Қазақстан • 12 Шілде, 2018

Жол-көлік оқиғасын азайтудағы шетел тәжірибесі

4072 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллион 240 мың адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама бала, жасөспірім бар. Көліктердің кесірінен қаза болғандар саны жөнінен кірісі төмен немесе кірісі орташа елдер алда тұр дейді статистика. Бұдан бөлек, жыл сайын миллиондаған адам жол апаты салдарынан жараланады. Егер жол-көлік оқиғаларын азайтпаса 2030 жылға қарай бұл адам өліміне себеп болатын жетінші көрсеткіш деңгейіне көтерілмек.

Жол-көлік оқиғасын азайтудағы шетел тәжірибесі

«Еуропалық деректерде» және 2015 жылғы «Әлемдегі жол қозғалысының қауіпсіздік жағдайы туралы» баяндамада 53 мемлекеттегі ахуал қарастырылған. Баяндамада ДДСҰ-ның еуропалық өңір­дегі жол-көлік оқиғасын азай­туға бағытталған жоба­лары сәтті жүзеге асқаны көр­сетілген. 2010 жылдан бері еуропалық аймақта жол-кө­лік оқиғасынан қаза табу фак­торлары 2013 жылмен са­лыстырғанда 8,1 процентке кеміген.

Қазақстанға келсек, жол-­көлік оқиғалары салдары­нан адамдардың мерт болу факторлары автокөліктер санының өсуімен бірге көбейіп барады. Қаза тапқандардың басым бөлігі жұмысқа қабілетті жастағылар. Республика ауруханаларына түскендердің 1/3 жол-көлік оқиғасынан жараланғандар. Республика жолдарында қаза тапқандар санының өскені сонша, Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болғандармен теңесуге жақын екенін айтады мамандар.

Жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астам адам жарақат алады екен. Қазақстанда жол апаты кезінде қаза табу қатері Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары деседі. Бұл туралы Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерде ай­тыл­ған.

Салыстыру үшін ілгері­ректегі деректі мы­сал­ға алсақ, 2013 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 3233 адам қаза тапқан. Яғни кү­ніне 9 адам жолда бақилық болды. Бұл өлім көр­сеткіші 100 мың тұрғынға 15,5-тен келеді деген сөз. Ал Швецияда осы мерзім ішінде 100 мың адамға 2,8 көр­сеткіші тән. 3233 қаза табу оқиғасының 61 проценті (1972 адам мерт болған) төрт дөңгелекті көліктердің ке­сірінен болған. 23 процентіне (744 адам) жаяу жүргінші кінәлі екен.

Жол-көлік оқиғасын қалай азайтуға болады? Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кеми­тінін айтады. Қалада рұқ­сат етілген максималды жыл­дамдықты 60 км/с-тан 50 км/с деңгейіне жеткізу ке­рек. Ал мектептер мен тұр­­ғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қа­жет. Алдыңғы орындықта қа­уіп­сіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 пайызға азай­татынын зерттеулер дә­лелдеген. Ал артқы орын­дықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 пайызға дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қа­уіп­сіздік құрылғылары ба­ла­лардың жол-көлік оқи­ғасынан қаза табуын 54-80 процент деңгейде болдырмайды. Жол көлік оқиғасының орын алуына негізі факторлар – жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақ­та­мауы, ішімдік ішіп жол­ға шығу және жаяу жүр­гін­шілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі.

Бас прокуратураның мәлі­метіне сүйенсек, респуб­лика бойынша жол-көлік оқи­­ға­ларының 30 пайызы Ал­­маты қаласында орын ала­­ты­ны анықталған. 2015 жылы Ал­матыда 3 565 жол-көлік оқи­ғасы тіркелген. Бұл рес­публика бойынша жоғар­ы көрсеткіш. Жол-көлік оқи­ғасы Солтүстік Қаз­ақ­станда (166) аз екен.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері өзгеріссіз қалу­да. Апатты жағдайға 90 пайыз жағдайда жүргі­зу­ші кінәлі екендігі анық­талған. Алдыңғы жылы жүр­гізушілердің кесірінен 11 174 апат орын алған. Олардың 386-сы ішімдік ішкен немесе есірткі шегіп көлікке отырған. Кеңес Үкіметі кезінде автобус, троллейбустардың жүр­гізушілері отыратын кабинасына «Жүргізушіге кедергі келтірмеңіз!» деген ескертпе жазу ілінуші еді. Ол уақытта қоғамдық көлік жүргізушілері бар назарын көлік айдауға аударатын.

Бүгінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік айдайтынын көріп жүрміз. Ал қоғамдық көлікке көбі­несе мектеп оқушылары мен зейнеткер қарттар міне­тіні белгілі. Осы орайда ше­тел­дік тәжірибеден үлгі тұ­тар мысалдар келтіруге ту­ра келеді.

Жапонияның Toyota Motor­­ корпорациясы KDDI теле­ком­муникациялық ком­­­па­ниясымен бірігіп, сон­­дай-ақ Komeda кафелер желі­сінің қолдауымен Driving Barista деген құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы жүргізушілерді көлікті айдау кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді. Жаңа мобильді қосымшаны кез-келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көліке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек.

Смартфон төңкеріліп жат­қан кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, Komeda кафесінен тегін кофе ішу мүм­кіндігіне ие болады. Бұ­дан кейін жүргізушіге әр­бір 200 шақырым үшін осы кафеден тегін кофе ішуге арналған купон беріледі. Ал жүргізуші көлік ішінде байқаусызда смартфонына қол созса, жинаған ұпайлары күйіп кетеді екен. Аталмыш жоба Жа­пониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге аса бастады.

Жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында­ тұрған Ұлыбритания жол­­да мерт болғандардың са­ны жөнінен ең төменгі көр­сеткішке ие. 100 мың тұр­ғынға 5,4 деңгейде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік айдап отырып темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды. Ақ­парат құралдарынан бел­гілі болғандай, Солтүстік Уэльс­те автокөлік айдап бара жатып, макарон жегені үшін гол­ландиялық жүргізуші сегіз аптаға қамалды. Жүргі­зушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тік­ұшағы байқап қалған.

АҚШ-та да жол-көлік оқи­ғалары азаюда. Бұл мем­лекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік айдауға тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып отырып ұрсысқан жүргізушілер туралы ақпарат­ты полицияға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.

Иә, жол-көлік оқиға­ла­рының алдын алу тек құ­зыр­лы органдардың жұмысы емес. Бұл бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс. Әсіресе оқушылар көшеден бағдаршамның жасыл түсі жанғанның өзінде келе жатқан көлік тоқтады ма, жақсылап қарап алып, өткені жөн. Өйткені соңғы кезде қала ішінде байқайтынымыз, кейбір автокөлік иелері жасыл жанса да бірден тоқтамай, жылдамдығын тежей алмай, жолақтан асып барып тоқтап жатады. Оқушылар кеш­құрым жалғыз өзі көшеге шықпағаны жөн. Өйткені бұл жұрттың жұмыстан қайтып, көшеге автокөліктер лық толатын мезгіл екені айт­паса да түсінікті. Кей­бір жүргізу­шілердің жан-жағы­на қарамай бастырмалата жүретіні, кей адамдардың көлікті рұқсат етілмеген тротуарларға, мектеп, ба­лабақша ауласына өте жа­қын қоятыны жасырын емес. Жалпы ауыл болсын, қала болсын, ересектердің бар­лығы жаппай автокөлік тізгіндеген заман болған соң, жаяу жүргіншілер көшенің қай бөлігінде болсын мұқият болғаны абзал. «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөзді атам қазақ бекер айтпаған.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы