10 Шілде, 2018

«Қарты бар ел – қазыналы ел»

1718 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан 4 жыл бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде 2030 жылға қарай егде жастағы адамдардың үлесі (2014 жылы – 6,9 пайыз) 11,2 пайызға жетеді деп болжам жасаған болатын. Алайда, бүгінгі жағдай жоғарыдағы көрсетілген жорамалды теріске шығарғандай. Өйткені Қазақстанда қазірдің өзінде жасы 60-тан асқан тұрғындар саны 12 пайызға көбейіп, өмір сүрудің орташа ұзақтығы 72 жасты көрсетіп отыр.

«Қарты бар ел – қазыналы ел»

Әрине бұл жағымды үрдісті елімізде халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау шараларының өз деңгейінде жүзеге асырылып отырғанының, тұрғындардың тұрмыстық жағдайының жақсара түскенінің бір өлшемі ретінде қарастыруға болады. Осы орайда, елімізде егде жастағы адамдар қатарының өсе түсуіне сәйкес, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, моральдық-материалдық тұрғыдағы жағдайларына қатысты жаңаша көзқарастың қажеттігі айқындала түседі.  

Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе дәстүрлі отбасылары аз, егде тартқан жалғызбасты жандар үлесі басым, қарттарын арнайы мекемелерге орналастыру үрдісі үйреншікті дағдыға айналған, қалыптасқан жағдай саналатын Еуропа мемлекеттерінде қарттарды қолдау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу жолдары біршама жүйеленген. Өйткені бұл аймақтарда қарттар мәселесі сонау ХХ ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап отбасылық шеңберден шығып, қоғамды әжептәуір алаңдатып, соның себебінен тиісті шараларды қолға алу қажеттігі туындаған-ды. Яғни, осы аралықта Еуропа елдері аталған бағытта нақты қадамдар жасауға мәжбүр болып, ақырында қарттар ісіне қатысты шараларды жүзеге асыруда біршама тәжірибе жинай білді. Бұл тәжірибелер БҰҰ-ның Қартаю мәселелері жөніндегі дүниежүзілік ассамблеясы аясында қабылданған Қартаю жөніндегі Вена халықаралық іс-қимыл жоспарында (1982 ж.), Қарт адамдарға арналған БҰҰ-ның қағидаттарында (1991 ж.), Қартаю жөніндегі Мадрид халықаралық іс-қимыл құжатында (2002 ж.) көрініс тапты. Аталған жоғары деңгейлі құжаттардың қабылдануы бүгінде егде жастағы адамдар мәселесі әлемдік ауқымдағы түйткілдердің біріне айналып отырғанын аңғартады.

Ал отбасылық құндылықтарға адал, дәстүрлі отбасылар қатары селдіремеген, ата-анаға деген ізгі ниет бүлінбеген біздің елімізде қарттар ісі анау айтты қоғамдық дертке айнала қойған жоқ. Өйткені қара шаңырақтар қатары сиремеген Қазақстанда жасы ұлғайғандардың дені (тағдырдың талайымен жалғыздықты серік еткендерді қоспағанда) ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, келін түсіріп, немере сүйіп, өз отбасында перзенттерінің қамқорлығында тіршілік етуде. Бұл жағымды үрдістің сақталуы қарттар мәселесінің басым бөлігі өз шаңырақтары аясында шешімін табуына, оның жаппай қоғамдық түйткілге айналмауына септігін тигізіп отыр. Дегенмен, біздің бұл сөзіміз Қазақстанда қарттар мәселесіне қатысты түйткілдердің мүлде жоқ екендігін білдірмейді. Өйткені егде жастағыларды  емдеу-сауықтыру, қорғау, еңбекке жарамдыларын өздерінің ұмтылысы болған жағдайда жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, білімін, тәжірибесін ескере отырып олардың әлеуетін пайдалану мәселелері біздің қоғамда өзінің өзектілігін көрсетуде. Бұл өз кезегінде (көптеген қариялар қанша жерден өз шаңырақтарында берекелі ғұмыр кешіп отырғанымен) қарт адамдарға қамқорлық жасауда мемлекет рөлінің маңызды екенін білдіреді.

Сондықтан бұл мәселелерге қатысты жаңа көзқарас, нақты жобалар, тиісті шаралар қабыл­да­нуы қажет. Бүгінгі жас уақыты жеткенде қарттық кезеңге аяқ басатынын ескере сөйлесек, айтылып отырған жағдаяттарға қай-қайсымыз болсақ та жіті назар аударғанымыз жөн-ақ. 

Жалпы, аталған мәселе елімізде негізінен «Са­ламатты Қазақстан», «Денсаулық» мемле­кет­тік бағдарламаларында қарастырылып ке­ле­ді. Дегенмен, қарт адамдар ісін өз алдына же­ке шеш­кен дұрыс деп ойлаймыз. Сондықтан Қазақ­стан­да егде тартқан адамдарға арналған, қарт­тар­дың өмір сүру сапасын жақсарту, ден­сау­лық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін арттыру, олардың әлеуетін еліміздің дамуына бағыттау мақсаттары қамтылған ауқымды стратегиялық жоспар, мемлекеттік бағдарлама қажет-ақ. Мәселен, осындай бағдарламалар арқылы, басқасын айтпағанда, қарттарды жұмыспен қамту ісі нақты қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің бұлайша сөйлеуімізге Еуропа елдерінің және басқа да дамыған мемлекеттердің тәжірибелері түрткі болып отыр. Оларда қалай?

Мысалы, дамыған бірқатар елдерде жасы келген қызметкерлердің ұзағырақ еңбек етуін ын­та­ландыратын тетіктер қалыптасқан. Со­ның бір көрінісі ретінде жасы келгендердің жұ­мыс уақытын біршама азайтып, олардың зей­неткерлікке шыққаннан соң да ұзағырақ еңбек на­рығында қалу мүмкіндігін қамтамасыз ету тәсілін айтуға болады. Сондай-ақ жасамыс адамдарды жеңіл-желпі тірліктерге, шығармашылық жұмыстарға тарту да маңызды. Осы арада қарттардың ғұмырлық тәжірибелерін ұрпақ тәрбиесіне, қоғамды сауықтыру ісіне тиімді пайдалану қажеттігін де ұмытпағанымыз жөн. Осылайша егде жастағы аға буын өкілдерін қоғам өміріне белсенді түрде қатыстыруға күш салғанымыз абзал. Бұдан қоғам зор пайда көрмесе, ешқандай зиян шекпейді. Қарттарымызға өздерінің қоғамға қажет екендігін сезіндіре отырып, белсенділігін арттыра білсек, олардың өмір сүру сапасының жақсаруына әрі өмірлерінің ұзақ болуына септігімізді тигізген болар едік. Қазақ «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді. Олай болса, қазыналы елімізде қарттарды қолдауды қайырымдылық іс қана емес, олардың сапалы өмір сүру құқығын қамтамасыз ету шарасы деп те қарастырғанымыз абзал.

Қарттық мүгедектіктің немесе аурудың баламасы емес. Кезінде кейінгілер үшін терін төгіп, ең­бегін сіңірген қарттарымыз өз қоғамына нақты пай­дасын тигізіп, рухани және экономикалық тұр­ғыда қозғаушы күш бола алады. Қоғамда қарттар үлесінің артуының басты себебі ретінде олардың ұзақ жасауын көлденең тарту жөнсіз. Бұл үрдіске демографиялық қарқынды өсімге қол жет­кізе алмау мәселесі әсер етіп отырғанын қа­пер­ден шығармау керек. Қарттардың көп болуы – ел дамуының көрсеткіші. Құрметтей біл­сең, қа­рттардың қоғамдағы белсенділігі арта бе­реді.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»