Әлем • 10 Шілде, 2018

Кембридж университеті қазақ әдебиетінің антологиясын аударады

485 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

9 шілде күні Ұлыбританияда еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссиясы мен Кембридж университетінің баспасы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісімге сәйкес қазіргі заманғы қазақстандық әдебиет антологиясын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жобасы жүзеге асырылатын болады.

Кембридж университеті қазақ әдебиетінің антологиясын аударады

 Қол қою барысында белгілі болғанындай, қазіргі заманғы қазақстандық әдебиет үлгілерінің жинағы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылмақ. Бұл жоба Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бөлігі саналады. Жобаның міндеті – бүгінгі әлемге тәуелсіздік жылдарындағы кино мен театр, хореография, өнер, бейнелеу және музыка өнері мен әдебиет жетістіктерін таныстыру.

Қазақстан тарапынан меморандумға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды. «Британдық кеңес тарапынан қолдау, сондай-ақ CambridgeUniversityPress сияқты белгілі ұйыммен әріптестік пен оның 500 жылдық тәжірибесі және талассыз беделі біздің жобамыздың сәтті болуына жақсы негіз болады деп ойлаймын. Бұл аударманың жоғары сапасына, сондай-ақ Ұлыбританияда ғана емес, ағылшын тілді әлемде кеңінен таралуына мүмкіндік береді. Біз дәл осы іспетті келісімді антологияны испан, француз, орыс, қытай және араб тілдерінде де басып шығару үшін жүргізудеміз. Әлеуетті әріптестерімізге талап жоғары. Басымдық тәжірибеге, беделге және баспаның мүмкіндіктеріне қарай беріледі», деді салтанатты шарада Аида Балаева.

Өз кезегінде CambridgeUniversityPress білім және реформа бойынша директоры Джейн Манн Қазақстанмен маңызды мәдени жобада әріптес болғанына қуанышты екенін жеткізді. «Біз қазақстандық проза мен поэзия авторларын ағылшын тілді әлемнің оқырмандарымен жақын таныстыру үшін барлық күш-жігерімізді саламыз. CambridgeUniversityPress жобаға тікелей қатысу мүмкіндігін алғанына ризашылығын білдіреді» деді ол. 

Жоба туралы айтар болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты саналатын «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру аясында қазіргі заманғы қазақстандық әдебиеттің екі антологиясын басып шығаруға дайындық және аударма жұмыстары жүргізілуде. Әр антологияның көлемі шамамен 500 беттен тұрады. Әр антологияға 30 қазақстандық автордың шығармалары енеді. Антологияның құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының арнайы отырысында бекітілді.

Ағылшын тіліндегі антологияны аудару және басу жобасының стратегиялық серіктесі ретінде «Британдық кеңес» жобаға сарапшылық қолдау көрсетеді. Кембридж университетінің баспасы шешуші әріптес-баспа ретінде жолма-жол әдеби өңдеу, баспаға даярлау, басу, тарату, сондай-ақ ағылшын тілді елдерге ұсыну мен тарату бойынша жұмыс кешенінің барлығын жүргізеді. 

Қазіргі кезде жолма-жол аударуға, сондай-ақ жолма-жол әдеби өңдеуді тиісті көркемдік деңгейіне дейін жеткізетін әдеби аудармашылар пулын жасақтау жұмысы жүргізілуде. CambridgeUniversityPress базасында даярланған антология ағылшын тілі ресми мәртебеге ие барлық елде таратылады деп жоспарланып отыр.

«Егемен-ақпарат»