Парламент • 09 Шілде, 2018

Инновациялық өндірістер депутаттар назарында

442 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев, Бақытжан Ертаев және Жанат Омарбекова Астана қаласындағы «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС-не барып, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі. 

Инновациялық өндірістер депутаттар назарында

Тікұшақ құрастырумен айналысатын Астанадағы ең ірі кәсіпорынның жұмыс барысымен танысқан депутат П.Казанцев бұл зауыттың елімізге жаңа мүмкіндіктерін ашу бағытында өзге елдердің нарығына жол табуда ілгері дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі екенін айта келіп, қазіргі таңда бұл тікұшақтарға деген сұраныс Қырғыз елінде көп екеніне тоқталды. Осы ретте депутат келер жылы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып инновациялық әлеуетті және туристік саланы дамытуға бағытталған заң қабылдау қажеттілігіне де назар аударды.

Сонымен қатар зауыт шеңберінде Орталық Азия мен еліміздің аймақтарына қажетті мамандарды даярлайтын авиациялық білім беру орталығы жұмыс істейді. Бұл жер В1 техникалық дәріс пен ЕС145 тікұшағын басқаратын пилоттарды даярлайтын әлем бойынша жалғыз орталық болып саналады. Қазіргі таңда 8 адам білім алуда.

Зауыт аясында сервис орталығы да орналасқан. Бұл жерде кәсіби маман иелері тікұшақтардың ұшуға дайындық барыстарына тексерістер мен жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Өз кезегінде «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС коммерциялық директоры Тимур Тилинин орталықта тек ұшқыштарды ғана емес, мамандыққа қажетті техника қызметкерлері мен авиониктерді оқытатынын айтып, зауыт қызметкерлерінің өз істерінің шеберлері екенін және жұмыстарын жылдам және кәсіби деңгейде атқарып, ең жоғарғы сападағы қызмет көрсетумен айналысатынын жеткізді.