоспаларын шығару), резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 2,1%-тен 4,8%-ке дейін (көбіне терезе, есіктер, өзге де пластмасса мен резеңкеден жасалған бұйымдар) өсті. 20 жылда қолданыстағы ба­ғада тамақ өнімдерін өндіру кө­лемі 4,7 млрд теңгеден 30,6 млрд теңгеге дейін немесе 1998 жыл­ға қарағанда 40,7%-ке өскен.

Өткен 20 жыл ішінде бас қа­ланың негізгі капиталына тар­тылған инвестиция көлемі 7,9 трлн теңгені құрады. Егер 1998 жылы инвестиция көлемі 40,8 млрд теңге болса 2017 жылы оның көлемі 944,6 млрд тең­геге жеткен немесе 7,3 есеге ұлғайған. Ең үлкен көлем же­ке­меншік нысанындағы кә­сіпорындарда игерілген, егер 1998 жылы олардың үлесі 21,8%-ті құраса, бұл 2017 жылы 57,9%-ке дейін өскен. 20 жылда маңызды нысандарды салуға қар­жы табу мақсатында шетелдік жә­не бірлескен инвесторлар көп­теп тартылды.

Қала экономикасына инвестиция тартуға жағдай жасайтын экономикалық ынтымақтастық формаларының бірі – бірлескен кәсіпорындардың шетел фирмаларымен қарым-қатынасы. Құрылысқа тікелей қаржы салу­мен қатар, Астананың тәжі­ри­бесінде түрлі технологияларды бе­ру түріндегі инвестициялық шаралар да жүзеге асырылды. Осындай инвестициялық грант есебінен балалар ауруханасына, перзентханаларға арнайы медициналық құрал-жабдықтар берілсе, Астана тұрғындары үшін жедел жәрдем қызметіне көмек ретінде мамандандырылған автокөлік берілді. Соңғы жылдары Халықаралық әуежай, Ислам мәдени орталығы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Хан Шатыр» ОСО, «Абу Даби Плаза» көп­функционалды кеше­ні, дип­ломатиялық қалашық сияқ­ты нысандар шетелдік инвес­торлардың қаржысы негізінде бой көтерді. 

Өткен 20 жыл ішінде бас қаламызда жалпы ауданы 19 млн 945,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы немесе 181 950 п­ә­тер пайдалануға берілген екен. Мә­селен, 1998 жылы жалпы ауданы 139,5 мың шаршы метр 1 382 пә­тер пайдалануға берілсе, тек 2017 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында ғана елордада жалпы ауданы 2 млн 359,7 мың шаршы метр 22 568 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру 2 млн 220,2 мың шаршы метр­ге ұлғайды және 1998 жылғы деңгейден 17 есеге дейін өсті.

1998 жылмен салыстырғанда бөл­шек сауда көлемі 2017 жылы 18,1 есеге өсіп, 1 триллион тең­ге­ні құрады. Бұл халықтың жан ба­сына шаққандағы тауар ай­на­лымының нақты өскен­ін білдіреді. Егер 1998 жы­лы бұл көрсеткіш 40,4 мың тең­ге­ден келсе, 2017 жылы бұл көр­сеткіш 1 миллион теңгені құ­рады. Бөлшек сауда айналымы сауданың мемлекеттік емес сек­торы есебінен қалыптасты. 2017 жылы бұл сектор 100%-ті құрап, 1998 жылғы – 12,3 миллион теңгеден 1 триллион теңгеге дейін өсті.

Жиырма жыл ішінде Астана­да шетел капиталының және кәсіп­орындарының үлесі немесе толық шетел инвесторла­ры­на тиесілі кәсіпорындар са­ны артты. Ресми тіркелген кәсіп­орын­дар­дың бөлшек тауар айна­лы­мы­ның көлемі 2017 жы­лы 769,3 млрд теңгені құрап, 1998 жылғы көлемнен 17,7 есеге дейін артты.

2011 жылдан бастап Ұлттық эко­номика министрлігінің Ста­тис­тика комитеті Еуразиялық эко­номикалық одаққа мүше мем­лекеттер арасындағы өза­ра сау­да статистикасы жөнін­де­гі де­ректерді жинауды ұйым­дас­тыр­ды. 2017 жылы алдын ала жиналған мәліметтер бойынша Еуразиялық экономикалық одақ ел­дерімен сыртқы сауда айналымы 1,6 триллион АҚШ долларын құраған. Бұл 2011 жылғы көлемнен 1,0%-ке жоғары.

