Аймақтар • 12 Шілде, 2018

Ақтөбеде табиғатқа кері экологиялық әсерін тигізбейтін полиэтилен қалташалар шығарыла бастады

570 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде дүкендер мен супермаркеттерден азық-түлік тауарларын сатып алуға келген кез-келген адам оны сол жерден полиэтилен қалташаларға салып алып шығады. 

Ақтөбеде табиғатқа кері экологиялық әсерін тигізбейтін полиэтилен қалташалар шығарыла бастады

Содан соң көп кешікпей оның бәрі қоқыс салатын контейнерлерге лақтырылады. Эколог мамандар мен сарапшылар көп жағдайларда қолданылатын мұндай полиэтилен қалташалардың шіріп, топыраққа сіңу үдерісі тым ұзақ уақытқа созылатынын мәлімдеп отыр. Бұл өз кезегінде табиғат пен қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан да Ақтөбе аймағында осындай зиянды қалдықтарды болдырмау үшін табиғатқа кері экологиялық әсерін тигізбейтін полиэтилен қалташалар шығарыла бастады. Оның құрамына арнайы заттар қосылған. Соның арқасында олар әрі кеткенде 1 жылдың ішінде толықтай ыдырап кетеді екен. Өркенді өндірісті қолға алған «Поливест» ЖШС жылына 1200 тонна зиянсыз өнім шығаруды көздеп отыр. Атап айтқанда бұлар негізінен полиэтилен қалташалар болып табылады. 

Жоғарыда айтылғандай экологиялық тұрғыдан тиімді өнім шығарылатын цехқа өткен жылы «Ақтөбе» индустриялық аймағынан инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған жер бөлініпті. Бұған дейін «Поливест» ЖШС өздеріне қажетті ғимаратты жалға алып келіпті. Оларға индустриялық аймақтан бөлінген жердің көлемі 1 гектар құрайды. Осы жерде жалпы ауданы 3000 шаршы метр тұратын ғимарат тұрғызылған. Қазіргі күні кәсіпорында 60 адам еңбек етіп жүр. Өндірістік құрылым қазіргі күнге өте қажетті жобаны іске асыру үшін 500 миллион теңге қаражат жұмсаған. Бұл жөнінде газет тілшісіне «Поливест» ЖШС-ның директоры Бауыржан Жүсіпов айтып берді.

Полиэтилен қалташалардан тұратын кәсіпорын өнімдері қазіргі күні үлкен сұранысқа ие бола бастағаны да атап айтуға тұрарлық мәселе. Өтімді өнімдерге бірінші кезектер Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Орал қалаларынан сұраныстар түсіпті.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар