Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Шомылу маусымындағы шошытарлық ахуал. Өткен демалыс күндері 20 адам суға кетті

628 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Міне, жаздың орта шеніне жет­пей шомылу маусымында ажалы судан болғандар туралы ақпараттар легі дүңк-дүңк естіле бастады. Айталық, өткен аптаның демалыс күндерінде елімізде 20 адам суға кетті. 

Шомылу маусымындағы шошытарлық ахуал. Өткен демалыс күндері 20 адам суға кетті

Олардың ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 5, Қызылорда облысында – 3, Қа­рағанды облысында – 3, Ақмола облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында 2 адам суға кеткен. Сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарындағы су қоймаларында да батып кеткен адамдар бар. Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, жағажайда жан­т­әсілім еткен жандардың көбі – балалар. Аталған ведомствоның өкілі Руслан Иманқұлов бұл қай­ғылы оқиғалардың дені азамат­тардың басым бөлігінің мама­н­дардың ескертпесіне құлақ ас­пай­тындығынан туатынын ай­тады. Ал Қазақстанда бүгінде ірі­лі-ұсақты 50 мыңнан астам су қоймасы бар екен. Сондық­тан суға шомыларда өзіңнің және жақындарыңның, әсіресе бала­лардың өміріне жауапкершілікті естен шығармау керек.

Осы оқиғаларға байланысты соңғы күндері жағажайлардағы қауіпсіздік жұмысы күшейтілді. Мә­селен, Астана қаласындағы Есіл өзенінің жағалауларында құт­­­қарушылардың тұрақты кезек­­шілігі ұйымдастырылды. Маман­дар қайықпен жүзіп жүріп, ел­орда тұрғындары мен қонақ­тары­на рұқсат етілмеген жерлерде шо­мылудың соңы неге соға­ты­нын тәптіштеп түсіндіріп жүр. Сүң­гуірлердің айтуынша, суға кез­дейсоқ батып кетпеу үшін арнайы жарақтандырылған жағажайларда ғана шомылған абзал. 

«Астананың барша тұрғыны мен қонақтарынан өтінеріміз, су жаңсақтықты кешірмейді. Өйткені жүзе, малти білетін адамның өзі жүрек соғысының жиілігінен, қол-аяғының тартылып қалуынан суға батып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан абай­ламаудың соңы үлкен қайғы­ға ұласады», дейді Астана қала­лық төтенше жағдайлар депар­та­ментінің бөлім басшысы Элдар Райымбеков.

Өткен аптаның өзінде өңір­лерді қоса есептегенде 45 адам суға кетті. Әсіресе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында суға бату оқиғалары көп кездесті. Мұндай жағымсыз дерек оңтүстік өңірлерде де тіркеліп отыр.

ІІМ Төтенше жағдайлар жө­ніндегі комитетінің төрағасы Вла­димир Беккер балалардың суға бату оқиғаларына жүргізілген талдау бойынша, қайғылы оқиға­лардың дені сағат 15.00 мен 18.00 аралығында болатынын, яғни сабақтан босағаннан кейін балалардың қараусыз қалаты­ны­нан туатынын айтады. 

Соңғы уақытта суға батқан балалардың жасы негізінен 3 жастан 10 жасқа дейін және 92 проценті ұл балалар. «Негізі, ұлдар шешімтал келеді. Сон­дықтан ата-аналары қыздарға қарағанда ұлдарды жеткілікті деңгейде бақылауға алмауы мүмкін. Бұл балалардың өзара топтасып, үйден шығып кетіп, емін-еркін жүруіне, қыдыруына мұрсат береді. Еліміздің шы­ғысында өткен демалыс күн­дері ірі су қоймалары алты адам­ның өмірін жалмады. Оның үшеуінде балалар құрбан болды. Құтқарушылар өзеннен 6, 7 және 11 жасар балалардың денесін шығарды. Олардың бәрі шомылуға арналмаған жерлерде үлкендердің қарауынсыз суға түскен. Дәл осындай себептермен солтүстік өңірде екі ер адам қайтыс болды. Сол­түстікте суға батып кеткен та­ғы үш адам сүңгуірлердің кө­ме­гімен құтқарылды», дейді В.Беккер. 

Ал Солтүстік Қа­зақ­стан облысы төтенше жағ­дай­лар департаментінің құт­қару­шы­лар жасағының жетек­шісі Сергей Черкасовтың айтуынша, суға батудың негізгі себебі – балалардың қараусыз қа­луы мен ересектердің спиртті ішім­дік ішіп шомылуы. «Жедел құтқару жасағы күн райының қолайсыздығына қарамастан күнделікті рейд жүргізеді. Тіпті нөсер құйып тұрса да рейд жұ­мыстары жалғаса береді. Өйт­кені кейде жағалауда отырған балықшылар қармағына әлдебір зат жабысып, оратылып қалса да, ілмегі суға түсіп кетсе де өзен­ге қойып кетеді. Ал асау өзен ағысы адамды қақпақылдап ағы­зып ала жөнеледі. Осылайша, болмашы дүние үшін өмірін құрбан ететін жағдайлар жиі кездесіп жатады», дейді ол. 

Төтенше жағдайлар жө­ніндегі комитет төрағасының айтуынша, елімізде шомылуға арналған 100-ден аса қалалық және 600 жеке жағажай бар. Бұл жағажайларда төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің бө­лімшелерінде арнайы даяр­лықтан өткен және қоғамдық құтқарушыларды қоса есептегенде 1285 құтқарушы дема­лушылардың қауіпсіздігін ба­қылайды. Сондай-ақ 390 құтқарушылар бекеті құрылған. Ал қауіпті әрі күзет қойылмаған су қоймалары маңайында коми­теттің жедел құтқарушылар жасағының кезекшілігі ұйым­дастырылды. Оның жалпы саны – 53. Бүгінде комитет әкімдіктермен бірлесе отырып шомылуға тыйым салынған орындарды анықтады. Мұндай санаттағы жағалауларға 3 мың­нан астам ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. Ал ақпараттық жұмыстарға биыл алғаш рет еріктілер ұйымдары тартылып, «Жас Отан» жастар қанатымен бірге тиісті жоспар-кесте бекітілді. Атап айтқанда, 330 акцияға 2 мыңнан астам ерікті тартылып, 200 бейнематериал түсірілді және 123 мың насихаттық өнім таратылды. Сонымен бірге жергілікті полиция қызметі жағалаудағы және стихиялы жағажайлардағы бұқаралық демалыс орындарында рейдтер жүргізіп, спиртті ішімдіктердің сатылуына және тыйым салынған орындарда шомылуға қарсы белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл ретте 9 сәуірден бері 2,5 мыңнан астам рейд жүргізіліп, 563 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Әсіресе жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте өзекті. Сон­дықтан су қоймаларында балаларды суға тұншығудан сақтау туралы бейнеролик­тер көрсетіліп, қалалық жаға­жай­ларда 100-ден аса балаларға арналған қауіпсіз шомылу орны жабдықталды. Онда балаларды дұрыс малту мен жүзуге де үйретеді. Құт­қа­рушылар бүгінге дейін 500-ге жуық балдырғанға жүзу ма­шығын үйретіп үлгерді. Елі­міздегі 115 балалар лагерінде де осы іспетті жұмыстар жүргі­зілуде. Таяуда Астанада 4 бал­дырғанның бір мезетте суға кеткені белгілі. Мамандардың айтуынша, олар тыйым салынған орында суға шомылған. Бұл ретте балаларды қараусыз қал­дырмаудың, бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызы зор, дейді төтенше жағдай қыз­меткерлері. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі және жергілікті әкімдіктермен бірге аула клубтарын дамыту, мектеп лагерьлерін құру, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін ашу жұмыстарының өзекті екені тағы да байқалып отыр.

Әрине, халқымыз «Ажал жетпей өлмек жоқ» дейді. Бірақ «Сақтансаң – сақтайды» дейтін тәмсіл барын да ұмытпаған абзал. Сондықтан жаздың шілдесі қалай шыжғырса да өміріңізді бәске тікпей, қауіпсіздік шаралары сақталған жағажайда шомылғаныңыз, өзіңіз де суға түсу барысында сергек ойлап, шомылу тәртібі мен қауіпсіздік ережесіне бағынғаныңыз жөн. Бұл жақындарыңыз үшін де маңызды.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»