Әлем • 12 Шілде, 2018

Ұлттық музей мен Шэньси Тарих музейі бірлесіп көрме өткізді

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Ұлттық музейі мен Шэньси Тарих музейі (ҚХР, Сиань қ.) «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме  жобасын жүзеге асыру аясында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты бірегей көрмені ашты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі.

Ұлттық музей мен Шэньси Тарих музейі бірлесіп көрме өткізді

Көрменің негізгі мақсаты – шетелдік аудиторияны Еуразия Ұлы дала белдеуінің мәдени мұраларымен таныстыру.

«Алтын адам» түсінігі тарих ғылымында атақты археолог ғалым, қазақстандық археологияның негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышевтің арқасында пайда болды. Толықтай алтынан киім киген сақ жауынгері – бірінші «Алтын адам» табылған Қазақстанның оңтүстігіндегі Есік қорғанында зерттеу жүргізген міне осы кісі болатын. Баға жетпес қазына ғасыр жаңалығы ретінде танылып, шартты түрде «Алтын адам» деп аталды. 

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев: «Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Қазақстанның ең бағалы тарихи экспонаты болып табылатын сақ дәуіріндегі Алтын адамды әкеліп отыр. Бүгінгі күнде Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басуындағы бағдар ретінде қабылданған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберіндегі мың жылдық тарихымыздағы төл мәдениетіміз әлем құрлықтарына жол тартты. Бүгінгі Ұлы дала көрмесі Қазақстанның елордасы Астананың 20 жылдығына және «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қазақстан мен Қытай тарихи көршілес елдер болып Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға бірігіп атсалысып келеді. 2013 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Астана қаласында тұңғыш рет Жібек жолының экономикалық белдеуін құру туралы бастаманы жария етуі екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестіктің биік деңгейін дәлелдейді. «Алтын адам» экспонаты қытай жеріне екінші мәрте келіп отырғанын атап өткен жөн. 2013 жылы Бейжің қаласындағы Қытай Ұлттық музейіне қойылып, өте жоғары бағаға ие болған. Осы үрдіс жалғасын тауып отырғаны қуантады. Көрмеге ұсынылған көптеген тарихи деректер арқылы Ұлы даланың ерекшеліктері мен оның рухын сезініп, құнды дүниелерімен танысып, қазақ елінің төл тарихынан тиісті ақпарат аласыздар деп ойлаймын», - деді.

Экспозицияланатын коллекция тізімінде XV ғасырдың (Оңтүстік Қазақстанның Сайрам қалашығы) басына тән деп белгіленген зергерлік өнердің бірегей туындылары, сол сияқты Орталық Қазақстандағы Талды–ІІ қорғанынан табылған жәдігерлер де (ж.с.д. VII ғ. ортасы және 2-жартысы) бар.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин: «Көрменің басты экспонаттары  - «Алтын адам» мен «Тақсай алтын ханшайымы». Бірден атап өту керек, Қазақстан мен Қытай өзара стратегиялық әріптес болып табылады. Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынас өзара бірлестіктің үлгісіндей танылып отыр. Біздің мәдени жобамыз халықаралық аса ірі шара екені белгілі. Бұл көрме жобасы осы күнге дейін Белоруссия, Ресей және Әзербайжан музейлерінде болып келді. Әрі қарай осы жылдың аяғына дейін Польша және Оңтүстік Кореяда өткізу жоспарланған. Халықтарды жақындастыруда, олардың арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда мәдениет үлкен рөл атқарады», - деді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорларынан ұсынылған алтын заттардың аз ғана бөлігі - Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін шеберлер туындылары зергерлік өнер дәстүрінің үздіксіздігін тағы да бір рет дәлелдейді.