Астананың экономикалық даму басымдықтарының бірі туризм болып табылады. Бурабай, Зеренді, Алакөл, Қорғалжын си­яқты табиғи інжу-маржандар ту­рис­тік қызметті дамытуға зор мүм­кіндіктер береді. Бұл ретте Аста­наның заманауи озық келбеті мен дамыған инфрақұрылымы ба­рынша басымдық танытуда. Астана қаласында 2018 жылы жал­пы саны 8 244 бірлік нөмірі бар 218 қонақүй (жеке кәсіпкерлердің қызметін қоса алғанда) жұмыс істейді. 2000 жыл­мен салыстырғанда қонақүй­лер саны 10,9 есеге (20 қо­нақүй) өскен, нөмірлердің жал­пы саны 10,0 есеге (823 нө­мір) ұлғайған. Бүгінде бас қала­мыз­да талғамы жоғары шетел қо­нақ­тарының сұранысына толық жауап беретін жұлдызды қонақүйлер жетерлік. Олардың қатарында «Rixos Президент Oтель», «Radisson Sas», «Soluxe hotel Astana», «Talan Towers», «Wyndham Garden Astana», «Пекин Палас», «Ramada Plaza Astana», «Astana Marriott Hotel», «Дипломат», «Hilton Garden Inn», «Ibis Astana», «King hotel» «Гранд Парк Есіл», «Комфорт Отель Астана», «Думан» және басқалары бар. 

Елордамыз тоғыз жолдың торабын түйістірген ірі көлік-ло­гистикалық орталық болып табылады. Соңғы жылдары салынған халықаралық магистралдар мен темір жол тораптары еліміздің барлық өңірін Астанамен байланыстырды. 

20 жылда автомобиль көлік­те­рімен жүк тасымалдау 1 339,5 млн тоннаны құрады. Автокөлік құ­рал­дарының жүк айналымы 1998 жылғы 24,2 млн текше метрден 2017 жылы 9 184,1 млн текше метрге дейін артты. Жеке кәсіпкерлердің тасымалдағанын қоса есептегенде автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау 1998 жылы 39,7 млн адамнан 2017 жылы 2 528,5 млн адамға дейін артты. Өткен жылы еліміздегі жолау­шы­лар айналымы 18 901 млн жолаушы-шақырымды құрады. 1998 жылы бұл көрсеткіш 499,2 млн жолаушы-шақырымға тең болған еді. 

Астананың әлеуметтік-эконо­ми­калық әлеуетінің өсуі бас қала­ның тұрғындары санының өсуі­не ықпал етті. Соңғы 20 жыл­да халық саны 1998 жылдың ба­сындағы 300 505 адамнан 2018 жылдың басында 1 030 577 адамға дейін көбейді. 2018 жылдың басында еңбек етуге қабілетті жасқа жетпегендер – 302 021 адамды құрады (халықтың жалпы санынан 29,3%), еңбекке қабілетті жастағылар – 652 339 адам (халықтың жалпы санынан 63,3%), еңбекке қабілетті жастан асып кеткендер – 76 217 адам (халықтың жалпы санынан 7,4%) болып отыр. 2018 жылдың басындағы жағдай бойынша астана халқының бір шаршы шақырымға орналасу тығыздығы 1289,8 адамды құрайды. 2017 жылы халықтың өмір сүруінің күтілетін ұзақтығы қала бойынша – 76,21 жасты, оның ішінде ерлер – 72,5 жас және әйелдер – 79,24 жасқа жетті. 2018 жылдың ба­сында астана тұрғындарының ор­таша жасы 29,6 жасқа (1999 жыл­дың басында 31,3 жас) тең болд­ы. 

Өткен 20 жыл ішінде Астанада 281 069 бала (Респуб­ли­ка бойынша тоғы­зыншы көрсеткіш) дүниеге келді. 2017 жылы астанада 28 276 бала туылды, бұл 1998 жылға қарағанда 8,3 есеге (3 388 адам) көп. Астана халқының табиғи өсуі 20 жылда 212 543 адамды құ­рады, 2017 жылғы өсуі 24 374 адамды құрады, бұл 1998 жылға қарағанда 73 есеге көп. 

1998-1999 оқу жылдарында бас қаламызда 48 мектеп жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 105 мектепке жетті. Жиырма жыл ішінде оқушылар саны 45,8 мың адамнан 148,9 мың адам­ға жетіп, 3,3 есеге артты. Сонымен бірге қаламызда дарынды балаларға арналған 3 заманауи мектеп жұмыс істейді. 

Сондай-ақ Астана респуб­ли­каның басты мәдени және ру­­хани орталығы болып табы­ла­ды. Бүгінгі таңда елорда жұр­ты­на 6 театр, 23 кітапхана, 7 музей, 1 цирк, 7 кинотеатр, 5 концерттік ұйым мен өнер академиясы, 2 өнер мектебі, 3 ба­лалар музыкалық мектебі, Қа­зақ ұлттық хореография акаде­миясы қызмет көрсетеді. 1998 жылы қаламызда 2 театр, 3 мұ­ра­жай, 21 кітапхана ғана жұ­мыс істеген болатын. Осыдан-ақ ас­та­н­алықтардың мәдени жә­не ру­ха­ни сұранысының қан­ша­лық­ты жоғары екендігін аңғаруға бо­лады. 

Жиырма жыл ішіндегі ел­орда­ның тұрақты дамуы Қазақстанның бас мегаполисінің болашағы бұ­дан да зор болатындығын айқын­да­ды. Қорыта айтқанда, өзінің 20 жыл­дық өсу үрдісінде Астана эко­номиканың даму драйверіне айналды. 

Құндызбек ӘБДІРӘСІЛОВ, 
Астана қаласы Статистика департаментінің басшысы