Қазақстан • 11 Шілде, 2018

«Хан бөгеті» халықаралық экспедициясы жолға шықты

534 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұйымдастыруымен «Хан бөгеті» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы жолға шықты. 11-15 шілде аралығына жоспарланған сапар барысында ғалымдар Ресей Федерациясының Волгоград облысы аумағындағы тарихи орындарды араламақ.

«Хан бөгеті» халықаралық экспедициясы жолға шықты

Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

- Экспедициямыздың мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі жерлер географиясы» жобасы бойынша шаралар кешенін жүзеге асыру, яғни Ресей Федерациясының Волгоград облысы Палласов ауданының Максимовка және Кумысолечебница елдімекендерінің маңайында орналасқан «Хан бөгетін» тарихи-мәдени мұра ретінде зерттеу, - дейді топ жетекшісі, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы Жәңгір хан музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов.

Зерттеушілердің маңдай тіреп барғалы отырған мекені – Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір ханның жазғы ордасы болған жер. Жәңгір хан – Жасқұсқа орда салып, алғаш мектеп ашқан, құмда орман өсіріп, тұңғыш медициналық мекемелерді ұйымдастырған прогрессивтік бастамаларымен тарихта қалған тұлға. Ел аузындағы және тарихи деректер бойынша хан қазақ арасында суармалы егін, бау-бақша ісін дамытуға да күш салған. Бүгінде Ресей аумағында қалған Тарғын өзені бойында сақталып қалған «Хан бөгеті» атауы - сол тарихи оқиғалардың куәсіндей.

Экспедиция кезінде ғалымдар табиғат ескерткіштерін, сонымен бірге зерттелетін аумақтағы материалдық мәдениет ескерткіштерін анықтайды. Табиғи және тарихи-мәдени нысандарды фото және бейнежазбаға түсіріп, жергілікті халық арасынан «Хан бөгетінің» тарихына қатысты аңыз-әңгімелерді жинақтауды жоспарлап отыр.

13 шілде күні экспедиция мүшелері Кумысолечебница мекенінде далалық баспасөз конференциясын өткізіп, муниципалды аудан әкімшілігімен, жергілікті тарихшылармен, өлкетанушылармен кездесуді жоспарлаған. Айта кетейік, бұл мекен – 1920 жылға дейін белгілі ақын Шәңгерей Бөкеевтің қос қабатты имениесі тұрған тарихи жер еді. 1911 жылы Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин сынды ұлт зиялылары дәл осы жерде бас қосып, «Қазақстан» атты газет шығаруды ақылдасқаны белгілі. Бөкейұлы Жәңгір хан да 1845 жылы осы жерде кенеттен өмірден өтіп, аманат жерленіп, төрт жылдан кейін сүйегі Жасқұсқа, қазіргі Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылындағы Хан зиратына көшірілген. Экспедицияға қатысушылар осы жолы аталған өңірдегі көне зираттарды да аралап, араб жазулы құлпытастарды суретке түсіріп алуды жоспарлап отыр. Эпиграфикалық ескерткіш жазбаларынан да тың мәлімет, құнды деректер шығып қалуы мүмкін.  

Сапар нәтижесінде «Хан бөгеті – ашық аспан астындағы музей экспонаты» атты ғылыми мақалалар жинағы, «Хан бөгеті» экспедициясының күнделігі» буклеті, «Хан бөгеті» видеоочеркі мен фотоальманах жарық көрмек.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан