Қазақстан • 12 Шілде, 2018

Балаларды бауырластыратын балалар лагері көбейсе игі

1937 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тоғыз ай білім нәрімен сусындап, көктем лебімен түлеп, жа­дыраған жазға жеткен ұл мен қыз бұдан кейін көзайым болар лагерьде достарымен қатар жүріп демалуды ойлайды. Қазір балалар демалысы жүйелі ұйымдастырылып келеді. Соның әдемі көрінісі, көрікті Көкше өңіріндегі жыл бойы жұмыс істейтін «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы дер едік.

Балаларды бауырластыратын балалар лагері көбейсе игі

Баяғы Қырымдағы артектей осы күнгі қазақ артегі – «Бал­дәу­рен» десек, артық айтқандық емес. Жүздеген бала демалып келе жатқан бұл кешен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен 2002 жылы «Артек» халықаралық балалар орталығы негізінде ашылғаны белгілі. Ондай артек кеңес заманында Қырымда болған еді. Дәулеті мен сәулеті қатар дамыған қазақ елі үшін ұрпаққа мұндай қамқорлық көрсету үлкен жақсылықтың нышаны. Содан бергі уақыт ішінде бұл еліміздің балдырғандардың құт мекені десе болады. Лагерді азат елдің артегіне айналдыру үшін оның бөлімшелерін Отанымыздың барлық аймағынан ашып, «Балдәуренге» сол бө­лім­шелерден жасақталған жүздеген жүй­ріктерді жіберу жайын бас басылым талай рет мәселе етіп қоз­ғаған. Бұл оқушылардың ынта­сын арттырумен қатар, бір барып көрсек деген балаң арманына қанат бітірері хақ.

Кеңестік кезеңде артекке бар­ған оқушы ерекше ілтипатқа бө­ле­нетін. Шіркін, тәуелсіз елдің ұр­пағы сондай мәртебеге ие болар күн туса, «Қазақ артегін» келісті етіп қалыптастырсақ – ұлт ұр­пағының рухы биіктей берер еді. Бүгінгі абыройлы іс бедел биі­гінен нық табылар еді. Бұған об­лыс жұртшылығы қолдау көрсе­тіп, басшылар жағы басым көңіл­мен кеңдік танытса, ұрпақ ісі ұтыс­қа шығары анық. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Маңғыстау өңірін­дегі Кендірліден «Балдәурен» лагерінің бөлімшесі ашылған. Амал не, кейін тындым болды.

Иә, бір кездері ел баласына жалғыз «Балдәурен» кешені қызмет етіп келсе, енді Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағасындағы «Алтын-емел» пансионаты базасында бөлімше ашылып, үш жылдан бері жүйелі жұмысымен жұрт көңілінен шығып отыр.

«Біздің «Балдәурен» орталы­ғы­ның әлеуметтік маңызы айдан анық. Кешен балалардың бойында белсенділікті оятуға, азаматтық ұс­танымдарын жетілдіруге тәр­би­е­лей отырып, олардың ой-өрі­сін, шығармашылық қабілетін шың­дайды. Әр баланың өзі ту­ра­­­лы толық мәлімет бере алатын дәрежеге көтерілуіне мүм­кін­­дік ту­ғызады. Сол арқылы бола­шақ тұл­ғаның қалыптасуына қа­лып­ты жағ­дай жасалады», дейді «Бал­дәу­рен» кешенінің бас директоры Мұхитдин Төлепбай.

Жақында біз «Балдәуреннің» Қапшағай қаласы маңындағы фи­лиалында болған едік. Рес­пуб­ликалық оқу-сауықтыру орта­лы­ғының бұл бөлімшесіндегі ке­шен жұмысы көңілден шық­ты. Табиғаты тамаша, Іле өзені­нің толқынды көкшіл суы, жаға­сын­да­ғы сусыған күлгін құмы – бәрі де бір-бірімен жарасым тапқан. Анау замандары ұлт арыстары осы су қоймасын салумен қатар, демалыс орнына айналдыру жайын да жан-жақты ойластырған. Міне, соның қызығын толқын-тол­­қын ұрпақ, оның ішінде оқу­шы­лар да көріп, көңіл көкжиегі ке­­ңіп, еліміздің төрт бұрышынан кел­ген балдырғандар қол ұста­са жү­ріп тілек арманда­рын қар­лы­ғаш балапанындай алыс­қа қанат­тан­дыруда.

Бес қабатты, бес еңселі ғи­ма­рат, оның ішіне қойылған заманауи жиһаздар, балалармен бірге ата-аналардың уақытша тыныс­тау­ына мүмкіндік беретін орындар, бақылау тетіктері, аптапта қо­са­тын суытқыш құрылғылар, суы мөлдір, жағасын күміс құм көмкерген түрлі бассейндер, жұ­­пар иісі қытықтап, көзді бау­ра­ған гүлзарлар, жазда бұлтты кү­ні түсуге лайықталған, ал қал­ған үш мезгілде үздіксіз оқу­шы­лар­ға қызмет көрсететін үй іші бас­сейні, балалардың ден­сау­лы­ғын қадағалап отыратын құ­рал-жабдығы түгел амбулаториясы, өзіндік бір әлем саналатын асхана­сы, өзге де құрылымдар оқу­­шылардың әр ауысымындағы де­малысының жақсы өтуіне жа­сал­ған керемет жағдай деуге бо­лады.

Бұл кешенде бір ауысымда 650 бала, үш айдағы бес ауы­­сым­­ды қоса есептесек, үш жа­­рым мыңдай оқушы лагерь та­­бал­­дырығын аттап, он күн­ді кө­ңілді өткізеді. Оларға әртүр­лі жүз елу мамандық иелері қыз­мет көр­сетеді екен. Бес мезгіл қуа­ты мол түрлі тағамдармен қам­та­ма­сыз ету де шешімін тапқан. Оқу­­шылар демала жүріп, түрлі ша­­ра­лардың ортасынан табылады. Айталық «Туған күніңмен, Астана!» деген тақырыпта өткен ауқымды кеште елорданы мақтан ететінін айтып, түрлі көріністер көрсетіп шығармашылық жұмыс­та­рын талқыға салды.

Кешенде әр күнді әр тақы­рып­қа арнау дәстүрге айналған. Ол «Сәлем, Балдәуреннен!» бас­талып, «Ұлы дала бірлігі», «Дом­быра үні», «Жұлдызды сәт», «Ертегілер әлемінде», «Мен көш­басшымын» және тағы бас­қа тақырыптармен ұштасып ке­те береді. Біз оқушылармен де сөй­­лесіп, лагерь туралы олар­дың ой пікірін білдік. Қай-қай­сы­сы да «Балдәуреннің» бала кө­ңілге сыйлаған барлық жұмыс­та­­рына риза екендігін жеткізіп, тіп­ті Е.Қаржауов есімді бала: «Ұйы­ған, тарқамаған берекеті, «Бал­дәуреннің» орны бір бөлек еді, «Балдәурен» жай ғана кешен емес, Бұл – әлемнің сегізінші кереметі», деп төрт жол өлеңді төгіп жіберді. Еліміздің барлық өңі­рінен келген балалар бір әке, бір шешенің баласындай бо­лып табысқандарын, бұл табы­су алда естен кетпей, қарым-қаты­нас­тарының жалғаса беретінін, лагерь демалыс алаңы ғана емес, дос табатын құт мекен екенін де алға тартады.

Әнұранның үнімен оянып, «Балдәурен» әнінің бал әуенінен нәр алып, лагерьден рухтанып қай­ту жас ұрпақ үшін ұмытылмас сәт екені сөзсіз.

«Бізде балалардың алаңсыз де­малуына барлық мүмкіндік жасал­ған. Әр топтағы оқушыны көзден таса етпей, талапқа сай қызмет жасау басты борышымыз. «Балдәуреннің» бұл бөлімшесі оқушыларға жыл бойы қызмет көрсетеді. Қазір лагерьге еліміздің барлық облысынан, сол секілді үш қаласынан келген жас буын жазғы демалыс­та­рын ойдағыдай өткізуде. Жаз айларында 650-ден 700-ге дей­ін оқушылар қабылдасақ, қыр­күйектен бастап әр ауысымға 300 ұл мен қыз келіп, мектептегі білімін жалғастыра жүріп, дема­луына болады. Отанды сүю, елді құрметтеу, тәуелсіздіктің қадірін білу, алдыңғы толқынның өнегесін үйрене отырып, ертең ізін басу жолындағы бір қадам  «Қазақстандық жас патриоттар» академиясының игілікті ісі дер едім. Бұл құрылымға оқу­шыларды, ұйымдарды қабылдау ке­зіндегі талап үлкен. Себебі қабылданған оқушы мен ұйым академиямен байланысын үзбей, жұмыс істеуі тиіс. Мұнда білім беру ісі мен тәрбие жайы жан-жақты қарастырылады. Бас­ты мақсат – талапты, талантты, да­рын­ды балалар арасынан тұл­ға қалыптастыруға ұмтылу», дей­ді Қапшағай қаласындағы «Бал­дәурен» оқу-сауықтыру ор­та­лығының директоры Бірлік Баржақсымов.

Байтақ еліміздің барлық өңі­рінен келген ұл мен қызды бауырластырып отырған «Балдәурен» кешені игілікті істің алтын арқауына айналып қана қоймай, болашақта «Қазақ артегінің» ұйытқысы, берік діңгегі болу жолында үлкен ізденіспен тиянақты жұмыс атқарып отыр.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше