Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Астанада «Азия медиа диалогы» өтіп жатыр

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Азия елдеріндегі радио» атты конференция өтті. Жиынға еліміздің ақпарат саласының майталмандары мен шетелден келген бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.

Астанада «Азия медиа диалогы» өтіп жатыр

Жиын барысында радио саласына қатысты өзекті түйткілдер, аудиторияға жұмыс істеу, тыңдарман тарту секілді маңызды мәселелер сөз болды. Xtra Insights компаниясының өкілі Пол Амостың модераторлығымен өткен конференцияның алғашқы сессиясында тыңдарманмен жұмыс істеу жолдары талқыланды.

Қазіргі таңда жаңа медианың шығуымен радиоға сұраныстың азайғаны белгілі. Алайда жиынға келген сарапшылар мұның уақытша құбылыс екенін айтып, радионың әлі де тыңдарман құлағының құрышын қандыра беретініне сенімді. Мәселен, конференцияда сөз сөйлеген Радио және жаңа технология жөніндегі халықаралық сарапшы Стив Ахерннің айтуынша, заманауи технологиялар радионы «өлтірмейді». Керісінше соларды қолдану арқылы радио саласы жаңаша қызметке ие болады. Мысалы, аудиожазбаларды интернетке жүктеу арқылы түрлі подкастар жасап, оны кейінірек қайта тыңдауға мүмкіндік туады. Нәтижесінде радиотолқындар жетпейтін қашықтықта отырып интернет арқылы сүйікті бағдарламаны тыңдауға мүмкіндік мол.

«Зерттеулерге сүйенсек, адамдар теледидар көргеннен тыңдағанды жөн көреді екен. Өйткені тыңдау арқылы бейнелер айқындалып, миға қонымды бола түседі. Радионы басқа тірлікпен айналысып жүріп тыңдай беруге мүмкіндік бар. Яғни, радио дербестікке бейімделіп келеді», дейді С.Ахерн.

Сонымен қатар халықаралық сарапшы радионың екі түрі маңызға ие екенін атап өтті. Оның бірі – ақпараттық формат болса, екіншісі – ойын-сауықтық бағыт. С.Ахерннің пайымдауынша, ендігі мақсат осы екі бағытты біріктіретін қолайлы орта қалыптастыру қажет.  

Бұдан бөлек конференция барысында Үндістан радиосының бас директоры Фаяяз Шедериар өз еліндегі тәжірибе туралы әңгімелеп берсе, Бутанның ұлттық радиосының басшысы Тшеринг Вангчук алақандай елдегі саны аз тыңдарманмен жұмыс істеу тәсілдерін айтты. Сондай-ақ Огайо университетінің профессоры Дрю Макданиэль де өз білгенімен бөлісті.

Іс-шара елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Азия медиа диалогы» аясында ұйымдастырылып отыр. Аталған ауқымды шара барысында бұдан бөлек бірнеше конференциялар, семинарлар мен әні фестивалі өтпек. Жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Азия және Тынық мұхит хабар тарату одағы, «Қазмедиа орталығы» компаниялары ұйытқы болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Азия медиа диалогы» шарасына 40 елден 150-ге жуық делегат келген. Жиын аясында «Азия елдеріндегі радио», «Медиа 2020» және «Ән фестивалі» өтеді.

Іс-шара барысында радио форматын жасау, аудиторияны бақылау және оны зерттеу құралдары, Еуразия медиа нарығының озық үлгілерімен танысу, контент жасау тәсілдері талқыланады. «Азия медиа диалогы» үш күнге созылады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар