Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Есілде жүзіп көрдің бе?

663 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Есілде жүзіп көрдің бе?

Кез келген қала өзінің келбетін өзгеше әсемдігімен әспеттей түсетіні бел­гілі. Айталық, ару қала Алматыны тіл­ге тиек етсек, көзімізге асқарлы Алатау, әйгілі Көктөбе елестейді. Алып шаһарға барып тұрып, Медеуге кө­те­рілмеу мүмкін емес. Сол сияқ­ты елорда тұрғындары мен қала қонақ­та­рының демалуына арналған әдемі жер­лердің бірі – Есіл жағалауы. Бас қалаға ат шалдырған мейман өзен бойымен жылжып, Астананың заманауи ғимараттарын су үстінен тамашалауды дәстүрге айналдырған. Кенесары хан ескерткішінің түбінен қозғалған кеме шаһардың сән-салтанатын бір сағат бойы көз алдыңа көлденең тартады. Ақорданың ақ шаңқан ғимаратына дей­ін баратын бағытта Есілдің сиқыр­лы да сырлы толқындары тербеп, ел­ор­­даның еңселі сипатына ерісіз таң­дай қағасың! Астанамыздың 20 жыл­ды­ғына орай «Есіл-Астана» мем­ле­кеттік кәсіпорынының кемелеріне біз де отырып көрдік.

Елорданың туристеріне тамаша көрі­ністер ұсыну, тартымдылығын арт­тырып, қаланың ішкі-сыртқы сипа­тын сұлуландыра түсу мақсатынан туын­даған «Есіл Астана» саяхаты бүгін­де үлкен сұранысқа ие. Есілде ке­ме жүргізу жобасы о баста Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың идеясынан туды. Мемлекет басшысы әр кез­де елорданың таза және сәулетті бол­ға­нын қадағалап отырады.

Президент Н.Назарбаев «Астана­ның бет-бейнесі оның таза, тұрғындар үшін ыңғайлы да көркем қала болуында. Мысалы, қаламызға қо­наққа келген мейманды әуежайдан, поездан күтіп, құрмет көрсетудің өзінен елорданың бет-бейнесі көрінеді. Біз Алматыны осы қалаға көшіргенде, сол қаланың тұрғындары қалай қарады? Біз оларға бейне бір ауылдық елді мекен іспетті көріндік. Мен мұның барлығын неге айтып отырмын? Біз үкіметпен бірге Астанамыздың 20 жылдығына қонақтар үшін, өзіміз үшін көрсеткіші жоғары көрікті қала болуы үшін біраз қызмет атқардық» деген болатын.
Осыдан он жыл бұрын алғашқы ке­ме­лерін Есілге түсірген Астана қа­ласының Жолаушылар көлігі және авт­омобиль жолдары басқармасына қарасты «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорны бүгінде қонақ жай орталыққа айналған. Кеме жүре бастаған алғашқы кездері жұртшылыққа 6 жолаушылар кемесі серуендік-экскурсиялық қызмет көрсетіп келсе, мекеме бүгінде кеме санын 13-ке жеткізді. «Есіл-Астана» директоры Қанат Алин атап өткендей, биыл астаналықтар мен қала меймандарын өзенде серуендету үшін жолаушы кемелерінен бөлек, техникалық флот, құтқарушы кемелер, жабдықталған кемелер, балшық сорғыш кемелер, баржалар жұмыс істеуде.

«Елордамыздың байырғы тұрғын­да­ры Есіл өзенінде бұрын кемелер бол­мағанын біледі. Біздің ешқайсымыз да оны теплоходпен аралау мүмкіндігі туа­тынын тіпті ойламадық. 2008 жы­лы Елбасының тапсырмасы бойын­ша «Кеме жүзетін Есіл» жобасы іске асырыла бастады. Астанамызда алғашқы өзен кемелері пайда болды. Ал 2015 жылы өзен ресми түрде рес­публикамыздағы кеме жүзетін су жол­дарының тізіміне енді», дейді мекеме бас­шысы.

Бастапқыда кеме жүретін учаскенің ұзын­дығы 6 шақырымды құраса, Астана аумағының ұлғаюына байла­нысты маршрут 18,5 шақырымға өскен. Бүгінде Есіл өзенінде жолаушылар кемесінен бөлек, сүйреткіш кеме, құт­қару кемесі және моторлы қайық­тар да жүреді. Кемелер сағат күндізгі 12.00-ден бастап мен кешкі 21.00 аралығында жұмыс істейді. Тарифтер 2014 жылдан бастап еш өзгеріссіз. Ересектер үшін билет құны – 1000 теңгені, балалар үшін 500 теңгені құрайды. Сонымен қатар бұл маусымда да, былтырғы сияқты қала тұрғындары мен қонақтары түнгі уақытта кемемен қыдыра алатындығын айта кеткен жөн.

«Кемелердің қауіпсіз жүзуін қам­тамасыз ету үшін жыл сайын түрлі шаралар атқарылады. Мәселен, навигация белгілері орнатылып, қосалқы мердігер ұйымдардың күшімен іздестіру және арнаны тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Бұл қызметпен тек «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорны айналысады. Қызметкерлердің кәсіби дең­гейі жоғары. Басқару аппараты қыз­­меткерлерінің түгелге жуығы – жо­­ға­ры білімді мамандар. Жалпы ма­­ма­н-
­дардың бәрінде орташа тех­ни­ка­лық білімі мен еңбек өтілі бар. Олар­дың көбі Есіл өзенінде кеме жүру ба­с­тал­ғаннан бері еңбек етуде» дейді кеме капитандарының бірі Ералы Алмас.

Мекеме өкілдері өзен көлігі саласын­дағы мамандардың тапшылығы қиын­дық туғызып тұратындығын да жасырмайды. Сондықтан мекеме өзге өңірлермен тығыз байланыс орнат­қан. «Кеме тұрағына арналған порт, кеме жөндеу шеберханасы, ке­мелерді түсіріп және көтеретін кран, өндірістік қызметкерлер үшін жаб­дықталған үй-жай да күрмеулі мә­се­­лелердің бірі. Бірақ осындай қи­ын­­дықтарға қарамастан кәсіпорын өкіл­­дері алға қойылған міндеттерді мұ­қият орындап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіз әрі жайлы су кө­лігімен тасымалдауды парыз санайды», дейді Қ.Алин.
Былтырғы навигациялық кезеңде «Есіл Астана» трафик көлемі жағынан жоспарларын асыра орындады. Ал биылғы көрсеткіш одан екі есеге артуы ғажап емес. Мәселен, былтырғы мау­сымның қорытындысы бойынша ар­ғы жылғыға қарағанда жолаушылар саны 60 пайызға артып, 35 мың адамды құраған. Мерейтойға орай биылғы көрсеткіш те артуы тиіс. 

«Есіл-Астананың» алдағы жоспарлары жұртшылыққа жағымды болғалы тұр. Соның бірі – «Өзен таксиі» жо­ба­сы болмақ. Жолаушыларды Есіл­дің қалалық айдыны аумағында кез келген нүктеге дейін жеткізу әр ас­таналық үшін күтпеген жаңалық бо­лары сөзсіз. «Сыйымдылығы 30 адам­ға дейін жететін шағын кемелерді шы­ғаруды жоспарлап отырмыз. Оның әлеу­етін қаламыздың маңызды көлік жо­лы ретінде қолдану қажет. Кеме жү­ретін су жолдарының сапалылығын арт­тыру, жолаушыларды тасымалдау көлемін көбейту, елорданың тұр­ғын­дары мен қонақтарына туристік ба­ғыттарды ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасау, демалушылардың жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында кеме жүретін учаске полицейлердің үнемі қадағалауында болуы секілді жұмыстар бірте-бірте жүзеге асырылып келеді», дейді Қанат Төлеубекұлы.

Жағалаудағы жарты күндік серуеннен ұққанымыздай, бүгінгі таңда Астананың алдынан дамудың жаңа көкжиегі ашылып келе жатқанына көзіміз жетті. Маңызды міндеттердің бірі саналатын туризмді дамыту барысында Есілде кемемен жүзу туристік тар­тымды жобаға айналмақ. Есіл өзе­нін бойлай кемемен жүзу қалаға келген әр қонақтың бағдарламасындағы мін­детті бір тармаққа айналатыны дау­сыз. Біз де осы сапарды жанға жайлы, танымдық және есте қаларлықтай етіп өткізгенімізді жасырмаймыз. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»