Қазақстан • 12 Шілде, 2018

Аңыздарға арқау болған киелі өлке

1499 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сырдың орта ағысына кіретін Отырар өңірі туралы аз айтылып, аз зерттеліп жүрген жоқ. Тарихы тереңнен бастау алатын Отырар өңірінде Отырар, Оқсыз, Құйрықтөбе, Көкмардан, Марданкүйік, Алтынтөбе сынды археологиялық ескерткіштермен қатар көптеген ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектеріне арқау болған Арыстанбаб, Найман әулие, Қауған ата, Икрам Ишан сынды тарихи тұлғалар бар. Ел арасында осы өңірде өмір сүрген ғұлама-ғалымдар мен әулиелер туралы аңыз-әңгімелерден тұратын мұралар көптеп сақталған.

Аңыздарға арқау болған киелі өлке

Иісі түркі халқына Ислам дінін таратуда ерен еңбек сіңірген қайраткер Арыстанбаб туралы ел арасында аңыздың көптеген нұсқалары сақталған. Солардың бірі – Арыстанбабтың қайтыс болғаннан кейін ол кісіні жерлеу барысында байланысты айтылатын аңыз.

Аңызға сүйенсек, Арыстанбаб өмір­ден өтерінде өзі дүниеден өткеннен кейін денесін түйеге артып, басын бос жіберуін және түйе­сі қай жерге шөксе, сол жерге жерлеуін аманаттаған екен. Шәкірт­тері бабаның аманаты бойын­ша денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіпті де, соңынан іле­сіп отырыпты. Ақ бура жүре-келе қазіргі әулиенің кесенесі бой көтерген жерге келіп шөккен екен.

Арыстанбабтың осы жерде жерленгенін мұражай қорында тұрған қолжазба хикметтегі мына тараулар нақтылай түседі:

Қабірі Бараб елінде,

Қаланың құбыла жағында.

Міллеті Алла жолында,

Бабтар бабы Арыстанбаб.

Мұнда Бараб деп көне Фараб (Отырар) қаласы айтылып тұр. Арыстанбаб кесенесі осы Отырар қаласының батысында, яғни құбыла жағында 2,5 шақырым жерде ор­наласқан.

Ел аузында Арыстанбабтың жерленуіне байланысты тағы бір аңыз түрі сақталған. Аңызға сүйенсек, бабаның жаназасына Сырдария бойын мекендеген иісі мұсылман баласы түгел келіпті. Сол арада жаназаға жиналғандар арасында бабаның сүйегін өз жеріне апарып жерлеу үшін талас туыпты. Әркім өз пікірінің дұрыстығын айтып, дау аяғы ұзаққа созылған кезде әр елден келген ақсақалдар мен билер ақылдаса отырып мынадай пәтуа жасапты.

Ағаштан көлемі мен салмағы бірдей үш табыт жасату қажет және жаназаға жиналған қауым бабаның қай табытқа салын­ғанын білмеуі керек деп шешіпті. Барлығы дайын болған күні әр жерден келген жамағат өз таңдауларын жасап, таң намазын оқып болған соң өздері таңдап алған табыттарын түйеге артып, сапарға шығыпты. Сырдарияның жоғарғы жағын мекендейтін халық өздері таңдап алған табытты қазіргі Қыр­ғыз Республикасына қарасты Базарқорған ауданына апарып жерлесе, екінші табыт Сырдың орта ағысында, яғни қазіргі орнына жерленіпті. Үшінші топ Сырдария өзенін төмен бойлай қазіргі Қызылорда облысына апарып жерлеген екен. Қазіргі таңда Арыстанбабтың жерленген жеріне байланысты ел арасында көптеген пікірталастар туып жатқаны шындық. Алайда бұл жерде басы анық нәрсе – Арыстанбабтың денесі нақ осы жерде қойылғаны. Бұған жауапты Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінен табамыз, сонымен қатар 2004 жылы Арыстанбаб кесе­несінің көрханасында жүр­гізілген консервациялық жұ­­мыстар барысында 35 см терең­дік­тен төртқұлақты бейіттің қал­дығы болуы мүмкін, Х-ХІІ ғғ. тән қыштан қаланған қа­бырға сұл­басы анықталған болатын.

Иісі мұсылман баласын бір-біріне жақындастырып, рухани байланыстырып тұрған Арыс­танбаб кесенесінің салыну тарихы да қызық. Ел ішін­де Көреген атанып, қатал да әділетті билеуші саналған Әмір Темір өзі басып алған жер­ле­ріне иелік ету үшін жалаң күш­тің аздық етерін, жергілікті ха­лыққа өзін сыйлата білуі үшін олардың рухани қажеттілігін өтеуді де пайдаланған. Осы орайда түркі ақыны, сопылық ілімді уағыздаушы, барша мұ­сыл­мандардың рухани ұстазы, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауи жерленген жерге алыстан көз­ге шалынатын кесене салуды жоспарлауда. Осы арқылы жергілікті халықтың жүрегіне жол табуды ойлайды. Бұл қадамы нәтижесіз болмады. Жергілікті халықтың сүйіспеншілігіне бө­ленген Ақсақ Темірдің атына енді Көреген аты қосылып айтылатын болыпты.

Әлқисса. Сонымен Әмір Темір Көреген Қожа Ахмет ке­се­несінің құрылысын бастап та жібергенге ұқсайды. Алайда қабырғаларын қалап бітіре бергенде көк түсті алып өгіз кесенені құлатып кетіпті. Бұл жағдай қайта-қайта қайталана берген соң Әмір Темір терең ойға батыпты. Осы кезде ақсақалды қария келіп, бірінші Ясауидің ұстазы және пірі болған Арыстанбабтың қараусыз қалғанын айтыпты. Тез ақылға келген Әмір Темір тез арада жолға жиналып, Арыстанбаб кесенесін салдыруға пәрмен беріпті. Осыдан кейін ғана алға қойған мақсаты орындалып, Қо­жа Ахмет Ясауидің кесенесі ой­дағыдай аяқтаған екен.

Арыстанбаб біршама уақыт көне Фараб уәлаятының орталығы болған Кедер (Құйрықтөбе) қалажұртында өмір сүрген деген пікір қалыптасып отыр. Мұндай пікірдің шығуына негіз болған фактор Құйрықтөбе қалажұртына жүргізілген қазба жұмысы барысында анықталып отырған ең көне мешіт орны болып отыр. Жалпы ауданы 36,5х20,5 метрді құрайтын мешіт құрылысына XI-XII ғғ. тән қыштар мен қам­ кесек пайдаланылған. Ді­ни қайраткердің өмір сүр­ген уа­қытына сай келетін ме­шіт құрылысын жүргізуге Арыс­танбаб тікелей ықпал еткен және осы мешітте уағыз айтып, жама­ғатпен бірге намаз оқыған болуы мүмкін деген де пікір қа­лыптасып отыр.

Отырар өңірінде осы тәрізді аңыздар мен әңгімелерге ар­қау болған киелі орындар көп­теп саналады. Солардың бірі Бестораңғыл әулие. Ел ішін­де Қарақоңыр ауылының сол­түстік-шығысынан 17 км жерде орналасқан Бестораңғыл әу­лиелі жері туралы көптеген аңыз нұсқалары сақталған. Оның ішінде бірқатар аңыздар нақты емес, көбісінің бас-аяғы толық емес, не болмаса шындыққа сәйкес келмейді. Бұлардың қатарында тек екі аңыз туралы жазуға болады. Оның біріншісі: Осы маңға келіп, сұхбат құрған бес әулие (Дулығалы ата, Жылаған ата, Қоңыр ата, Ұзын ата және Әулие ата) есімімен байланыстырылып шығарылған аңыз. Бес әулие келіп, елдің игі жақсыларына батасын беріп, даналық сөздерін айтып кеткен тұс кейіннен тораңғылы тоғайға айналған екен. Қазіргі таңда сол тоғайдың жұрнағы болып бес тораңғыл қалған болса керек. Бір аңыз осылай десе, екінші аңыз Шәуілдір, яғни Шәміл-Дүрмен байланыс­тырады. Бұл аңызда тораңғы ағашының бұл маңға келуін судан тарыққан елге Арыс өзенінен арық қазған Шәмілдің есімімен байланыстырады. Алып денелі Шәмілдің тораңғыл ағашынан жасалған кетпен сабы арық қазып жатқанда сынып қалған екен. Саптың сынған бөлігін жерге шанши салған Шәміл арық қазуды әрі қарай жалғастыра беріпті. Арыс өзенінен қазылған арықтан нәр алған ағаш сабағынан бес түп тораңғы өсіп шыққан екен [1, Отырар энциклопедиясы // Алматы. «Арыс» баспасы.-2005.-131 б.].

Бестораңғыл әулие маңында ескі қорым орналасқан. Өткен ғасырдың 1960-65 жылдары осы арада мал қыстататын қыстау болған екен. Сол кезеңде ойын баласы болған ел ағаларының айтуын­ша, түнгі уақытта бейіттерден ақ түсті жарық көрінеді екен.

Бұдан өзге жекелеген кісі­лерге арнап салынған кесенелер мен мешіттер туралы да айта кеткеніміз жөн тәрізді. Балтакөл ауылының оңтүстік шығысында ауылға жақын орналасқан Икрам Ишан мешіті – бүгінгі күнде өңірдің көрнекті ескерткіштері қатарынан орын алған ХІХ ғасыр жәдігерінің бірі. Мешіт көлемі 27х13х6,5 см төртбұрышты қыш­тан тұрғызылған. Мешіт жанын­да кесектен тұрғызылған, бір­неше құжыралары, жартылай бұ­зыл­ған медресе қалдықтары бар. Балтакөл ауылының тұр­ғыны, Ы.Алтынсарин орта мекте­бінің мұражай жетекшісі, тарих­шы-өлкетанушы Батихан Алтаев­тың айтуынша, мешіттің бастап­қы орны Сырдария өзеніне жақын орналасқан екен. Көктем мау­сымында Сырдария өзені кемерінен аса тасып, мешіт пен осы маңайдағы елді мекендерді түгел су басып қалыпты. Тұрғын­дар осыдан кейін қоныс аударып, қазіргі Балтакөл ауылы орна­лас­қан жерге ірге тепкен көрінеді.

Сонымен бірге тарихта аты қалған Сопы Мұхаммед Даныш­пан мен ел аузында Қауған ата атымен белгілі Ибраһим шейх әл-Қауғани туралы айтуға болады.

Ел арасында Сопы Данышпан деген атпен танымал діни ғұламаның болғандығын біреу білсе, біреу білмейтіні шындық. Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелген Зернук (кейбір дерек­терде Весидж) қаласында туған Сопы Мұхаммед Да­ныш­пан Зернуки Ясауидің екі шә­кіртінің бірі болғанға ұқсайды. Аңыздарға сүйенсек, ол кісі 112 жыл өмір сүріп, үш мыңдай шә­кірт тәрбиелеген екен. Маза­ры Арыстанбаб кесенесінің оңтүс­тік-шығысынан 800 м жерде, Отырар қалажұртына баратын асфальт жолдың оң жағында орналасқан. Отырар қаласына кіретін негізгі оңтүстік-батыс қақпасы осы кісінің атымен аталады.

Ал жергілікті халық арасында Қауған ата атымен белгілі Ибраһим шейх әл-Қауғанидің нақты қашан туғаны, қашан қайтыс болғаны туралы дерек жоқ. Бізге жеткен дерек бо­йынша Ибраһим шейх өз заманында батыр, сері болған кісі екен. Сонымен бірге ислам дінін таратумен қатар, астрономия ғылымымен де айналысқан екен.

Ақылы мен даналығы тәр­биеге, аты аңызға айналып отыр­­ған мұндай тұлғаларымыз туралы деректерді әлі де кездес­тіруге болады. Ғылымы мен мә­дениеті қатар дамып, отыздан астам фарабилік ғұламаларды дүниеге әкелген Отырар өңірі­нен әлі күнге дейін таланты мен дарынының арқасында көпші­лікке танымал болып отырған ғұлама-ғалымдар шығатынына сенейік.

Сәбит ПӘРМЕНҚҰЛ,

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкері